Жаңалықтар

Заңсыз активтерді елге қайтару үшін уәкілетті орган мен комиссия құрылады

Заңсыз активтерді елге қайтару үшін  уәкілетті орган мен комиссия құрылады
Фото: parlam.kz 07.06.2023 16:01 1010

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын таныстырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұрланған, заңсыз алынған активтерді қайтару процесі – мемлекетаралық тиімді ынтымақтастықты талап ететін, мемлекеттік құрылымдардағы жүйелі еңбекті қажет ететін өте күрделі жұмыс.

Заң жобасының негізгі концепциясы – заңсыз алынған активтерді қайтару үшін заңнамалық параметрлерді айқындау. Заң жобасы аясында Арнайы уәкілетті орган мен комиссия құрылады, заңды және жеке тұлғалардың жабық реестрі жасалынып, мемлекеттік қор жасақталады. Заңға жеке және заңды тұлғалардың шектеулі тобы, яғни заңсыз әрекеттер арқылы байлыққа, активтерге ие болған адамдар жатады, - деді депутат Бейсенбаев.

Бұл ретте жеке тұлғалар қатарына негізсіз байлыққа ие болған және оларға қатысы бар адамдарды жатқызуға болады, оның ішінде:

1) жауапты мемлекеттік лауазымды, мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік секторда басқару функцияларын орындау барысында әкімшілік-билік ресурстарына ие болған адамдар жатады;

2) әкімшілік-билік ресурстарын пайдалана отырып активтерге заңсыз иемдену мен кәсіпкерлікке заңға қайшы, бәсекелестіктен тыс арнайы қолайлы жағдай жасауға ықпалдасу.

Активтерді қайтаруға бағытталған шаралар осы жеке тұлғалармен тығыз байланыста болған, заңсыз сыбайластық орнатқан өзге тұлғаларға да қолданылады. Мәселен, жақын туыстары, таныстары, көлік жүргізушісі, қызметшісі және олардың мүлкіне номиналды иелік ететін адамдар. Осылайша, аталған Заң жобасы ірі сыбайлас жемқорлыққа және республикалық, жергілікті деңгейдегі әкімшілік-билікпен біте қайнасқан олигополиялық топтарға қарсы пәрменді шаралар енгізеді, - деп толықтырды мәжілісмен.

Заң жобасында активтерді қайтарудың ерікті немесе мәжбүрлі тәртібі көзделген: ерікті түрде қайтару. Өздеріне тиесілі мүлікті мемлекетке өтеусіз беру жолымен жүзеге асырылады; соттардың шешімдері негізінде қылмыстық процесс шеңберінде заңсыз алынған активтерді тәркілеу; соттардың активтерді негізсіз байлық ретінде тану туралы шешімдерінің негізінде және мүліктің қылмыстық шығу тегі болған кезде заңсыз алынған активтерді мәжбүрлеп қайтару; соттардың немесе шет мемлекеттердің өзге де уәкілетті органдарының шешімдері негізінде тәркілеу.

Жалпы заң аясында – арнайы Комиисия құрылады, заңды және жеке тұлғалардың реестрі пайда болады, арнайы Мемлекеттік қор мен уәкілетті орган құрылады, - деді Елнұр Бейсенбаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға