Теннис федерациясы

Заңғар Нұрланұлы US Open Juniors турнирінің жартылай финалына өтті

04.09.2025 23:40

Отандық теннисші Заңгар Нұрланұлы — US Open жасөспірімдер турнирінің жартылай финалына шыққан алғашқы қазақстандық атанды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қазақстандық теннис жаңа белеске көтерілді. Заңғар Нұрланұлы еліміз тарихында тұңғыш рет US Open жасөспірімдер арасындағы жекелей сында жартылай финалға жолдама алды.

Аңызға айналған Флашинг-Медоус кортында өткен ширек финалда отандық спортшы ресейлік Тимофей Дерепасконы (ATP рейтингі – 925) сенімді ойынымен 6:2, 6:4 есебімен жеңді. Кездесудің алғашқы сәтінен-ақ Заңғар Нұрланұлы қарқынды ойын өрнегін көрсетіп, тәжірибелі әрі агрессивті ойынымен қарсыласына мүмкіндік бермеді.

Бұл жеңіс — жай ғана алға жасалған қадам емес, ол қазақстандық жасөспірімдер теннисі үшін жаңа дәуірдің бастауын айқындайтын үлкен серпіліс. Енді финалға жолдама үшін Заңғар әлемдік ITF Juniors рейтингінің бірінші нөмірлі спортшысы, болгар Иван Иванов пен германиялық Максим Шонхауэс арасындағы матч жеңімпазымен кездеседі,-деп атап өтті Теннис федерациясы.