Жаңалықтар

Зарина Диястың өмірлік ұстанымдары

«Үлкен шлемде» топ жарсам деймін...
Зарина Диястың өмірлік ұстанымдары
15.05.2017 11:01 8939

Зарина Дияс – қазақстандық теннисші. Ол ITF турнирін бес рет жеңіп алған. 1993 жылдың 18 қазанында Алматы қаласында дүниеге келген. Тенниспен айналысуды Чехия елінде бастаған. Қазірде Қытайдың Гуанчжоуында жаттығады.

  • Мен ешқашан ырымдарға сенген емеспін, әсіресе – спортта. Спорт жоралғылармен жортатын жер емес. Бұл нәрсеге мен күнә деп қараймын, тіптен қарсымын. Теннисте тек өзіңе сенгенің дұрыс.

  • Қазақстан мен үшін әрқашан нөмірі бірінші Ел болып қала береді.

  • Қазіргі уақытта қайырымдылық жайлы жиі ойлаймын. Өмірде сәтсіздікке ұшырағандарға көмек беру парызымыз.

  • Менің қазір үлгі тұтатын тұлғам жоқ, себебі олардың бәрі менің қарсыластарым.

  • Болашақта уақытым болып жатса, психологиямен айналысқым келеді. Себебі, теннис психологиялық ойын санатында.

  • Адамдар спортшыларды тапқан табысына емес, жеткен жетістіктеріне қарай бағаласа екен...

  • Тенниспен айналысқысы келетін жас жеткіншектерге айтарым, үлкен жетістіктерге жету үшін қажырлы еңбектену қажет. Көп нәрсені құрбан етуге тура келеді, жан аямау керек. Сонда ғана бір жеңістің ұшы көрінеді.

  • Теннис – көп қаржыны талап ететін спорт түрі. Алғашқыда барлық шығындарымды тек ата-анам көтерді, сол уақытта Чехия елі қолдау танытқысы келіп, азаматтығымды өзгертуды сұрады. Бірақ, алғашқы жетістіктерімнен соң, Қазақстанның теннис федерациясы хабарласып, менің шығындарымды мойындарына алды. Чех туынан осылай бас тарттым.

  • Мен алға қойған мақсаттарыма жету үшін аянбай тер төгіп келемін. Ең үлкен арманым – «Үлкен шлем» турнирін жеңіп алу. Осы мақсатым мені алға қарай жетелеп, көбірек жаттығып, өзімді шыңдай түседі.

  • Мақсатым жетерлік. Әрине, барлығына бірден қол жеткізе алмайсың. Шыдамдылық мен күш-қайрат ойда жүрген жоспарларыңды жүзеге асыруға көмектеседі.

  • Қазақстанда замануи теннис академиясын ашқым келеді. Бұл спорттың елімізде қарқынды дамығанын қалаймын. Республикамыздың түкпір-түкпіріндегі жас чемпиондарды тауып, теннистің дамуына аз да болса үлес қосқым келеді.

  • Жеңістер мен жеңілістер – спорттың ажырамас бөлігі. Жеңіске жетсең, әлбетте, тамаша. Бірақ, жеңіле де білу керек. Ол сені шыңдайды, тағы көбірек еңбектенуге итермелейді. Бұл да өзіндік тәжірибе. Ең бастысы – ешқашан берілмей, алға ұмтылу.

  • Мен үшін ең жарқын есте қалғаны – Серена Уильямспен өткізген кездесуім. Әлемдік рейтингтің көшбасшысымен жақсы, тартысты ойын өткіздім деп ойлаймын. Осыдан кейін өз күшіме сеніп, топ-теннисшілермен де иық тірестіре алатыныма көзім жетті.

  • Отбасым – менің барым. Олар маған барынша көмектеседі. Отбасым мен достарым алға жетелеп, әрқашан қолдап отырады. Әр сайыстың басында мен туғандарыммен тілдесуге тырысамын. Олар баға жетпес күш пен энергия сыйлайды.

  • Медиа саласы мені өте қызықтырады. Келешекте бұл саланың ішкі «асханасына» кіріп көргім келеді.

  • Ең бастысы – деннің саулығы. Дұрыс тамақтанып, спортпен шұғылдану керек. Көп саяхаттап, өзіңді дамытумен айналысқанға не жетсін. Сол секілді кәсіби тұрғыдан да өсу қажет.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға