Жаңалықтар

Заңнаманы бизнеске қойылатын артық талаптардан тазарту керек – Смайылов

Бұл туралы Үкіметтің ресми сайты мәлімдеді
Заңнаманы бизнеске қойылатын артық талаптардан тазарту керек – Смайылов
Фото: primeminister.kz 04.11.2022 09:31 1542

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте бизнестің проблемалық мәселелерін шешу, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын негізсіз талаптарды қайта қарау және қысқарту жөніндегі жұмыс барысы қаралды, деп хабарлады El.kz. Бұл туралы Үкіметтің ресми сайты хабарлады. 

Сайтта Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықовтың 44 қызметтің 26 саласында реттеуші актілерді талдау жалғасып жатқанын хабарлағаны айтылған. Бұл жұмысты 2023 жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр. Бұл ретте мемлекеттік органдар бұрын талданған 18 сала, оның ішінде ауыл шаруашылығы, құрылыс, мұнай өндіру, көлік және сауда бойынша құқықтық және заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу рәсіміне кірісті.

Премьер-Министр басқа салалардағы реттеуші актілерді талдауды тездету қажеттігіне назар аударды және осы жұмысты жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Оның айтуынша, бизнеске қойылатын артық талаптарды жою үшін заңнамалық өзгерістер жедел енгізілуі тиіс.

«Тездету керек. «Атамекен» ҰКП тарапынан қолдау тапқан және мақұлданған талаптар бойынша заңнаманы «тазарту» қажет: бұл нормаларды бұйрықтар мен қаулылардан алып тастау керек. Талдау жұмысы аяқталғанша күтпеңіздер. Қажетсіз талаптар анықталды ма? Жұмысын тоқтату үшін оларды жою бойынша дереу шаралар қабылдау қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ кеңесте бизнестің проблемалық, оның ішінде Отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырыстарында көтерілген мәселелерді шешу бойынша тапсырмаларды орындау барысы қаралды.

«Бизнес Үкіметтің алдында проблемалары туралы мәселе көтереді, ал біз олар бойынша өз ұстанымымызды білдіреміз. Әркез ортақ пікірге келе бермеуіміз де мүмкін, өйткені Үкімет бюджет мүмкіндіктерін, барлық әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып шешім қабылдайды. Бірақ кәсіпкерлер қашанда келіспейтін тұстарын айта алады. Біз диалогқа дайынбыз, осы тақырыптарды талқылап, келісілген шешімдер қабылдаймыз», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр мемлекеттік органдардың жұмысындағы мәселелер бойынша нақты кесте құруды және жыл соңына дейін олардың Ұлттық палатамен бірлесіп қаралуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Бұл процеске серпін беріп, шешім қабылдау мерзімін қысқарту керек. «Темірді қызған кезінде соқ», мәселелерді қазір шешу керек. Түптеп келгенде, біз кәсіп иелері тиісті жобаларын іске қосып, жұмыс орындарын құруы және елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартып, халықтың табысын арттыруы үшін оңтайлы бизнес ахуал қалыптастыруға жұмыс істейміз. Барлық мемлекеттік органдар, біздің барша әріптестеріміз осыны ескеруі тиіс», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Талқылауға Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Райымбек Баталов қатысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға