Жаңалықтар

Қазақ анимациясына 50 жыл

Режиссер-аниматор Жәнібек Нұрбекұлымен сұхбат 
Қазақ анимациясына 50 жыл
30.03.2017 12:39 13720

Қазақ анимациясы дегенде ойға Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі оралары сөзсіз. 1967 жылы жарық көрген қазақ мультипликация өнерінің тұсаукесер туындысынан кейін де дүниеге келген Қайдаровтың «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Қожанасыр – құрылысшы» сияқты мультфильмдері ұлттық анимацияны әлемге танытқан болатын.

Осы леппен жарық көрген режиссер-суретшілер Ж.Даненов пен Ұ.Қыстауовтың «Алпамыс батыр», «Айдаһар аралы», Е.Әбдірахмановтың «Тапқыштар», «Бозторғай», Б.Омаровтың «Үш шебер», «Қаңбақ шал», Т.Мұқанованың «Жібек шашақ», «Қайшы», Қ.Сейденовтың «Тігінші мен ай», «Қадырдың бақыты» сияқты шығармалары да қазақ мультипликациясы тарихында жоғары бағаланады. Ендеше, 50 жылдық тарихты еңсерген қазақ анимациясының бүгінгі күйі қандай? Технология дамыған заманда мультфильмді ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүріміз бен тарихымызды ұрпақ санасына құятын құрал ретінде пайдалануға не кедергі?

ҚР Суретшілер одағының мүшесі, «Шабыт» халықаралық жастар фестивалінің лауреаты, «Astana Film» жастар киностудиясының директоры, режиссер-аниматор Жәнібек Нұрбекұлы «Қазақфильм» сияқты мемлекет өз қамқорлығына алған қазақ мультипликаторларының басын қосатын анимациялық өндірістік базаның жоқтығы ұлттық анимацияны идеологиялық құрал ретінде пайдалануға тұсау болып отырғанын айтады.

Мектеп бітірген соң Жәнібектің Алматыға арман арқалап келуіне бала кезінен қызығып көретін жапон мультфильмдері себеп болған көрінеді. Алайда, жас талапкер Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында «Қазақ анимациясының атасы» Әмен Қайдаровтың бастамасымен ашылған анимация режисурасы деген мамандықтың барын басында білмепті. Алғаш 1993 жылы ашылған мамандық араға үзіліс салып 2002 жылдан бастап қана түлектерін тұрақты түлетіп келеді. Өнер ордасының 2004 жылы көктемдегі қабылдауына кездейсоқ тап болған өнерлі жігіт шығармашылық емтиханға қатысады. 2-сыныптан бастап сурет сызуға жанын салған Жәнібек бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, анимация режисурасы мамандығына грантқа қабылданады.

«Қыр-сыры мол мамандық суретшілікті көбірек қажет ететінін оқуға түскен соң ғана білдім. Армандаған мамандығымды адаспай тапқаныма қуандым. Бұдан сырт аниматор салған суретті қимылдату үшін физикалық динамикалық заңдылықты білуі шарт. Мысалы, адам орнынан тұру үшін ең алдымен еңкейеді. Оны көбіміз байқамаймыз. Сонымен қатар, салынған сызбаның түсі де басты назарда болады. Онсыз сапалы туынды өмірге келмейді»,- дейді  Ж.Нұрбекұлы.

Мультипликатордың тұңғыш туындысы «Үзілген жапырақ» деп аталыпты. 2009 жылы түсірілген мультфильм Тұңғыш Президент қорының сертификатын жеңіп алады. Тұманбай Молдағалиевтың «Құстар қайтып барады» өлеңі негізінде қоршаған ортаны қорғау тақырыбында жарық көрген бұл еңбек шәкірттің бес жылдық білімін қорытындылаған дипломдық жұмысы болатын. Жәнібек бұдан бұрын «Ана» атты анимациялық сценарий жазғанын және оның ұстаздары тарапынан жоғары бағаланғанын айтады.

Елімізде анимация саласын арнайы оқыған мамандар көбінесе күнкөрістің қамы үшін жарнама агенттіктеріне, газет-журналдарға және телеарналарға дизайнер болып кетіп қалатын көрінеді. Өйткені, аниматор болу табандылықты талап етумен қатар қыруар қаржыны да қажет етеді екен. Бірақ, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының анимация режисурасы мамандығын 2009 жылы тауысқан жеті жігіт өз салаларын тастап бет-бетімен кетуді құп көрмейді. Жәнібек Нұрбекұлы мен Адай Әбілдинов бастаған азаматтар ең алдымен ұстаздары Әмен Қайдаровтан бата алады да, Астанаға жол тартады. Сөйтіп, сол жылы олар елордада қазақ анимациясын дамытуды мақсат еткен «Astana Film» жастар киностудиясын құрады.

«Студия құрғанымызбен алғашында жұмыс бастау өте қиын болды. Телеарналарға барсақ оларға 60-70 сериалы немесе  толықметражды 60-80  минуттық мультфильмдер керек. Оған қыруар қаржы мен уақыт қажет екенін ешкім түсінбейді. Тек «Қазақфильм» үлкен қолдау көрсетті. Сөйтіп, 2010 жылы «Аңшы» атты 15 минуттық мультфильм жасап мүмкіндігімізді көрсеттік. Осылайша 2011 жылы «Оттан жаралғандарды» түсірдік. 2013 жылы «Жерұйық» анимациялық фильмін және «Балапан» телеарнасының тапсырысымен 60 сериалы «Ертегілер елінде» деген видеорядты жасасақ, келесі жылында «Тағдыр» және «Кілем үстіндегі қала» туындыларын дүниеге әкелдік»,-дейді студия басшысы.

Талантты режиссер-аниматор мультфильмдерден бөлек деректі фильмдерді де дүниеге әкеліпті.  Оның белгілі қоғам қайраткері Сәдібек Түгелмен бірге 2011 жылы түсірген «Қазанат» деректі фильмі көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді.  «Есіңізде болса, 2008 жылы қазақ тұлпарына жайлы жазылған «Қазанат» атты кітап-энциклопедия жарық көрді. Суретші ретінде кітапқа қатты қызықтым. Астанаға келген соң осы еңбектің авторларының бірі, жазушы Сәдібек Түгелмен таныстым. Кейіннен осы кітап негізінде «Қазанат» фильмінің сценариін жаздық. Фильм 2011 жылы сәтті түсірілді»,-дейді көркем туынды авторы.

Анимациялық фильм жасау үшін уақыт пен қаржының көп жұмсалатынын жоғарыда айттық. 10 минуттық мультфильмге ұжым болып кіріскеннің өзінде кем дегенде алты ай уақыт кететінін кез келген кісі біле бермесе керек. Яғни, салған суреттерден құрастырылатын анимациялық өнімнің тек 1 секундына 24 сызба қажет екен. Ол деген сөз бір кейіпкер қолын үстелден алып жағын таянуына 3 секунд уақыт жұмсайды десек, сол аралықтағы қимыл үшін 72 сурет салынуы керек болады дегендік.

Балалар неге қазақ мультфльимдерін аз көреді деген сауалға кейіпкеріміз өнімнің аздығы себеп болып отырғандығын айтты. «Бұрындары бұл салада мамандар жетіспейтін. Қазір кәсіби аниматорлар көп. Соған қарамастан анимациялық өнім әлі де сұранысты қанағаттандыра алмайды. Тағы да айтамын, мультипликациялық үдеріс көп уақыт пен қыруар қаржыны талап етеді. Бала тәрбиесін дұрыс жолға қоямыз, ұлттық идеологияны жеткіншек санасына құямыз десек ұлттық анимацияны дамытуды мемлекет өзі қолға алуы керек. Жасырары жоқ, еліміздегі бірден-бір балалар арнасы болған «Балапанның» өзі аз қаржыға көп еңбекті талап етеді. Сөйтіп, сапасыз дүниелер барлыққа келеді. Оған бала қайдан қызықсын? Сурет салғанның барлығы аниматор, қозғалған сызбаның барлығы анимация емес. Біздегі жағдай мынадай: телеарналардан анимациялық фильмге тапсырыс түседі.Тендерді бұл салаға қатысы жоқ мамандар ұтып алады. Олар сол мардымсыз ақшаға архитектор, дизайнерлерді тартады. Үлгермей бара жатса Қырғызстанға немесе Қытайға барып арзан өнім жасатып алып келеді. Өте ұят іс. Бұл деген  бала тәрбиесінің, осы өнердің тамырына балта шабумен бірдей. Әрбір мультфильм нағыз мамандардың алдынан өтуі тиіс. Сосын мультфиьмдерде қазақылықты көрсетеміз деп кейіпкерлердің өн-бойына ою-өрнекті баттастыра беру де дұрыс емес. Бала санасына ұлттық сананы сіңіру үшін қазақтың тамақтану әдебін, дастархан басындағы сыйластық сияқты қарапайым қазақы қарым-қатынасты көрсетуге болады. Қазақ ертегілері тұнып тұрған қазына. Мамандар толығып, техника дамыған бүгінгі күнге жеткенде қазақ мультипликаторлары сол рухани байлықты ұрпақ кәдесіне жаратады деп сенемін»,-дейді ол.

Қазақстанда аниматорлар үш оқу орнында дайындалады. Олардың бірі өнердің қара шаңырағы болған Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы болса, екіншісі Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті. Үшіншісі – Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және дизайн колледжі. Елордадағы анимация режисурасы мамандығының ашылуына мұрындық болған және сонда қазірге дейін ұстаздық етіп келе жатқан Жәнібек Нұрбекұлы жастардың талпынысын жоғары бағалады.

«Алғашқы жылдары мамандар тек Алматыда дайындалатын еді. 2012 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінде магистратураны аяқтаған соң, досым Адай Әбілдинов екеуіміз осы оқу орнында анимациялық кино режисурасы мамандығын ашуға өтініш жасадық. Ректор Айман Мұсақожаева мен сол кездегі кафедра меңгерушісі Болат Омаровтың қолдауымен алғашқы талапкерлерді де қабылдаған болатынбыз. Міне, бес жыл өтті. Биыл алғашқы түлектеріміз дипломдарын алады. Қазір сол 5-курстың диплом жұмыстарының жетекшісімін. Студенттеріміз өте талантты. Өзіндік қолтаңбалары бар. Өткен жылы 3-4 курстағы студенттерімнің жасаған «Көксерек» мультфильмі Алматыда тұңғыш рет өткен «Қарлығаш» республикалық анимациялық кино фестивалінде «Үздік студенттік анимациялық фильм» аталымын жеңіп алды. Сұлтан Қыдырбаев деген студентім «Таң атты» деген мультфильмімен Белоруссияда өткен халықаралық анимациялық фильмдердің «Анимаевка» атты байқауына қатысты. Биыл 5-курс студенті Раушан Ертай ҚР Тұңғыш Президенті қорының стипендия иегерлері атанды»,-дейді Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы.

Қазақстанда мультипликациялық кино жасайтын 10-нан аса студия бар екен. Жәнібек Нұрбекұлы Шымкенттегі «Сақ», Алматыдағы «Гүршік», «Asia Animation» студияларының қиындыққа қарамастан өте жақсы жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

«Биыл қазақ анимациясына 50 жыл толып отыр. Бұл туралы еш жерде айтылып не жазылып жатқан жоқ. Бірақ, бір қуантарлығы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында «Тастүлек» және «Күлтегін» атты  екі бірдей толықметражды мультфилм жасалуда. Бұл анимация саласы үшін үлкен қолдау. Астана қаласының әкімдігі қолдау көрсетсе атаулы күнге орай таңдаулы қазақ мультфильмдерін қаламыздағы мектептерді аралап жүріп қойсақ деген жоспарым бар. Астана күнінде алаңдарда тігілетін киіз үйлердің бірін анимацияға арнап, мерекеге жиналған балаларға анимациялық фильмдерімізді ұсынып, комикс фестивалін өткізсек деген де ойымыз бар. Бұған құзырлы органдар қолдау көрсетеді деген үміттемін»,-деп жоспарларымен бөлісті.

Қазақ анимация өнерін халықаралық деңгейге көтеру үшін Қытаймен бірлескен жобалардың да жүріп жатқанын айтқан Ж.Нұрбекұлы: «Қытайдағы қазақ анимациясы да жақсы дамып келе жатыр.  Ондағы әріптестеріміз бала Абайдың анимациялық образын 3D форматында жасауда. Бұл халықаралық жобаға Қасиет Сақиолла деген студентім сценарист, қоюшы-суретші, қоюшы-режиссер болып атсалысты.  Бірінші сериасы сәтті жасалды. Оған осы университетте көрсетілген кезінде куә болдық»,-дейді.  

Студент кезінен суретшілік пен аниматорлық өнерді қатар алып келе жатқан кейіпкеріміз су бояу жанрын жанына жақын көреді екен. 100-ден аса туындының авторы қазірге дейін бірнеше рет сурет көрмесін өткізіпті. Бейнелеу өнерінің бесаспап шебері өткен жылы осы сала бойынша «Шабыт» халықаралық жастар фестивалінің лауреаты атанса, «Сібе көлі» атты картинасымен 2014 жылы Астанада өткен республикалық суретшілер байқауында «Ең үздік 16 суретші, 16 өнер туындысы» қатарына енді. Оның туындылары ҚР Бейнелеу өнерін қолдау қорында, ҚР Тұңғыш Президенті қорында сақталса,  бірсыпыра еңбегі Тәуелсіздік сарайына қойылыпты. Академик Ермек Асылханов бір сөзінде акварель кескіндемесінің өте қиын жанр екендігін, ол ерекше шеберлікті және ешқашан да қателеспеуді талап ететіндігін айтып Жәнібекті сол талаптың үдесінен шыға білген суретші деп бағалаған еді. Тың туындыларды тынбай өмірге әкелуден жалықпаған Жәнібек алдағы уақытта тағы да сурет көрмесін өткізуді назардан тыс қалдырмайтынын айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға