Жаңалықтар

Жүсіпбек жазған еңбектің құндылығы

Жүсіпбектің еңбектері дұрыс-бұрыс жақтарды өлшеуге, ой түюге жетелейді.
18.11.2015 06:24 5029

Зұлмат заманда қазақ элитасының ең алғашқыларының қатарында құрбан болған  Ж.Аймауытұлының еңбектерін немқұрайлы, жай ғана оқи салу мүмкін емес. Оқыған сайын өз болмыс харекетіңді саралауға, дұрыс-бұрыс жақтарды өлшеуге, ой түюге жетелейді.

Қазіргі кезде психология саласында жазылған том-том  еңбектер кітап дүкендерінде де, кітапхана сөрелерінде де толып тұр. Оның көпшілігін оқуға, зерделеуге мүмкіндік табуға болғанымен, біздің этникалық ерекшеліктерімізге қайшы келетін тұстары өте көп. Десек те, байыбына бармай қабылдай салу, еліктеу арқылы харекет қылудың салдары кері әсерін беріп жатқандығы тұрмыста да, қоғамда да байқалады. Мәселен, қазақы болмыспен санамызға сіңген қимыл-қозғалыс әдебін танытар жақсы қылықтың да, ерсі қылықтың да шегі шектеліп, ара-жігі ажырата сұрыпталған-ды: Сөйлегенде қолды, ербеңдетпеу, екі бүйірді таянбау, аяқ-қолды айқастырмау сияқты, халқымызды «жаман ырым» саналатын сипаттарды Әл-Фараби да, Хакім Абай да, Мәшһүр Жүсіп Көпеев те, Хафиз Шәкәрім де түсін-түстеп, әкелетін зардаптың алдын-алу һарекеттеріне шығармаларын арнаған-ды. 

Бүгінгі қимыл Һәрекетіміз қалай, ең қарапайым деген, күнделікті өмірде ұшырасатын, бірі байқар, бірі байқамас, бірі мән берер, бірі мән бермес,  байқағаны іштей түйер, мән бергені ескерту тыйым айтар көрініске сәл назар аударсақ: диалог кезінде екі қолды кеудеге айқастырып, қарсы алдыңда шартиып тұрып, ілік іздегендей бетке тесірейіп қарап, одан соң бас аяғыңа шейін (эксперт сияқты) сынай қарап, шолу жасайды. Ыңғайсыз, әрең шыдайсың, немесе қарсы әрекетке көшесің. Ішкі агрессия туындайды, жүйкеге салмақ түседі, табиғи гармония (үндестік заңы) бұзылады. Ағза шаршап, ауру күшейеді. Шығар жол бар ма? Әрине. Кәдімгі «кең шапан, кең қолтық» қазақы әдептен озбау. Заманында «Бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірген» түрік қағандарына қойылған балбал тастарда да шіреніп, қолын айқастырып тұрған қағанды, ақсүйекті көрмейміз. Батыстың жасанды үлгісіне еліктегеннен туындаған, соқыр сезімді арзан қимылдан арылар кез болар деп сенейік.

Жүсіпбек Аймауытұлы соқыр һәм сақылау сезімнің порымын қалай түстеді екен, не айтты екен, оқып, санамен сараласақ:

Үйренген тамақ, жүрген жерін жақсы көру – табиғаттың еріксіз қонағы. Ұлт сүюдің ең төменгі дәрежесі осы.

Туған ауылын, туған жерін сүймеген адам ұлтшыл да бола  алмайды.

Адамның денесі қандай мысқалдап өсіп, жетілетін болса, сезімі де, пікірі де сондай, бірте-бірте жетіліп, өркендемек, адам тура адамшыл бола бермейді, ұлтшылдық сезім де сол сықылды әуелі үй ішінен, одан қала берсе, туған ауыл, туған жерден бастап жоғары өрлейді.

Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Япония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы – мемлекеттің крегі, қызметкері. Басшы түзу болса, басшыдан бас тартып, ауа жайылатын халық аз, қазан бұзар, ар соққан біреулер болмаса.

Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды.

«Сүтпен сіңген мінез, сүйекпен кетеді» деген сөз ата-ананың тәрбиесінің күштілігін көрсетеді. Бірақ бұл мақал тәрбиемен мінезді түзеуге болмайды деуге дәлел емес.     

Оқыған – қара халықтың шырағы. Халыққа қызмет қыла білмеген, үлгі, шырақ болуға жарамаған «оқыған» халықтың меселін айырады, көңілін қалдырады.

Халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз.

Қазаққа аюдай ақырған шенеулік табылуы оғай. Ерінбей-жалықпай, бақырмай-шақырмай іс бітіретін терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын.

Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш, жылтырақ шенеуніктің, сұлу сөзді құрғақ бектің керегі жоқ. Адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек. Сол жұмысшы – оқығандар.

Бекерге кеткен сағат, босқа өткізген минут – ұлт ісіне зор шығын.

Ана тілін жақсы меңгеріп алмай тұрып өзге пәндерді түсіну мүмкін емес.

Ана тілі – халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, мәңгі құламайтын бәйтерегі.

Ана тілі – жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп сақатап отыратын қазына.

Оқу – ақыл тілегі. Сүю – сезім тілегі.

Оқу, білім – жанған шырақ ойласаң,

Үйренерсің, іздеп көрсең –қалмасаң.

Қу өнерді, бу беліңді, жігер сал,

Пайда аларсың, қаужанарсың, тоймасаң.

...театр деген нәрсе ермек емес, көңіл көтеру де емес, ол – үлгі, ол – тәрбие, өнер орны.

Ашық көңілді, сауықшыл ел – жұрттың баласы да сауықшыл, ер болмақ.

Бала әдетті жасынан тамыздықтап жинайды.

«Сүтпен сіңген мінез, сүйекпен кетеді» деген сөз ата-ананың тәрбиесінің күштілігін көрсетеді. Бірақ бұл мақал тәрбиемен мінезді түзеуге болмайды деуге дәлел емес.

Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге.

Ізденсе, талаптанса, қолдан жасалмайтын шарт жоқ. Құнтталмаған, ізденбеген, соңына түспеген адамның жұмысы еш уақытта береклі болмақ емес.

Адамда аз да болса бір үміт, бір таяныш болу керек. Ондай аяныш болмаса тіршілік етіп не керек?

Ерлік, қайрат үнемі ірі жұмыста көріне бермей, күндегі уақ –түйек жұмыста да көрінуі керек.

Арқаның әні толқынды, ырғақты айқайлы, зарлы, қайтармалы, қайыруы ұзын болып келеді. Теріскейдің, батыстың әні мұңды, зарлы, шерлі, желдірме, боп келеді.

Адам мінезінің, ақыл-қайратының әр түрлі болуы – тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан... Адам баласының ұрлық істеуі, өтірік айтуы, кісі тонауы, өлтіруі сияқты бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен.

... ойын-сауық, өлең-жырды естіп өскен елдің баласы өнерге бейім болады, діндар елдің баласы діншіл келеді. Жастайынан кемдік, жоқшылық, қағажу көріп өскен ауылдың баласы жасқаншақ, бұйығы болады.

Мұғалімнің айналысатыны – үнем қозғалып, өзгеріп, өсетін,, өркендейтін тірі адам болғандықтан, біркелкі әдістен табан аумай шектеліп қалуға болмайды...

Сабақ үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жаңаны табатын өнер. Дидактика мұғалімге жиі жөн-жоба көрсетіп жетекшілік етеді. Сыннан өткен тиімді деген жолдарды ғана нұсқайды.

Тарихты оқыту арқылы шәкірттерге қазіргі өмір мен өткен заманның байланыс заңдылықтарын ажырата білерлік сана туғызамыз.

...Алдымен балалардың өздеріне күнделікті өмірден жақсы таным жұртының тұрмыс-салты, тыныс-тіршілігіне байланысты оқытудан бастаған жөн, басқа жұрттың тарихқа керек жерлерін ғана алу керек.

Ғылым білімге қонады, ғылымсыз білім тым құрғақ.

Ақынның қасиеті – заманға жаңғырық, әлеумет тұрмысындағы зор оқиғаларға айна болып, тарихи материал (дерек) қалдырып оытруында.

Әдістеме – үнемі жетілдіруді қажет ететін, үнемі жаңаны табатын өнер.

Ғылымды кісінің білімі де, күші де, білегі де күшті.

Адамның өмірдегі ісі-алған тәжірибесінің жемісі.

Жанның тәрбиеленетін үш түрлі сипаты бар: ақыл, сезім, қайрат.

Қазақ бұрынғы уақытта елі – ұйымшыл, ері – жауынгер, биі – әділ, азаматы –намыскер, адамы – әрі бітімді, әрі қайратты, сауықшыл болған халық.

Бала өз ана тілінде тәрбиеленбесе, өз халқына қызмет ете алмайды.

Көз деген – жақсы айна.

Сөз – ойдың айнасы.

ҚАЗАҚТА қашаннан білгіштің соңынан ергіштік БЕРЕКЕ бар.

...Иә, Жүсіпбек Аймауытұлы осылай деді, ұлтының Тілін, Рухын, Мәдениетін, Беделін көтеретін жолды ғылыммен, өнермен ұштастыра іздеді, қазаққа икемдеп «ПСИҚОЛОҒИЯ» атты САҢЫЛАУ қалдырды...


Сымбат Мүталапханқызы,

«Білім тарихы» музейінің меңгерушісі,

ҚР журналистер одағының мүшесі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға