Жаңалықтар

Өзбекстандағы Қазақстан жылы не берді?

Өзбекстандағы Қазақстан жылы не берді?
05.01.2020 16:47 3494

2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы аталып өтті. Тарихы тамырлас екі елдің мәдени-гуманитарлық байланысы, стратегиялық ынтымақтастығы туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов ой сабақтайды.

- Өткен жылдың есте қалар және бір тарихи оқиғасы, бұл Өзбекстанда Қазақстан жылының аталып өтілуі дер едік…

- Өзбекстан мен Қазақстан Орта Азия аумағындағы маңызды стратегиялық серіктес елдер. Қос мемлекетті бүгінгі экономикалық ынтымақтастықтың өзара тиімділігі ғана емес, ортақ тарих, мәдениет, руханият байланыстырады.

2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылы атап өтілді, ал 2019 жыл Өзбекстандағы Қазақстан жылы ретінде жарияланғанын өзіңіз де білесіз. Өзбекстанда Қазақстанның мәдениетін, тарихын дәріптейтін жоспарланған 85 мемлекеттік шара емес, 150-ге жуық шара өткізілді. Бұл Қазақстанның мәдениетін, тарихын тануға өзбекстандықтардың үлкен қызығушылық, қолдау білдіргендігінің дәлелі деп білеміз.

Өзбекстандағы Қазақстан жылы не берді?

Соның ішінде, әсіресе Қазақстан халқы Ассамблеясы көптеген маңызды жобалар мен іс-шаралардың жүзеге асырылуына мұрындық болғанын айта кету керек. Өзбекстанда өткізілген іс-шаралар негізінен екі бауырлас елдің саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық өзара ынтымақтастығын арттыруға, нығайтуға бағытталды.

- Бауырлас елдегі Қазақстан жылының бізге бергені не болды, кандай келісімді немесе оқиғаны тарихи жетістігіміз деп айтар едіңіз?

- Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында мемлекеттік деңгейде ғана емес, түрлі министрліктер мен ведомстволар деңгейінде де диалог алаңдары құрылып, әр салада екіжақты келісімдер жасалды. Шекаралық және аймақаралық байланыстар нығая түсті. Экономикалық серіктестікті жандандыру механизмдеріне жаңа леп берілді. Екі ел арасындағы сауда қатынасында толыққанды еркін сауда режимі қалыптасты.

Бүгінде, сандық дәйектер мен деректерді назарға алар болсақ, Өзбекстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 712 кәсіпорын жұмыс жасауда, Қазақстанның 14 компаниясының өкілдігі ресми аккредиттелген. Олардың ішінде «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-ның, «Қазинформ» АҚ-ның, «AirAstana» әуе компаниясының өкілдіктері бар.

Жалпы Өзбекстан нарығын қазақстандық кәсіпкерлер сауда, көлік-логистика, құрылыс материалдарын, тұрмыстық тұтыным тауарларын шығару секілді салалар бойынша игеруде.

2019 жылы Ташкентте «ЭСК «KazakhExport» және «Халық Банкі» АҚ-ның филиалдары ашылды.

Ал Қазақстан аумағында Өзбекстанның қатысуымен 416 бірлескен кәсіпорын құрылған.

Әсіресе, еркін сауда аймағын дамыту, көрші мемлекеттердің нарығын бірлесіп игеру, өндірістік кооперацияны тереңдету, ауылшаруашылығы, өндіріс, энергетика және телекоммуникация салаларында өзара тиімді ынтымақтастық түрлерін дамыту, көлік және транзит дәліздерін кепілді дамыту, инновациялық жән білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша көптеген жобалардың жүзеге асырылып жатқанына куә болып отырмыз.

Кәсіпкерлік ауқымын кеңейтуге арналған тағы бір қадам ретінде Өзбекстанның Қазақстан экспортқа шығаруға мүдделі тауарлар үшін акциз құнын төмендеткенін немесе кеден салығын мүлдем алып тастағанын айтуға болады.

2019 жылы Өзбекстанның Ташкент, Бұқара, Самарқанд, Сырдария, Хорезм облыстарынан Қазақстанға аймақтық делегациялар келді. Олардың сапарлары кезінде түрлі аймақаралық мәдени-гуманитарлық, экономикалық ынтымақтастықтар құрылып, жаңа жобаларға жол ашылды.

Бұдан өзге біздің тарихи тамырластығымыздың тағы бір дәлелі - «Ұлы Жібек жолының» аумағында екі елдің тарихи, архитектуралық ескерткіштерін жаңғырту, дәріптеу мақсатында туризм саласында ынтымақтастыққа қол жеткізілді.

Екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікке айналған достық байланыс аса қуантады. Және бұл қарым-қатынастың ғасырларға жалғасатындығына сенеміз. Бүгінде 2020 жылдың басында өтеді деп жоспарланған аймақаралық ынтымақтастық форумына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, қазір Өзбекстанның Қазақстанға сирек кітаптар мен қолжазбалар көшірмелерін ресми беруі туралы іс-шаралар бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Өзбекстандағы Қазақстан жылы не берді?

- Екі елдің достық байланысын нығайтуда Ассамблеянын рөлін айтып өтіңізші

- Қазақстан халқы Ассамблеясы 2018 жылы Өзбекстанның Министрлер кабинеті жанындағы ұлтаралық қарым-қатынас және достық байланыс жөніндегі Комитетпен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойған болатын. Ассамблеяның тікелей бастамасымен және қолдауының арқасында ҚР МСМ жанындағы сирек кітаптар және қолжазбалар Ұлттық орталығы мен Абу Рейхан Беруни шығыстану институты және Өзбекстанның Халықаралық ислам Академиясының арасында келісімге қол жеткізілді. Бұл жұмыстардың біздің халықтар арасындағы достықтың негізін бекітіп, мемлекет арасындағы мәдени гуманитарлық байланысқа жаңа серпін беретіндігіне сенімдімін.

Ташкент қаласына жұмыс сапары кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев «Орталық Азия – біздің ортақ үйіміз» І Халықаралық конференциясына қатысып, қазақстандық қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік моделін таныстырды. Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында «Қазақстанда тұратын өзбек халқының фольклоры» кітабының тұсаукесерін өткізді.

Өзбекстандағы Қазақстан жылы не берді?

Біздің бауырлас елдер арасындағы достық көпіріне айналған «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестіктерінің қоғамдық қауымдастығының қызметін де атап өтуге болады. ҚХА аясында «Дустлик» Қауымдастығы Қазақстанда ғана емес, Өзбекстанда да достықты дәріптеуге арналған түрлі іс-шаралар өткізіп келеді.

Қазақтың ұлы ойшылы Абай «Өзбек өз ағам» деп, оның қазаққа тонның ішкі бауындай жақын, бауыр екенін айтқан. Ал өзбек халқы "Дустинг козок булса йулингда асло адашмайсан" дейді. Яғни досың қазақ болса, өмірде ешқашан адаспайсың дейді. Бұл сөздерде бұрыннан ауылы аралас, қойы қоралас жатқан көрші екі елдің бір-біріне деген достық адал ниеті жатыр.

Біздің мақсатымыз өзбек халқының тілі мен мәдениетін сақтау, дамыту және түркітілдес халықтардың әдеби мұраларын жаңғыртып, халық ішінде тарату.

Өзбекстандағы Қазақстан жылы не берді?

Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен елордалық өзбек этномәдени орталығы жыл сайын өзбек ақыны Әлішер Науаи шығармашылығына арнап «Шығыс жұлдызы Науаи» халықаралық әдеби кешін ұйымдастырып келеді. Мұндай шаралар еліміздің басқа да аймақтарында өткізіліп тұрады. Бұл қазақстандық этностардың өзара байланысын нығайтып қана қоймай, олардың өз тарихи отандарымен қарым-қатынасын жолға қоюдың жақсы мүмкіндігі деп ойлаймын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға