Жаңалықтар

Заңға бағынбайтын жұлдыздар

Заңға бағынбайтын жұлдыздар
Фото: Коллаж El.kz 05.07.2024 15:40 7356

Соңғы жылдары отандық жұлдыздардың басы жиі дауға қалып жүр. Олардың бірі әуежайда, енді бірі көшеде шу шығарып жатады. Бүгін ұшақта басы дауға қалған Қайрат Нұртасқа сот үкім шығарып, әншіні 15 тәулікке қамауға алды. Осы ретте  El.kz тілшісі даулы оқиғалармен есте қалған эстрада жұлдыздарына шолу жасады.

Қайрат Нұртас

Күні кеше қазақстандық әнші Қайрат Нұртас ұшақта төбелес шығарды. Көліктегі полиция департаменті «Алматы-Астана» бағытындағы ұшақ бортында төбелестің болғанын растады. Нұртас Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің екі бабы бойынша жауапқа тартылды. Бүгін сот үкімі шығып, Қайрат Нұртас 15 тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалды.

«Алматы-Астана» рейсінің бортында әнші мен жәбірленуші Асылжан Берікқалиевтің арасында жанжал туындаған. Бұған дейін бортсеріктер құқық бұзған екі азаматты ұстап, полицияға тапсырған.

Сотта екі тараптың уәжі айтылып, оқиғаның қалай болғаны белгілі болды. Әнші өзін жәбірленуші екенін мәлімдеп, судьядан айыппұл түріндегі жазаны сұрады.

Бұдан екі ай бұрын Атыраудағы мейрамхана иесі танымал қазақстандық әнші Қайрат Нұртасты сотқа берген еді. Әнші жаңажылдық кеште өнер көрсетуге тиіс болатын. Алайда ұйымдастырушылар әншінің шамамен 5 миллион теңге болатын шығыстарын жаба алмайтындықтан концертті өткізбейтін болып шешім қабылдап, алдын ала ескерткен. Әншінің өкілдері 1000 доллар көлеміндегі авансты қайтаруға бас тартқан.

Биыл сәуірде Қайрат Нұртас қоғамдық орында балағат сөз айтқаны үшін жазаланды. Полицияның хабарлауынша, Қайрат Нұртасқа ұсақ бұзақылық үшін оған 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Былтыр өнер иесі жол ережесін өрескел түрде бұзған еді. Оқиға Жамбыл облысында болған. Сол кезде Mercedes-222 маркалы көлігін басқарған әншіге әкімшілік хаттама толтырылып, 10 350 теңге көлемінде айыппұл салынған еді.

2021 жылы Қайрат Нұртас Алматыда карантин кезінде тойда өнер көрсеткені үшін айыппұл арқалаған еді. Оған 30 АЕК (87 510 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Төреғали Төреәлі

Былтыр әнші ТөреғалиТөреәлі Алматыда есірткіге мас күйде ұсталған болатын. Кейінірек Төреғали Төреәлі 20 тәулікке қамалып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды. Алайда әншінің адвокаттары өз клиенттерінің құқығы бұзылғанын айтып, наркологиялық сараптаманың қорытындысымен келіспейтіндерін мәлімдеді.

Сондай-ақ, оның үстінен қылмыстық кодекстің 308-бабы «Билік өкілін қорлау» бойынша іс қозғалған еді.

Бұдан өзге 2022 жылы әншінің басы тағы дауға қалды. Төреғали Алматы облысы Көлсай көлдері маңында гид қызметін атқаратын жігітті соққыға жыққан болып шығып, артынша әнші уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Кейін әншінің өзі де жанжал неден шыққанын түсіндіргеннен кейін жігіттен кешірім сұрап, татуласқан болатын.

Сонымен қатар 2017 жылы Павлодардағы концертте  ел алдында өзін ренжіткен қарияға дөрекі сөйлеп, кезекті рет «мінезін» көрсетті басы дауға қалған болатын. Артынша әнші Төреғали Төреәлі республикалық ақындар айтысында халықтан кешірім сұрады.

Тұрсынбек Қабатов

Жақында белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатов та ұшақ бортында мас күйде әдепсіз сөздер айтып, жанжал шығарып, 5 күнге қамауға алынған болатын. Әкімшілік іс қозғалып, 5 күнге қамауға алынған азаматтың Тұрсынбек Қабатов екенін Жоғарғы сот растады. Ол ұшақ бортында мас күйде әдепсіздік жасаған.

Тұрсынбек Қабатовқа қатысты істі Астана қалалық әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап, кінәсі дәлелденді.

Айыпталушы ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол әкімшілік жазаға тартылды - 5 тәулікке қамауға алынды, - дейді Жоғарғы сот.

Ғабит Бибасыұлы

Жақында «Меломен» тобының әншісі Ғабит Бибасыұлының басы дауға қалған болатын. Әншінің бұрынғы әйелі Нұрилла Ақберген Анна Данченкоға берген сұхбатында алғаш рет ажырасуының себебін айтқан болатын. Нұрилла Ақберген күйеуі оны ұрғанын жасырмады.

«Күйеуімнен 5 жыл таяқ жедім» деген блогер Нұрилла Ақберген жеке парақшасында өнер иесінің тікелей эфирдегі айтқан сөзінен үзінді жариялады.

Өнер иесі тікелей эфирде әйеліне ешқашан қол көтермегенін растаған.

Өзім ешқашан әйеліме қол көтермегенмін. Себебі ол кісінің өзі де ондай жағдайға апармаған. Сол үшін ақылды әйел қол көтеруге дейін мәжбүрлемейді. Ақылсыз әйел ғана өзіне қол көтерткізеді. Мен осыны барлық ер-азаматтың атынан айтамын, – деді әнші.

Блогер келіншек әншінің сөзіне қарсы шығып, тұрмыста зорлық-зомбылық көрген қыз-келіншектерге қолдау білдірді.

Ұру – қылмыс. Сұлуларым, қол көтереді екен деп өзімізді ешқашан кінәлі сезінбейік. Қол көтереді екен деп ұратын адамды ақтамайық. Ұратын қолдың иесі ғана жауапты және кінәлі. Ақымақ еркектер, әлсіз еркектер, еркексымақтар ғана әйелге қол көтереді. Қол көтергенін әйелдің ақымақтығына, ақылсыздығына асып қояды. Дегенмен, барлық ерлер дәл бұл видеодағыдай емес. Бұлар зорлық-зомбылыққа қарсы еркектер еді ғой, – деп ренішін білдірді блогер Нұрила Ақберген.

Мұрат Құсайынов

2019 жылы әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің жетекшісі әрі солисі Мұрат Құсайыновқа қатысты іс қозғалған болатын. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабы 1-бөлігі «Билік өкiлiн қорлау» бойынша айып тағылған еді.

Белгілі болғандай Құсайынов сол жылы 14-ші сәуірде астана әуежайының ғимаратында бортта тіркелген бұзақылықты алдын-ала тергеу кезінде әуежайдағы полиция бөлімі қызметкеріне тіл тигізген.

Әуе компаниясының айтуынша, әнші қызметкер қызды ұрып жіберген. Алған соққыдан қызметкер қыз жерге сұлап түсіпті. Ал әнші өз кезегінде музыкант қызметші қызға қол көтермегенін айтты. Құсайыновтың сөзінше, әуе компаниясының қызметкерлері ұшаққа отырғызу алдында одан аяқ киімін шешуді талап еткен. Әнші бас тартқан соң, оны қызметкерлер рейске кіргізбеген. Құсайынов жауап ретінде қызға ұрысқанын ғана айтады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға