Зейнетақы жинағын пайдалану: өтініш қабылдау уақытша тоқтатылды
Отбасы банк зейнетақы жинақтарының артық бөлігін пайдалану тәртібіне қатысты маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Банк баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелеріне өзгеріс енгізілген. Енді құжаттарда қолданылатын «берешек» термині «негізгі қарыз» ұғымымен ауыстырылды.
Оқи отырыңыз:
- 1 наурызға дейін үлгеріңіз: пәтерін жалға беретіндер нені білуі керек?
- Пәтер бағасының өсуі: нарықтық заңдылық па, әлде қолдан жасалған қызу сұраныс па?
- Пәтер бағасы қымбаттай ма? Министр жауап берді
Бұл нені білдіреді? Жаңа талапқа сәйкес, зейнетақы жинағындағы артық қаражатты несие бойынша тек негізгі қарызды мерзімінен бұрын толық немесе ішінара өтеуге ғана жұмсауға болады. Ал бұрын «берешек» түсінігіне кірген ай сайынғы төлемді түгел жабу енді мүмкін емес. Несие пайызы мен өзге де қосымша төлемдерді қарыз алушы өз қаражаты есебінен төлеуі тиіс.
Банк өкілдерінің айтуынша, осы өзгерістерге байланысты Отбасы банктегі несиені толық немесе ішінара өтеу процесі техникалық тұрғыда қайта пысықталып жатыр. Алдағы уақытта бұл операция екі кезеңнен тұрады: алдымен клиент өз қаражатымен сыйақы мен қосымша төлемдерді өтейді, содан кейін ғана зейнетақы артықшылығы есебінен негізгі қарыз жабылады. Сондықтан банк шоттарында қажетті қаражат алдын ала болуы керек.
Осыған байланысты Отбасы банк зейнетақы төлемдерін несие берешегін ішінара немесе толық өтеуге пайдалану бойынша өтінім қабылдауды уақытша тоқтатады. enpf-otbasy.kz платформасында өтінімдер қабылдау 2026 жылғы 30 қаңтардан 31 қаңтарға қараған түннен бастап 2 наурызға дейін жабылады. Ал 2026 жылғы 30 қаңтарға дейін берілген өтінімдер бұрынғы ереже бойынша қаралады.
Сонымен бірге банк зейнетақы жинақтарын сұрату процесі өзгермейтінін атап өтті. Бұған дейін ем-шараға пайдалануға тыйым салынған еді.
Зейнетақы қаражатын пайдалану бағыттарының қалған түрлері сол күйінде сақталады. Қазақстандықтар бұрынғыдай жинақтағы артық бөлікті тұрғын үй сатып алуға, ипотеканы толық немесе ішінара өтеуге, сондай-ақ Отбасы банктегі депозитті толықтыруға жұмсай алады.
Бұдан бөлек, зейнетақы қаражатын қымбат әрі өмірлік маңызы бар ем-дом түрлеріне бағыттау мүмкіндігі де сақталған. Атап айтқанда:
- орфандық ауруларды емдеу,
- радионуклидтік және радиойод терапиясы,
- радиохирургиялық ем,
- протон терапиясы.
Сондай-ақ жеткіліктілік шегі биылдан бастап орта есеппен 10 пайызға өсті. Ол енді жас ерекшелігіне қарай 3,72 миллионнан 10,7 миллион теңгеге дейінгі аралықты құрайды.
Мысалы:
20 жас – 3,72 млн теңге
25 жас – 4,39 млн теңге
30 жас – 5,12 млн теңге
35 жас – 5,89 млн теңге
40 жас – 6,72 млн теңге
45 жас – 7,61 млн теңге
50 жас – 8,57 млн теңге
55 жас – 9,6 млн теңге
60-62 жас – 10,7 млн теңге.
Бұған дейін зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалануға қашан рұқсат берілетіні туралы жазғанбыз.

