«Жаңғыру жолы» өңірлік штабы Түпқараған ауданында
МО әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-сі «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы өңірлік штабының құрамы ағымдағы жылдың 23 мамырында Түпқараған ауданына жұмыс сапарымен барды. Түпқараған ауданының «Ішкі саясат және тілдерді дамыту» бөлімі, аудандық жастар ресурстық орталығы және «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен өткен имидждік кездесуге ауданның рухты жастары белсене қатысты.
Форт-Шевченко қаласының әкімі Мұратбек Досжанов, «Нұр Отан» партиясының Түпқараған аудандық филиалының бірінші орынбасары Демеген Садықов, Түпқараған аудандық азаматтық бастама қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлсім Рамашова, Аналар кеңесінің төрайымы Қойсын Шәулекенова, Түпқараған аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Гүлшат Бөлтенова сөз алып, өңірлік жастар штабының мән-маңыздылығына тоқталды.
ҚХА құрылымдарымен жұмыс жүргізу бөлімінің сарапшысы, «Жаңғыру жолы» жастар штабының жетекшісі Айбын Құралбаев, ҚХА құрылымдарымен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Самира Абдуллаева жастардың ел өміріндегі атқарар рөлін айта кетіп, «Жаңғыру жолы» өңірлік штабының жастар үшін өз болашағын қалыптастыруда зор мүмкіндік болатынын тілге тиек етті. Елбасымыздың тапсырмасын қолдап келген жатсар өз ойларын ортаға салып, пікірлерін ашып айтты. Кездесу барысында орыс, осетин және неміс этномәдени орталықтарының өкілдері де ойларын ортаға салып, тату тәтті елде тұрып жатқандықтарын зор мақтанышпен айтты. Орыс этномәдени бірлестігінің мүшесі және әншісі Галина Погорелова күміс көмейімен қонақтарға ән-жырдан шашу шашты.
«Мен еліміздің көп ұлтты ел екендігін мақтан етемін, туымыз көкте желбіреп, ән ұранымыз шырқалуда, бейбіт заманда ғұмыр кешіп келеміз. Мұның барлығы Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың сара саясаты. Ұлт Көшбасшысының жастардың өңірлік штабын құру керек деген тапсырмасын қолдаймын», — деді Түпқараған аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Гүлшат Бөлтенова.
Аудандық «Мәдениет, спорт және дене шынықтыру» бөлімінің басшысы Шолпан Нұрғалиева, орталық кітапхананың директоры Алтын Таңатарова, аудандық білім бөлімінің бас маманы Жадыра Досмағанбетова, «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наурызбек Бағдатов атсалысқан шара 60-тан астам аудан жастарының бір кезде ұйысуына түрткі болып, жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырды.
Кездесу аяқталған соң, штаб мүшелері аудандағы этнографиялық мұражаймен, Т.Г. Шевченко мемориалды кешенімен және қала тарихымен танысып қайтты.