Brian Snyder / Reuters

Зеленский 18 тамызда Вашингтонда Трамппен кездеседі

АҚШ президенті Дональд Трамп Владимир Путинмен Анкоридждегі саммиттен кейінгі жолда Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы CNN-ге сілтеме жасап.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливиттің айтуынша, Трамп алты сағаттық әуе сапарының басым бөлігін телефонмен сөйлесуге арнаған.

Зеленскийдің кеңсесі де бұл әңгіме ұзаққа созылғанын растады. Алдымен екі президент жеке сөйлессе, кейін оларға Еуропа көшбасшылары қосылған.

Украина басшысы өзінің Telegram-арнасында АҚШ пен Ресей арасында үшжақты конференция өткізу туралы Трамптың ұсынысын қолдайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол 18 тамызда Вашингтонға барып, Трамппен жүздесетінін растады.

Трамптың өзі Путинмен Аляскада өткен кездесуінен кейін Fox News арнасына берген сұхбатында «бұдан әрі бәрі Зеленскийдің шешіміне байланысты» екенін атап өтті. Ол сондай-ақ Украина мен Ресей президенттерімен үшжақты кездесу өткізуге дайын екенін білдірді.

Егер олар қаласа, мен бұл кездесуде боламын. Қазір олар Зеленский мен Путин арасындағы жүздесуді ұйымдастыруға тырысуда, оған мен де қосылуым мүмкін. Бұл жерде болуды қатты қалағанымнан емес, істің нәтижелі аяқталуы үшін келістім, - деді Трамп.

Fox News-пен сұхбат барысында АҚШ президенті Путинмен кездесуін «10 балдық шкала бойынша 10-ға бағалады». Оның пікірінше, Ресей көшбасшысы бейбітшілікке ашық әрі оған қол жеткізуді қалайды.

Еске сала кетсек, 15 тамызда Аляскадағы Элмендорф-Ричардсон әскери базасында Путин мен Трамптың үш сағатқа жуық кездесуі өтті. Келіссөздер әртүрлі форматта ұйымдастырылды: алдымен екіжақты — АҚШ президентінің лимузинінде, кейін шағын құрамда.

Ресей тарапынан кездесуге президент көмекшісі Юрий Ушаков пен Сыртқы істер министрі Сергей Лавров қатысса, АҚШ тарапынан мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен Трамптың арнайы өкілі Стивен Уиткофф болды.