Жаңалықтар

Жұмыссыздарға электрондық хабарламалар арқылы вакансия ұсынылады

Қазіргі таңда 175 мың адам жұмыссыз жүр
Жұмыссыздарға электрондық хабарламалар арқылы вакансия ұсынылады
Фото: Үкімет 11.10.2022 12:00 1567

Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдар мен барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысы жаңа жұмыс орындарын құру бойынша көрсеткіші негізінде бағаланатынын атап өтті, деп хабарлайды El.kz

«Еңбек нарығында қандай мамандыққа сұраныс көп, соған сәйкес жұмыс жүргізу қажет. Аса маңызды мәселе – халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамту», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, биыл Ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде 269 мыңнан астам жұмыс орны құрылуы тиіс. Қазіргі уақытта 203 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Бірақ олардың 175 мыңы – уақытша жұмыс. 

«Біз тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге күш салуымыз керек. Ол үшін цифрлық технологияларға сүйену маңызды. Мемлекеттік органдардың жүйелерін толық интеграциялай отырып, жұмыспен қамту сервистерінің барлығын цифрландыру қажет», — деді Премьер-Министр .

Сондай-ақ ол Отбасының цифрлық картасы, Электрондық еңбек биржасы мен Жұмыс орындарын құрудың интеграцияланған картасын біріктіргеннен кейін, жұмыссыз жүргендерге электрондық хабарламалар арқылы вакансиялар ұсынуға болатынын айтты. 

«Жұмыссыздарға өтініш жазбай-ақ бос жұмыс орындарын ұсыну маңызды. Мұндай қызметтерді смартфон арқылы қолжетімді ету қажет», —- деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министрдің айтуынша, жастарды жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдері мен механизмдерін енгізуге ерекше назар аудару керек. Жыл сайын еңбек нарығына 300 мыңға жуық жастар шығады. Олардың жұмыс тәжірибесі жоқ.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға