Жаңалықтар

Жағдайға дұрыс баға берілмеген - Роман Скляр

Жағдайға дұрыс баға берілмеген - Роман Скляр
Фото: El.kz 13.06.2023 12:01 680

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Үкіметтің кулуарында Абай облысындағы өртке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өртті сөндіруге табиғи факторлар әсер етіп жатыр. Яғни жел жоғары жақтан күшейген. Өрт өршіген уақытта желдің екпіні 25 м/с, ауа температурасы 30 градусты көрсетіп тұрған. Дегенмен 14 тікұшақ өртті сөндіруге жұмылдырылды. 1500 адам мен 300 техника жұмыс істеп жатыр. Жақын арада өрт ошақтары сөндіріледі деп ойлаймыз. Қазіргі таңда өңірде жел бәсеңдеді. Бұған дейін жауапты органдар өрттің аумағы мен жағдайды дұрыс бағаламаған. Өрт жылдам тараған соң, осындай жағдай болды. Қаза тапқандарға келетін болсақ, әрине, бұл өте қайғылы жағдай. Прокуратура тергеу жүргізіп жатыр. Кінәлілер толық жауап береді, - деді Роман Скляр.

Сонымен қатар премьер-министрдің бірінші орынбасары Үкімет отырысында қайғылы жағдайдың алдын алуға қатысты нақты тетіктер әзірлеу керегін айтты.

Ол барлық мемлекеттік органдардың міндетін айқындауы керек. Қорғаныс министрлігі мен ТЖМ, орман шаруашылығының барлық күштері тартылды. Бірақ мұндай жағдайда жылдам әрекет ету керегін айқындады. Біз өртті бірден сөндіруге болатын сәтті жіберіп алдық. 22 мамырда осы орманда 5 мың гектарда өрт болды. Оны жедел түрде өшірді. Ал бұл жолы жағдайды дұрыс бағаламаған. Техника бойынша соңғы жылдары жағдай күрделі болып отыр. Біз техниканың орнын толтыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Экология министрлігінің дайындығы 59 пайызға бағаланды, - деді премьер-министрдің бірінші орынбасары.

Роман Скляр қаза тапқан орманшылардың өрт ошағына туфлимен кеткеніне қатысты пікір айтты.

Бұл бойынша қылмыстық іс аясында тексеріледі. Рация, арнайы киімдерінің болмауы тексеріледі. Қостанай облысындағы өрттен сабақ алмадық деп айта алмаймыз. Материалдық-техникалық базадағы жұмысты күшейттік. Өрт желдің әсерінен бірден өршіп кетті. «Ғарыш сапары» штаттық режимде жұмыс істеді. Бұл жағдай ТЖМ-де айтылды. Өрттің басталғаны туралы орман шаруашылығы да білді. Қайталап айтамын, жағдайды дұрыс бағаламаған. Өрттің ауқымы бағаланбады, - деді Скляр.

Айта кетейік, Абай облысындағы алапат өрттің салдарынан 14 орманшы қаза тапты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға