©El.kz

Зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалануға қашан рұқсат беріледі

Қазақстанда зейнетақы жинақтарының бір бөлігін емделуге пайдалану уақытша тоқтатылды. Бұл шешімнің себептерін «Отбасы банкінің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова KTK телеарнасына берген сұхбатында түсіндіріп, процестің қашан қайта жандануы мүмкін екенін де айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Банк басшысының сөзінше, зейнетақы қаражатын емделуге алу бойынша өтінімдер 12 қаңтар күні сағат 19:00-де тоқтатылған. Бұған enpf-otbasy.kz порталында радиохирургияға қатысты өтінімдердің күрт және күмәнді түрде көбеюі себеп болған.

Қазір азаматтардан өте көп өтініш келіп жатыр. Бірі анасын гамма-пышақпен, енді бірі кибер-пышақ арқылы емдеткісі келгенін айтады. Біз жекелеген емдеу түрлерін қайтару қажет екенін түсінеміз, бірақ бұл процесс толықтай ашық әрі бақылауда болуы тиіс, – деді Ләззат Ибрагимова.

Оқи отырыңыз:

Оның айтуынша, болашақта кейбір операция түрлері 6-9 ай ішінде қайта қолжетімді болуы мүмкін.

Күмән тудырған өтінімдер мен тексеру нәтижесі

Бұған дейін радиохирургия бойынша ай сайынғы өтінімдер саны 10-нан аспайтын. Алайда 2024 жылдың соңында және 2025 жылдың басында олардың саны күрт өсіп, 12 қаңтарға дейін 7 мыңнан астам өтінім жиналған.

Осы жағдайдан кейін «Отбасы банк» қызметкерлері операция жасалуы тиіс делінген медициналық ұйымдарға тексеру жүргізген. Нәтижесінде кейбір клиникаларда:

қажетті медициналық құрал-жабдықтың жоқ екені,

тиісті мамандардың жұмыс істемейтіні,

тіпті көрсетілген мекенжайда клиниканың мүлде болмағаны анықталған.

Осыған байланысты банк Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп мұндай медициналық мекемелерді лицензиялау мен бақылаудың жаңа тетіктерін қарастырып жатыр. Бұл шешім қабылданған соң тіс емдеу, көруді қалпына келтіру, онкологиялық және орфандық ауруларға қатысты емдеу түрлерін қайта енгізу мүмкіндігі бар.

Банк ұстанымы: зейнетақы – мақсатты ресурс

«Отбасы банкінің» басшысы зейнетақы жинақтарының басты мақсаты азаматтардың қартайған шағындағы қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету екенін ерекше атап өтті.

Бұл – мақсатты қаражат. Ол 63 жастан кейін лайықты зейнетақы алу үшін жиналады. Дегенмен тұрғын үй мәселесін шешу немесе денсаулыққа байланысты жағдайларда пайдалануға рұқсат берілген. Бірақ біз мониторинг барысында анықтаған теріс пайдалану фактілері тәуекелдерді басқару тұрғысынан бұл операцияларды жалғастыруға мүмкіндік бермейді, – деді Ләззат Ибрагимова.

Айта кетейік, бұған дейін банк басшысы радиохирургия бағытында жаппай өтінім болады деп күтпегенін де жасырмаған еді.

Мен бұл тізім бойынша өтініш өте аз болады деп ойладым. Қазақстандықтар өздерінің қатерлі ісікке шалдыққаны туралы жалған ақпарат беріп, зейнетақы жинағын шешіп алады дегенге сенбеймін, – деген болатын ол.

Алайда деректер бұл болжамды жоққа шығарды: өткен жылдың соңғы айында ғана қазақстандықтар радиохирургиялық емге зейнетақы қорынан 5,5 млрд теңгеден астам қаражат алған.

Зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге қалай пайдалануға болады?

Қазіргі уақытта зейнетақы жинақтарының артық бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында пайдалану мүмкіндігі сақталып отыр. Бұл «Отбасы банк» арқылы жүзеге асады.

Қадамдық тәртіп:

Қолжетімді соманы тексеру

БЖЗҚ сайтынан жеткіліктілік шегінен асатын соманы анықтау.

Арнайы шот ашу

«Отбасы банкінің» мобильді қосымшасы немесе бейнеқоңырау арқылы БЗТ үшін арнайы шот ашу.

Өтінім беру

enpf-otbasy.kz порталына ЭЦҚ арқылы кіру;

мақсатты таңдау (ипотека өтеу немесе депозит ашу);

қаражатты арнайы шотқа, одан кейін депозитке аудару.

Пайдалану бағыттары

ипотеканы толық немесе ішінара өтеу;

жаңа депозит ашу және мемлекеттен +20% сыйақы алу (қаражатты сақтау мерзімі – 6 жылға дейін).

Мерзімдер

қаражат 3-5 жұмыс күні ішінде түседі;

жылжымайтын мүлікке – 20 күн ішінде.

Зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану уақытша тоқтатылғанымен, бұл шара жүйені тәртіпке келтіру мен ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған. Алдағы айларда лицензиялау мен бақылау тетіктері жетілдірілген соң, әлеуметтік маңызы бар емдеу түрлеріне зейнетақы қаражатын қайта пайдалану мүмкіндігі қарастырылмақ.

Бұған дейін 2026 жылы қандай қолайлы ипотека түрлері болатыны туралы жазғанбыз. Сонымен қатар тегін өтуге болатын скрининг түрлері туралы айттық