Жаңалықтар

Өзбек этномәдени орталығының шығармашылық концерті өтті

Өзбек этномәдени орталығының шығармашылық концерті өтті
31.05.2019 20:54 2290

Өткен жексенбіде Нұр-Сұлтан қаласының «Жетісу» саябағында қала әкімдігінің демеушілігімен және Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен өзбек этномәдени бірлестігінің шығармашылық тобы концерт берді. 

Концертте «Пойтахт Ғунчалари» би ансамблінің кіші және ересектер тобы, «Пойтахт» вокалдық-аспаптық ансамблі, «Зие» этнолингвистикалық жексенбілік мектебінің оқушылары өнер көрсетті.

Атаулы шығармашылық топ қазіргі уақытта қалыптасқан ұжымдардың бірі де бірегейі.

WhatsApp Image 2019-05-29 at 23.04.31.jpeg

Өзбек этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Шахноза Аббозқызының айтуынша, «Пойтахт» вокалдық-аспаптық ансамблі 2010 жылы астаналық өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатовтың бастамасымен құрылған.

«Бастапқы кезеңде ансамбль құрамына Өзбекстаннан арнайы музыканттар шақырдық, себебі, елордада тиісті музыканттар жетіспеді. Яғни өзбек ұлттық аспаптарында ойнап, өзбек әндерін орындауға үйрететін мамандар қажет болды», – деді Ш. Аббозқызы.

Орталықтағы шығармашылық топтың бірінші концерті фестиваль форматында 2009 жылы «Менің Отаным – Қазақстан» атауымен өткен. Аталған фестивальға Алматы қаласы мен еліміздің басқа да өңірлерінен өзбектер қатысып, орындаушылық шеберлігін танытты. Ұжым жыл сайын есеп беру концерттеріне қатысып отырады.

Сонымен қатар Ш. Аббозқызы: «2011 жылы 7-ші Қысқы Азия ойындарын қолдау мақсатында Астана қаласы әкімдігінің және атқарушы дирекциясының демеушілігімен «Қазақстан алға!» атты концерт ұйымдастырылды, оған Нұр-Сұлтан қаласының барлық этномәдени орталықтары қатысқан еді. Біздің кең ауқымдағы алғашқы концертіміз осы болды», – деп баяндады.

Бүгінгі күні орталықтың шығармашылық тобы қалалық және республикалық концерттерге, фестивальдер мен байқауларға үздіксіз қатысады. Бірқатар жүлделі орындарды иеленген.

«Біз тек ересектердің шығармашылық әлеуетін дамытып қана қоймай, сонымен қатар жастарға және өсіп келе жатқан ұрпаққа да ерекше көңіл бөлеміз», – деп, сөзін қорытындылады өзбек этномәдени орталығы төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар орталықтың би ансамблінің жетекшісі Мухтарамхон Мамадалиханова ұжымның құрылуы жайында былай деді: ««Пойтахт Ғунчалари» би ансамблі 2010 жылы құрылды. Құрамында ЖОО студенттері мен мектеп оқушылары бар. Ансамбльдің дамуына Татьяна Бурумбаева мен Анастасия Кан сияқты тәжірибелі хореографтар өз үлесін қосып жүр».

WhatsApp Image 2019-05-29 at 23.04.34.jpeg


М. Мамадалиханованың өзі де би өнеріне жастайынан қызығушылық танытып, мектеп жасынан айналысып келеді. Бишілердің костюмін орталықтың мүшесі Ихтиера Ходжаева тігеді.

Ансамбль репертуарында өзбек классикалық, хорезм, халық биі бағыттарындағы билер бар. Би сабақтары Достық үйінің хореографиялық залында өтеді.

«Ансамбль мүшелері арнайы хореографтар қоятын талаптармен қабылданады. Олар биге қызығушылық танытып, топтық жұмыста белсенді қатысатын болуы керек. Топ мүшелерінің бой ұзындықтарының бірыңғайлығы да есепке алынады», – дейді ансамбль жетекшісі.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға