«Заң мен тәртіп»: шамамен 8 мың азамат тегін заң көмегін алды
23 маусымда елімізде «Заң мен тәртіп» атты ақпараттық-түсіндіру апталығы басталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
ҚМА мәліметінше, бұл республикалық акция аясында прокуратура, полиция, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, қаржылық мониторинг органдарының қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, азаматтарды қабылдауды ұйымдастырды. Қабылдаулар ірі сауда орталықтарында және ХҚКО-ларда өткізіліп жатыр.
Акцияның басты мақсаты – азаматтарға заңгерлік кеңес беру, заңнама мен мемлекеттік қызметтерді алу тәртібін түсіндіру, сондай-ақ жүйелі проблемаларды анықтау, - делінген мәліметте.
Алғашқы екі күннің өзінде құқық қорғау органдарының өкілдері шамамен 8 мың жуық азаматты қабылдады.
Өтініштер әртүрлі тақырыптарды қамтыды: жер қатынастары, тұрғын үймен қамтамасыз ету, балалардың қауіпсіздігі, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, әлеуметтік төлемдер, сондай-ақ интернет-алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл мәселелері.

