Жаңалықтар

ЗАРҚЫН ТАЙШЫБАЙ: АБЫЛАЙ АҚ ҮЙДІ ҚАБЫЛДАМАДЫ

31.12.2018 09:00 2592

Қазақ халқының тарихи шешуші кезеңінде билік құрған ұлттың ұлы тұлғасы Абылайханның ат үстінде өткен ерлік пен елдікке толы өмірі туралы тарихшылар арасында қарама-қайшылы пікір көп. Бүгінгі абылайтанушылардың ішінде кесек пікірімен танылып жүрген М. Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбаймен осы жайында сұқбат құрған болатынбыз.

- Әңгіменің әлқиссасын ұлы ханның өмірдерегін нақтылаудан бастасақ. Абылай ханның өмірі мен қызметіне байланысты әртүрлі алыпқашпа пікірлер айтылып жүр, соның ішінде туған-өлген жылдары туралы екі түрлі мағлұмат бар. Бұған байланысты не дейсіз?

- ХХІ ғасырдың басына дейін Абылай ханның өмірдерегінде 1711 жылы туған, 1781 жылы қайтыс болған деген мағлұмат тараған. ХІХ ғасырдағы шетелдік және Ресей энциклопедияларында, орыстың кейбір зерттеушілерінің еңбектерінде осы жылдар даусыз ақиқат ретінде жазылып келді.

Әлбетте, қазақ зерттеушілері де бұған күмәнмен қараған жоқ. Бірінен бірі көшіріп жаза берді. Себебі – түсінікті, жазу-сызуы болмаған, хатқа түскен деректері сақталмаған деген сияқты, анықтап тексеруге ешкім батпаған. Жалғыз бұлар емес, Абылайдың өмірі мен қызметі тек аңыз, ертегі деңгейінде таралған. Тіпті, күні бүгінге дейін, қазіргі тарих ғылымдарының докторлары мен академиктер де, «Бұқар жырау былай деген», «Үмбетей жырау былай деген»..., басқасын айтпай-ақ қояйын, сол «дегендерді» ақиқат дерек ретінде қабылдап келеді.

Ал, менің жағдайым басқа. Аңыздарды да, жыраулар мен жырау еместердің айтқандарын да құрметтей отырып, шындыққа көз жеткізбей, дәлірек айтқанда, «көзбен көрмей», құлақпен естігендерден ғана ой қорытындылайтын мен емес. Абылайдың дүниеден озғанына 238-ақ жыл болды. Мен бұрын да айтқанмын, Бері қойғанда мыңжылдық қазақ тарихымен салыстырғанда, кеше ғана. ХҮІІІ ғасыр әлемдік тарихта жаңа заман деп есептеледі. Ендеше, қазіргі және келер ұрпақты ертегі емізіп, аңызбен асырай беру обал болады. Қаттырақ айтсам, «қараңғылық» деген осы.

Ең алдымен сол 1711-1781 деген сандардың қайдан келгеніне, кім, қашан шығарғанына назар аударып көрдім. Таба алмадым, ешқандай негіз жоқ. Тек, 1781 жылғы мамыр айында Абылайдың үлкен ұлы Уәли сұлтанның орыс әкімдеріне жазған хатындағы: «...әкем алпыс тоғызға қараған жасында бұл дүниеден өтті...» дегені ғана бар. Осыған қарап, орыстың хатшылары толық емес 1781-ден толық 69-ды алып, толық емес 1712, яғни 1711 деп қағазға түсірген деп түсінемін. Осы есепті мұқият қарасаңыз, Абылай 1712 жылы туған болады. Хош. Әрі қарай есептейік, Абылай «69-ға қараған жасында» қай айда қайтыс болған?

«Қазақтың ханы – Абылай» деген кітабымның 2-томының 394-413-беттерінде жазба деректер бар.  Яғни, 1780 жылы күзде, дәлірек айтқанда, қыркүйектің 10-15 күндері Абылай хан Арыс бойында болады, тірі. Жанында  Шыңғыс пен Есім деген ұлдары, атығай Дат батыр бар. Бұған Абылайдың қасынан шығып, ханның солтүстіктегі қысқы ордасына келген  Жағда Османов (орысша Ягуда Усманов) деген татар молласы куәлік етеді. Ханның хатшысы қызметін атқарған әрі орыстар тарапынан Абылайдың ізін бағатын тыңшы болған. Сол тыңшылығы үшін ақша алады, жалдамалы қызметкер ретінде шындықты жеткізіп, қол қояды. Деректің шындығына жауап береді.

Екіншіден, Абылай туралы ауызша деректерде «Хан жетпіс жыл жасаған» деген сөз кездеспейді. Бұл да маңызды. Демек, Абылай хан 1780 жылғы қыркүйектің ортасы мен қазан айының ортасында қайтыс болған. 68 жаста екенін айтсақ, 1713 жылы туған болады. Уәли сұлтан «әкем 50 жыл бойы патшаға қызмет етті» дегенде, жырауларымыздың «дәл жиырма жасыңда...» деп келетіндерін қоса есептесек, Абылайдың Көкшетау бауырына келуі 1732-33 жылдарға сәйкес келеді. Бұл қай кез екені мәлім. Кіші жүздің ханы Әбілқайыр мен Орта жүздің ханы Сәмекенің «ақ патшаға адалдық сертін беріп, тату-көршілік шартын жасасқан» жылдар. Бірақ, Сәмеке хан шартты бұзып, императрицаның алдында жазықты болып қалады да, қауіптеніп, Орта жүздің Ресеймен шекарасын бекіте бастайды. Тобыл бойына Құдайменде сұлтанды, Ертіс шебіне Сұлтанмахмұт сұлтанды, Көкшетау-Есіл өңіріне Абылай сұлтанды тағайындап, аймақтық басқару тәртібін енгізіп, әкімшілік реформа жасайды. Бұл айтылғандар – дау туғызбайтын ақиқат.

- Абылайдың ақ үйі бүгінде тарихтың тамаша ескерткіші ретінде қалпына келтірілді. Бұл үй туралы не білесіз, оның тарихымен бөлісіңізші.

- «Естіген құлақта жазық жоқ» екені рас. Бірақ, сол естігенімізді сабырмен таразылап, асықпай-аптықпай, ойланып көрсек қайтеді. Әуелі, сол кездегі, ХҮІІІ ғасырдағы бүкіл әлемдік жер бөлісін, Еуразия құрлығындағы құбылыстарды, Қазақ хандығының гео-саяси жағдайын білу керек. Одан кейін Абылай сұлтанның адам ретіндегі, азамат, қолбасшы, билеуші ретіндегі ерекшелігін, мінез-құлқын білу керек.

Мен айта-айта қажыдым. Тек «Абылай сұлтан сияқты азамат алтыннан салып берген ордаға да бас сұқпас еді» деген қызылжарлық Тамара Макарова деген өлкетанушыны тыңдамадық. Жарайды, «Ресей патшасының жарлығымен салынған бекіністен жарты шақырым жерде тегін тұрғызып берген бес бөлмелі үйде Абылай хан шіреніп жатсын-ақ, сонда, артындағы қалың қазағы оны   сұлтан ретінде, хан ретінде сый-құрметке бөлер ме еді? Оның Алатаудай абырой-атағы ауыздан-ауызға, ғасырдан-ғасырға ұласып, туған жерге, елге деген адалдықтың ұранындай күшке ие болар ма еді? Жоқ. Нағыз сатқын болар еді!

«Ақ үйдің» қалай, қашан, неге салынғаны туралы дерек білгіңіз келеді ғой. Мұндай деректер бар. Ақ қағазға қара сиямен, айы-күні, адамдардың аты-жөні көрсетіліп жазылған құжаттар сақталған. Жаңағы айтқан «Қазақтың ханы –Абылай» деген кітабымның 217-225-беттерінде бұл туралы жазылған: «Петропавл бекінісінен 250 шақырым жерде» деп атап көрсетілген... «1765 жылғы 1 мамырда Абылай өзінің Бөрі сұлтан деген ұлына бастатып, Петр ағзам бекінісіне 14 қазақты жіберіпті. Олардың орнына 20 балташыны құрал-сайманымен беруді сұрапты. 11 мамыр күні Петропавлдан 20 адамды 8 арбамен Құттыбаев Бердібай және Құттыбаев Әлмәмбет бастап Абылай ауылына аттанып кетеді. Оларға бекіністен екі айлық тамақ беріледі. Бес бөлмелі «хором» салынады. 6 қыркүйекте Андрей Бедрин бастатқан орыстар Петр ағзам бекінісіне қайтып оралады. Бір ат жолда өледі, басқасы аман. Ал, Ленивцов деген каптенариус адасып кетіп, ертеңінде келген...»

Абылай ханға арнап музей тұрғызу, оны жасақтау - аса қажет, сауапты жұмыс. Абылай хан ондай құрметке, тіпті одан да артық құрметке лайық. Солай бола тұрса да, «1765 жылы Ресей патшасы Абылайдың орыс-қазақ достығын нығайтқаны үшін оған Петропавл бекінісі басынан Ақ үй салып беріпті. Абылай оны қабыл алыпты» деу және сол өтірікті «дәлелдеу» үшін  тарихи шындықты өрескел бұрмалау – ұлы ханның әруағы алдында үлен күнә дегеннен басқа айтарым жоқ.

- Абылайтанушы ретінде, оның қандай тұлға болғанына баға берсеңіз? Біз Абылайды өз дәрежесінде танып жүрміз бе?

- Абылай ханның бағасы бізге дейін беріліп қойған: "Абылай дәуірі – қазақтың ерлігі мен серілігінің ғасыры" деген Шоқан Уәлиханов. «...Қалмақтың ханы Қалдан Шерін тұсында қалмақтың құтын қашырып, Сарыарқадан аудырған, басына қара қан жаудырған Абылай хан екен. Абылай заманында сүрген дәуренді Қазақбайдың баласы Абылайдан бұрын Адам атаға шейін көрген емес, Абылайдан соң, бұл заманғаша көрген емес» деген Мәшһүр Жүсіп ғұлама.

“Қазақтың дербес ел болуына, әрі-беріден соң, қазақтың қазақ болуына, басы қосылып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруына ерен еңбек сіңірген Абылайдан артық адам болмас” Өйткені, “... сол аласапыран дәуірде қалың елдің “қайраңдап жан қала ма” деген “Қазықұрттай» үміті жалғыз ғана Абылай басында қалған болатын. Ескі қазақ елдігін, ескі жұрттың тілегін, ту көтеріп бір араға жиған Абылай болатын”, деген данышпан Мұхтар Әуезов. Басқа қандай баға болуы мүмкін.

- Абылай трагедиялық тұлға дегендермен келісесіз бе?

- Жоқ. Мен республикалық конкурста жеңіп, әрқайсысы үш жылдан екі рет мемлекеттің миллиондаған қаржысын ұтып алып, 20 жыл бойы Абылайды зерттеген адаммын. Әуесқойлық емес, мемлекеттік тапсырыспен. «Абылай хан» деген атпен 2005 жылы құжаттар жинағын толық түсіндіріп, монографиямен шығардым. 2011 жылы «Мәдени мұра» жобасымен «Қазақтың ханы – Абылай» деген 1360 беттік екі том шығардым. Қазақ тарихында тұңғыш рет. Сол еңбектерімде мен Абылайдың тұтас тұлғасын беруге тырыстым. Мінезі де, батырлығы да, ішкі мәдениеті де...

Тек аңыздардан, «сабалақтардан», «Төле бидің түйесін бағудан», «Бөгенбай батырға мінгескеннен», «Шарыштың басын алғаннан»...аулағырақ, сау баспен ойлап, тарихты ғылым ретінде зерттеуге қадам бассаңыз-ақ, шындық шырқырап шыға келеді.

Сұқбаттасқан Нұргүл Қалиева

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға