Жаңалықтар

Ж. Қорғасбектің сараптама мақалалары

Журналистің «Құмсағат» колонкасын жүргізуі
Ж. Қорғасбектің сараптама мақалалары
21.09.2017 17:49 5628

1996-1997 жылдар публицист Жүсіпбек Қорғасбек үшін өте табысты жылдар болды. «Қазақ әдебиеті» газетінде «Апта аралығындағы ойлар» айдарымен апта сайын Жүсіпбек Қорғасбектің публицистикалық мақалалары шығып тұрды. Материалдарының көпшілігін ол қазақтың рухани, мәдени өміріне, экономикалық жағдайына арнаған болатын. «Рухтану үшін де рухани күш керек»  кезекті мақаласында ел астанасының Ақмолаға көшетінін, тәуелсіз атанған ел алты жылда экономикамыз тұрақталып, 2030 жылға дейін стратегиялық жоспар жасап, «Орта Азия барысына» айналамыз деген мақсат қойғанымызды қуанышпен хабарлады. «Орта Азия барысы боламыз» деген сөз мұнай, алтын, мыс пен жез, астық өнімдері секілді еліміздің орасан зор байлығына сүйеніп айтылып отыр. Ол мақсаттың қуат-күші Ақмолада болғанымен, рухани күші Алматыда, халықтың көзін ашып, санасын оятудың бастау көзі – рухани күш-қуатында. Ендігі кезекте Алматыда шоғырланған мәдени, рухани, ғылыми күштерді, оқу ордаларын ыдыратып алмау керек», деген.

«Жұмыссыздық пен рухсыздық» мақаласында кешегі коллективтендіру мен бүгінгі жекешелендірудің азабы мойынға түсіп, әлі оңала алмай келе жатқанымызды сынады. Кешегі аштықта өзегі талып, көзі қарайғандар бір-бірінің етін жеуге дейін барды, бүгінгі жұмыссыздар тауық ұрлаудан бастап, тонау, кісі өлтіруге дейін барды. Мал шаруашылығымен айналыса отырып, тері өңдеуді толық игере алмай келеміз. Шетелден өндіріс құралдарын әкеп, әупірімдеп ашқан тері өңдеу орындары ұзаққа бармай жабылып қалды.  Не қолдан  келетін кәсіп жоқ, не қопарып істеп тастайтын жұмыс жоқ, не құлық жоқ көп азамат біреудің өзіне қожайын боп келгенін күтіп, қол қусырып отыр. Рухсыздық жұмыссыздықтан туады. Жұмыссыз адам бейшара міскін, қара тобыр.  Жанын бағып, нанын тауып жей алмай отырғанда сенің рухыңды қайтсін, оған тәуелсіздік туралы айтып тіптен абырой таппайсыз. Ұлттық қауіпсіздік пен тәуелсіздікті нығайту үшін рухтың маңызы зор деп ойлайды.

Жүсіпбек Қорғасбек 1999 жылдан бастап, бас редактор болғанша бір жылға жуық «Құмсағат» колонкасын жүргізді. Колонка – қазақ журналистикасының қайта құру кезеңінде кең таралған жанр түрі. Баспасөзде ол сараптаманы берудің бір түрі болып есептеледі. Газет бетіндегі колонканы жеңіл табуға болады, үнемі бір бетте және сол орында шығып тұрады, тұрақты көлемі екі жүз жолды құрайды. Жанрлық жағынан колонка эссе ерекшеліктерін ұстанады, яғни журналист тек өз пікірімен, өз көзқарасымен жазуға құқылы. Колумнист фельетон элементтерін қолданып, ирониялық, сыни мақалалар жаза алады. Әдетте колонканы беделді журналистер, саясаткер, экономист, мәдениеттанушылар жүргізеді [25].  «Құмсағат» халықтың мұңын айтып, көңілінен шыққан айдар болды,  «Құмсағатқа» телефон соғып, хат жазушылар көбейген. Өкінішке орай, Жүсіпбек Қорғасбек «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы атанып, «Құмсағат» айдары аяқсыз қалды.

«Құмсағат – өтіп жатқан уақыт, болып жатқан уақиға, оған біздің көзқарасымыз, ұстанған қағидамыз, қағытсақ − өкпелемеңіздер» деп түсініктеме берілген. Мұнда оқырманды қызықтыру үшін қоғамдық-саяси жаңалықтарды бейресми форматта береді. Қожа Ахмет Иассауи кесенесін түріктердің жөндеуден өткізгенін жазып, «Әмір Темір салдырған кесенені Ілдірімнің ұрпағы қиратып тынбаса жарады»,  деп арзанқол құрылыс материалдарымен жөндеп жатқанын, дымқылдан сақтайтын қамыстарды алып тастап, орнына бетон құйғанын сынап, ғалымдарымыз не айтады екен деген болатын. Кезінде Әмір Темірден жеңілген Ілдірімнің ұрпақтары бүгін кесене жөндеп жатыр, түріктер бізге жат емес, тек ғасырлар бойы сақталған мұраны қиратып алмаса екен деп жазды. Көп ұзамай Түркияның Қазақстандағы елшілігінен редакцияға хат келген, «тек түрік зиялы қауымының өкілдері ғана емес, қарапайым азаматтардың арасында да абыржу туғызды» деп жазыпты. Түркияның «Ақшам» газеті сол хабарды  «Қазақтар Иассауи кесенесінен үрейленуде» деген атпен аударып басқан. Дәл осы хабар туралы «Қазақ әдебиетіне» Алаеттин Коркмаз, А.Жанқұлиевтердің шағым хаты жарияланды. Ж.Қорғасбек оларға «Шамданып-шамырқанбайық, жалған намыс қой оның бәрі» деп жауап қайтарды.

Кейінірек, бір жылдан кейін «Құмсағатта» Ж.Қорғасбектің «Абылай ханды көрдің бе, Шоң бидің жайын білдің бе?» мақаласы жарияланды. Қазақстанның Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Алтынбек Сәрсенбаев пен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Қалық Абдуллаев, Түркістандағы қазақ-түрік университетінің ректоры Мұрат Жұрынов және бір топ зиялы қауым Иассауи кесенесін аралап көрген. Жеті-сегіз жылдан бері көмусіз жатқан үш жүзден аса сүйек, қазақтың кіл жақсыларының сүйегі мидай араласып сексен төрт жәшікте үйіліп жатқан. Кейбір жәшікте оншақты адамның сүйегі бар. Сүйектерді тазалап, мүмкіндігінше ретке келтіріп, дін өкілдерінің қатысуымен аққа орап кесене ішіне қайта қоятын болып тарқасқан, бұдан басқа жол да жоқ еді. Ж.Қорғасбектің болжауы дәл келіп, қамыстың орнына құйған бетондардан зәктің иісі шыға бастаған, кесененің құрылысы да минситрдің көңілінен шықпаған.

Пушкиннің 200 жылдығына орай, Алматы қаласында Пушкинге арнап мұражай ашылып, мен ескерткіш қойылатынына да сын көзбен қарады. Пушкиннің табаны тиген Оралға қойылса жарасады, Алматыда емес деп өзінің көзқарасын білдірді. Алматыдағы Әліби Жангелдин мен Ораз Жандосовтың ескерткіштеріндегі «Джангельдин», «Джандосов» деген жазулар арқылы ұлттық намысымыз тапталды деп жазды. ХХ ғасырдың аяғында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тым белсенді жүргізіліп, көптеген лауазымды адамдар қызметтен қуыла бастады. Сол кезде Ж.Қорғасбек «Шабақ ұсталды, шортан қайда, дейтін едік, қазір шортан ұсталды, киттер ұсталған жоқ» деп өз көзқарасын білдірді. Тағы бір жазбасында әкімдердің белсенді болуын талап етіп, «Әкімдердің атын ұмытып қалмайық» деп ақпараттың ағыны қатты екенін, айтары бар адамдардың ғана ілесе алатынын айтып, жым-жырт жатқан әкімдерге іздеу салады.  

Жүсіпбек Қорғасбек публицистикасында «Қалға» деген саяси мақаласының да шоқтығы биік. Мұнда Ж.Қорғасбек «Қазақстанда қалға бар ма?» деген тақырыпты көтереді. М.Мағауиннің «Аласапыран» тарихи романында Тәуекел хан қазақтың қасқа-жайсаң атаулысын Қаратау терістігіндегі Созақ қаласына құрылтайға жинайтын тұсы бар. Сонда хан Тәуекел: «Өзекті жанға өлім бар – хандарың тура келген ажал оғынан қаза тапса, көлденең жабысқан кеселден көз жұмса, елге кім иелік етеді? Күні кеше Хақ-Назар хан шейіт болғанда қырық тарапқа тарттыңдар, ақыры немен тынды? Басыңа сол зобалаң қайта тумасын ойла. Ата салтында алтын тақ – ағадан ініге мұра. Батыр інілерімнің, білікті бауырларымның бірін қалаңдар, қалаңдар да қалға сайлаңдар!» - дейді. «Әуелі қалғамен теңес, хандыққа содан соң таласасың» деген сөз де осы «Аласапыран» романында кездеседі. Қалға болуға ұмтылмаса да, қалға атына лайық болған, Тәуекел ханның қалғасы Ораз-Мұхаммед құсап халқына пайдасы тиер кезде қан құшқан Алтынбек Сәрсенбайұлы жайлы толғаныстарын жазады. Қалға болуға керек қасиеттердің бәрі бір ғана Алтынбектің бойынан табылғанын, қазақтың басында нағыз керек адамды сақтай алмайтын үлкен қасірет бар екенін жазды. «Қалға болар қарақтың қалжасынан түңілдім» деп, сол кездегі қалға болуға лайық-ау деген адамдар жайлы өз пікірін білдіреді.

Бoлат Әбілoв “қалға” болғысы келсе, алдымeн қазақшa біp баяндама жaзып шыққаны жөн. Мұны бip газет Болатты үміткер қaтаpынa үсті-үстіне тықпалай берген соң айтып отырмыз.

Тaсмaғамбетoв тaбиғатынaн билеуші емес, aтқарушы тұлғa. Билеушiнiң көңілін тaбатын oдан aсқан адам кемде-кем. Қалғалық оған керек болса атақ үшін емес, осыған дейінгі атағын сақтап қалу үшін керек шығар.

Ораз  Жандосов болса, соңғы кезде әр нәрсеге баға беріп қана отыратын экспертке қатты ұқсап барады.

Жармахан Тұяқбай – “ұрылып қалған”  үміткер. Заманы өтіп бара жатқанын өзінің де іші сезеді.  Ол енді саясаттағы ықпалды тұлғалардың бірі болып қана қалған сияқты.

Мұнда публицист оппозияны да сынға алды. Олардың басты қателігі, үміткерлікке лайық адамды таңдаудан бұрын, алдымен күшті биліктің іргесін шайқауды мақсат тұтуы, өз қатарластарын бірінен-бірі асырғысы келмеген пендешіліктері, өз араларынан сатқын іздеу әдеті барын жазды. Өздері қанша мойындағысы келмесе де, Қазақстандағы оппозициялық қозғалыстың бір кезеңі аяқталды деп жазған болатын. Айтқаны айдай келді, Ж.Тұяқбай да, Б.Әбілов те өз жолымен кетті, Әлихан Байменов мемлекеттік қызметке ауысты.

«Алқаның» осы нөмірінде Ж.Қорғасбектің  «Қазақтың жазылмаған заңы»  деген тақырыпта мақала жарық көрді. Біздің қонақжайлығымыз, жомарттығымыз, аңқаулығымыз, кішіпейілдігіміз, адам өлгенде құн төлететін кешірімділігіміз, келеңсіз мәселені сотқа жеткізбей, ымыраға келуге асығатынымыз  – біздің жазылмаған Заңымыз. Ингуштар, шешендер қазақ жерінде жүрсе де, өз дәстүрлерін, салттарын жоғалтпай ұстанып отыр, өзбектер ешқашан орыс тілін өз тілімен қатар қоймайды, өз тілдерінде сөйлеуге арланбайды, бұл – олардың жазылмаған заңы. Жазылмаған заңның қауқары өте күшті, мемлекеттің Заңы басшының ауысуымен өзгеруі мүмкін, ал ғасырлар бойы қалыптасып, ұлттың санасына сіңген «жазылмаған Заң» оңайлықпен өзгере қоймайды. Әзімбай Ғали, Темірхан Медетпек, Мұртаза Бұлұтай, Мархаббат Байғұт сынды ел азаматтырына  «Қазақ өзін-өзі менсінбейтін кесір  мінезді қайдан жұқтырды, бірін бірі езгілегенде жаны кіретін тасбауырлықты қайдан тапты, қазақтың бүгінгі болмысы қандай, ұлт қайткенде бәсекеге қабілетті болады, ондай ұрпақ тәрбиелеу үшін қазаққа қандай жазылмаған заң керек?» деген сауалдарды қояды.    

Қорыта келгенде, Ж.Қорғасбек публицистикасында психологтардың зерттеуінше, адам баласы өзінің жеке басына жамандық тілегендерді кешіруі мүмкін, бірақ «ұлтың жаман» дегенді ешқашан кешірмейді. Ж.Қорғасбек те қазақтың қара баласы ретінде, журналист ретінде, қолынан келгенше өз ұлтының, өз жерінің мүддесін қорғауға тырысты, «Атажұртың аман ба?» деп қазақ ауылдарының, қазақ малшыларының өмірінен, ұлттық қауіпсіздік, ұлттық рухқа дейінгі мәселелерді жазып, олардың  шешілуіне ықпал етті. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға