Жаңалықтар

«Жүректерге жаңа ғұмыр сыйлаған»

Халықаралық дәрежедегі кардиохирург Юрий Пя туралы деректі фильм
19.02.2016 11:05 8427

Кеше Қазақ ұлттық өнер университетінде танымал дәрігер, халықаралық дәрежедегі кардиохирург Юрий Пя туралы «Жүректерге жаңа ғұмыр сыйлаған» атты толықметражды деректі фильмнің көрсетілімі өтті. Туындының режиссері – Оңдасын Тастанов.

«Жүректерге жаңа ғұмыр сыйлаған»

Шараға фильмнің басты кейіпкерімен бірге, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева, композитор Кеңес Дүйсекеев және ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың дәрігерлері қатысты. Ал, кештің басты қонақтары Юрий Владимирович ота жасаған емделушілер болды.

«Жүректерге жаңа ғұмыр сыйлаған»

Фильмде дәрігер Пяның кәсіби біліктілігі мен оның алғашқы емделушілерінің тағдыры қатар баяндалады. Күн сайын жұмысқа велосипедпен келетін хирургтың өмірлік ұстанымдары тым қызық. Мәселен, деректі фильмде оның өз кабинетін түрлі кітаптар мен суреттерге, ескі пластинкаларға толтырып қойғаны туралы айтылады. Бұл ісін Юрий Владимирович былайша түсіндіреді:

– Менің кабинетіме кірген науқастар да, әріптестерім де өздерін еркін, жайлы сезінсе екен деймін. Яғни, бастықтың кабинеті болып сіресіп тұрғанын қаламаймын. Кейде классикалық әуендер қосып қоямын. Қабырғада ілініп тұрған 1850 жылғы әлем картасында қазақ хандығының сол кездегі шекарасы бейнеленген. Мұнда музыкаға да, тарихқа да орын бар. Емделушілерге есігім әрдайым ашық. Егер, кабинетіме ешкім кіре алмаса, маған жұмысқа келудің не қажеті бар?

«Жүректерге жаңа ғұмыр сыйлаған»

Деректі фильмде ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық дәрігерлерінің ота жасап жатқан сәті, осында тәжірибе алмасуға келген шетелдік мамандар мен орталықта емделген жандардың пікірлері қамтылған. Сондай-ақ, хирургтың әкесі Владимир Пя да ұлының бала кездегі естеліктерімен бөліседі.

«Жүректерге жаңа ғұмыр сыйлаған»

Көрсетілім аяқталған соң, Юрий Пя екінші өмір сыйлаған емделушілер – Жәнібек Оспанов пен Гүлмира Смаилова сахнаға шығып, өздерінің жылы лебізін білдірді:

– Кардиохирургиялық орталықта жүрек ауыстыру отасын жасатқаннан кейін өмірге қайта келгендей болдық. Барлық дәрігерлерге бас иіп, алғыс айтамыз.

«Жүректерге жаңа ғұмыр сыйлаған»

Ал, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева қолы алтын дәрігер кезінде өзінің туған інісіне де сәтті ота жасағанын айтты.

Фильмнің режиссері Оңдасын Тастанов пен продюсері Зылиқа Шымырова

Юрий Владимирович өмірін аман алып қалған жандардың бірі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев.

«Жүректерге жаңа ғұмыр сыйлаған»

– 2005 жылы инфаркт алып, қатты ауырып қалдым. Юрий Пя 8 күн бойы ес-түссіз жатқан жерімнен мені ұшақпен Астанаға алдырып, күрделі ота жасады. 30 тамыз – менің екінші туған күнім. Юрий Владимировичті халқымыздың бағына туған ерекше дәрігер деп санаймын. Қазір 2-3 ай сайын кардиохирургиялық орталыққа барып тексеріліп тұрамын,– дейді композитор.

«Жүректерге жаңа ғұмыр сыйлаған»
Дәрігердің шарапаты тиген кісілердің тізімі мұнымен бітпейді. ҚазҰӨУ-дің «Скрипка» ішекті аспаптар кафедрасының профессоры Серік Сырлыбаев та жүрегі сыр берген сәтте бірден Юрий Пяның көмегіне жүгінген екен.

(Суретте солдан оңға қарай: Кеңес Дүйсекеев пен Серік Сырлыбаев)

«Жүректерге жаңа ғұмыр сыйлаған»

Кардиохирургиялық орталықтың дәрігерлері басшыларының жүрегі кең, өте еңбекқор жан екенін айтады. «Әріптесіміздің батылдығы, азаматтық ұстанымы, ешқандай қиындыққа қарамастан, алға ұмтылатындығы – бізге үлгі» дейді олар.

Кештің басты кейіпкері көрсетілім соңында фильмнің тек өзіне арналмай, трансплантацияның өзекті мәселелерін көтергеніне де қуанышты екенін айтты:

– Қазір Қазақстанда донорлар санының аздығы – күйіп тұрған мәселе. Мысалы, біз жылына 150-180 ота жасауға тиіспіз. Алайда, донор жетіспеушілігінің кесірінен 3 жылда 27-ақ ота жасадық. Отандастарымыз өмірден өткен туыстарының дене мүшелерін алуға рұқсат берген жағдайда басқа жандарға өмір сыйлайтынын түсінсе екен дейміз. Мысалы, менде өзім көз жұмған жағдайда жарамды дене мүшелерімді науқас кісілерге беру туралы рұқсат бар.

«Жүректерге жаңа ғұмыр сыйлаған»

Сондай-ақ, дәрігер жастарға  «Отанға адал қызмет етіп, айналаларыңыздағы адамдарға аянбай көмектесіңіздер! Өздеріңіз басқа елге кетіп қалмай, керісінше, шетелдіктердің Қазақстанға келуіне сеп болыңыздар!» деп кеңес айтты.

Юрий Пя басқаратын ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық 2011 жылы 12 қазанда ашылған. Бүгінде әлемдегі ең үздік 20 клиниканың қатарына кіретін орталық Германия, Италия, Бельгия, Франция, Түркия, АҚШ және Израильдің жетекші клиникаларымен әріптестік байланыс орнатқан. Мұнда қазірге дейін 6448 рет жүрекке ашық түрде ота жасалған.


Роза ӘРЕН

Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға