Ж.Түймебаев: Ғылыми-сараптамалық кеңес - жаңа көзқарас пен жұмыс әдісі қажет
Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Ж. Түймебаев Қазақстан халқы Ассамблеясы – саяси тұрақтылықтың, этносаралық және конфессияаралық келісімнің, ел тыныштығы мен бірлігінің белгісі болып отырғанын айта келе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген Қазақстанның даму факторларына тоқталды.
«Президент Қ. Тоқаев атап өткендей, бізді ортақ құндылықтар біріктіреді: бейбітішлік, әл-ауқат, гүлдену, әділдік және барлығына ортақ мүмкіндіктер. Біздің бірлігіміз баянды. Ассамблея міндеттеріндегі мәнмәтін – сабақтастық. Яғни, тұрақтылық, азаматтық бейбітшілік пен келісім, динамикалық экономика және мықты әлеуметтік саясат. Бірлік пен келісімнің арқасында Қазақстан тәуелсіз, егеменді Қазақстан болып қалыптасты. Басқа баламасы жоқ және болуы мүмкін емес», – деді Ж. Түймебаев.
Сонымен қатар ол Ассамблея барлық талаптарға сәйкес болуы керектігін айтты. Атап айтқанда, жаңа көзқарас пен жұмыс әдісі керек. Осы орайда Ғылыми-сараптамалық кеңестің негізгі міндеті сараланбақ.
Біріншіден, Ғылыми-сараптамалық қауымдастық қоғамдағы жаңа трендтерді, сын-қатерлерді және қауіпті анықтау үдерісін терең зерттеуі қажет.
Екіншіден, ғалымдар мен сарапшылар ресми басылымдар мен әлеуметтік желілілерде нақты және ұғынықты түсіндіру жұмыстарын қоғамдық-саяси алаңда жүргізуі керек.
«Алдымен әлеуметтік желілерді қамту қажеттілігі ондағы жалған либералды, ұлтшылдар мен саналы қоғамның пікірі арасында ғаламдық ақпараттық тайталас жүріп жатқандығынан туындайды. Бұл бар әлемде болып жатқан жағдай. Оның ішінде Қазақстан да бар. Бұл халықтың, қазақ ұлтының қамынан бұрын жеке басының қызығушылығын көздеген түрлі тұлғалардың ісі екені белгілі. Олар бар әлем танитын және құрметтейтін қазақи ұлттық кодты бұзып, оны үргедектікпен, өшпенділік және надандықпен алмастырғысы келеді», – деді ҚХА Төрағасының орынбасары.
Үшінші міндет – Ғылыми-сараптамалық қоғам жұмысының тиімді болуы үшін бар мүмкіндікті жасау. Бұл тұрғыда айта кету керек, ҚХА республикалық деңгейде ҒСК құрылған. Оның құрамына 52 ғалым, оның 31-і ғылым докторы, 12 ғылым кандидаты, зерттеу институттарының жетекшілері мен қоғам қайраткерлері. Еліміздің аймақтарында ғылыми-сараптамалық топтар ЖОО-да жұмыс істейді. Сондай-ақ ЖОО-да ҚХА кафедралары құрылған. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап Абай атындағы педагогикалық университетінде бірінші курс студенттері үшін «Н.Ә. Назарбаевтың этникааралық келісімнің Қазақстандық үлгісі» пәні енгізілді. Сонымен бірге екі – ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Азия аймағындағы этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы мен Ұлттық экономика министрлігінің «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ әлеуметтік-демографиялық дамуды зерттеу орталығы құрылған.
«Соңғы жылдары маңызды тақырыптар бойынша қомақты зерттеу материалдары жинақталды. Бұл – «Әлеуметтік-маңызды нәтижелерге қол жеткізу бойынша жергілікті атқарушы органдар қабылдайтын шаралар мен шешімдердің халықтың әлеуметтік ахуалына әсерін бағалау» және «Қазақстандағы этникалық үрдістер: әлеуметтік-демографиялық және экономикалық өлшем». Соңғысының қорытындысы бойынша алғаш рет «Қазақстан өңірлерінің этнодемографиялық паспорттары» әзірленді», – деп мәлімдеді Ж. Түймебаев.
Аталған мәселелер бойынша «Қазақстандық бірегейлікті және жалпыұлттық бірлікті нығайту саласындағы мемлекеттік саясат» тақырыбы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 2018-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-демографиялық және этносаралық салалардағы ғылыми жұмыстардың жиынтық жоспары іске асырылуда. Ол 72 жобаны қамтиды. Одан бөлек ҒСК мүшелері өздерінің жекелеген жобаларын әзірлеген.
«Осылайша бізде төзімділікті нығайту және «жау тіліне» қарсы тұру бойынша ақпараттық жұмысты ғылыми тұрғыдан өрістету үшін қажетті жұмыстар атқарылуда, біз бірлік пен келісім іргетасының беріктігін дәлелдей отырып, нысаналы түрде көрсетуге тиіспіз», – деді спикер.
Кеңес қорытындысы бойынша Ж. Түймебаев бірқатар тапсырмалар берді: «Бірінші, ҒСК-тің әрбір мүшесінің бейбітшілік пен келісімнің мемлекеттік саясатының өзекті мәселелері бойынша сөз сөйлеуін көздейтін медиа-жоспар қалыптастыру қажет.
Екінші, 2018-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-демографиялық және этносаралық салалардағы ғылыми жұмыстардың жиынтық жоспары шеңберінде жүргізілетін зерттеулер нәтижелері халыққа ұғынықты түрде жеткізілуі тиіс.
Үшінші, жиынтық жоспар шеңберінде жүргізілетін зерттеулер біздің саясатымызды дамыту бойынша практикалық ұсыныстар енгізумен аяқталуы тиіс.
Төртінші, бізге жұмысқа көмектесетін қолданбалы әдістемелік құралдар қажет.
Иә, бізде өткен жылдары құрылған ұлттық саясаттың ғылыми-әдістемелік негізі бар. Бірақ қоғам өзгеріп, дамуда. Терең этнодемографиялық, көші-қон үдерістері жүріп жатыр. Халықтың этникалық құрамы өзгеруде. Осының бәрін жалпылап, қолданбалы ұсыныстарды әзірлеу қажет.
Бесінші, қазір ақпараттық технологиялар ғасыры. Кез келген саладағы жұмыс тиімділігі ақпараттық-коммуникациялық дағдыларға байланысты.
Интернетте, әлеуметтік желілерде бірлік пен келісімнің құндылықтарын тиімді алға жылжыту - маңызды мәселе. Осыған байланысты ҚХА-ның жауапты құрылымдары, хатшылықтарды қоса алғанда, жоғары деңгейдегі мамандарды тарта отырып, оқыту курстарының, семинар-тренингтердің топтамасын ұйымдастыру маңызды».
Осыған орай Ж. Түймебаев Ғылыми-сарапшылық кеңеске және «Қоғамдық келісім» РММ-не барлық бағыттар бойынша тиісті жұмысты ұйымдастыруды жүктеді.
Нұргүл ШАТЕКОВА
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.