Жаңалықтар

Заң әрдайым халық үшін ашық – Қайрат Тастекеев

Заң әрдайым халық үшін ашық – Қайрат Тастекеев
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі 19.01.2024 13:29 1396

2023 жылдың 2 қазанында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заң аясында қазақстандықтар үшін петиция жазудың ережелері мен тәртібі өзгерді. Бұл туралы El.kz  ақпарат агенттігіне Сенат депутаты Қайрат Тастекеев тарқатып айтып берді.

El.kz: Қайрат  Құлбайұлы, петиция туралы Заң сәуір айында күшіне енеді. Демек, ол күнге дейін қазақстандықтардың жазған петициясы заңды күшіне енбейді ме? Осы уақыт аралығында қазақстандықтардың жазған петициясы қалай жұмыс істейді?

Қайрат Тастекеев: 2 қазанда Президент петиция институты қарастырылған заңға қол қойды. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007 жылғы 18 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысына сәйкес, Конституцияның 62-бабының 2-тармағына сай Парламент қабылдаған заңға мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін ғана ол тиісті заңдық күшке ие болады. Осы заңның 2-бабына сәйкес, ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін 6 ай өткен соң қолданысқа енгізіледі. Яғни осы жылдың 1 сәуірінен бастап. Петиция институтын реттейтін заң қолданысқа енгізілгенше, жолданымдарды (арыз немесе шағым), сонымен қатар ұжымдық жолданымдарды қарау тәртібі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексімен реттеледі.

El.kz: Петиция жазудың қандай тәртібі мен шарттары бар? Кімдер петиция жаза алмайды?

Қайрат Тастекеев: Петиция жазудың тәртібі мен шарттары заңда толық қарастырылған. Петицияны Қазақстан Республикасының азаматтары арнайы интернет-портал арқылы бере алады. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте петицияларды беру және қарау тәртібі бекітілген, ол әдеттегі өтініштер бойынша белгіленген рәсімдерден айтарлықтай ерекшеленеді.

Арыз иесі петицияны мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган айқындайтын интернет-ресурс арқылы не мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жазбаша арыз түрінде интернет-ресурста орналастыру үшін береді.

Петицияда:

1) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері, электрондық мекенжайы;

2) петиция берілетін мемлекеттік органның, жергілікті өкілді және (немесе) атқарушы органның атауы;

3) арыз иесі өкілінің тиісті өкілеттіктерін растайтын құжаттың көшірмесі (егер петицияны оның өкілі берсе);

4) петицияның мазмұны, сондай-ақ петицияның нысанасы бойынша дәлелдер мен ұсыныстар көрсетіледі.

Қажет болғанда арыз иесі немесе оның өкілі растайтын құжаттарды және өзге де материалдарды петицияға қоса береді. Сонымен қатар, петицияны интернет-ресурста еркін қолжетімді етіп орналастыру үшін петицияға қойылатын  нақты шарттар заңда бар.

Атап айтсақ, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган айқындаған нысан бойынша және тәртіппен 10 жұмыс күні ішінде электрондық нысанда және 20 жұмыс күні ішінде жазбаша түрде Қазақстан Республикасының кемінде 50 азаматының петицияға қосылуы, петицияны берген кезде интернет-ресурста дәл сондай нысанадағы петицияның болмауы және тағы да басқа шарттар заңда белгіленген.

Азаматтар басқару нысанын, республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысы мен мемлекеттік шекарасын өзгерту, сот төрелігі, адамдарға рақымшылық және кешірім жасау, ұлттық қауіпсіздік сияқты және заңда қарастырылған басқа да мәселелер бойынша петиция бере алмайтынын атап өту маңызды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша» заңына сәйкес, петицияны Қазақстан Республикасының азаматтары ғана бере алады.

El.kz: Заң бойынша әкімдер мен министрлерді петиция арқылы қызметінен кетіре алмайды. Бұл заң халық үшін қаншалықты ашық деп айтуға болады?

Қайрат Тастекеев: Бұл заңда әкімдер мен министрлерді петиция арқылы қызметінен кетіру нормалары қарастырылмаған. Сұрағыңызда айтылған лауазымды тұлғаларды қызметінен босату тәртібі петиция институтын реттейтін заңның аясына кірмейді, бұл сұрақ басқа заңдармен реттеледі.

Заң әрдайым халық үшін ашық. Себебі «Құқықтық актілер туралы» заңына сәйкес, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау оларды қолданудың міндетті шарты болып табылады. Заңдар елдің бүкіл аумағында таратылатын баспасөз басылымдарында жарияланады.

Сонымен қатар, петицияны заңда белгіленген тәртіпте еліміздің азаматтары бере алады немесе оған қосыла алады. Заңға сәйкес, петицияны қарау нәтижелері бойынша қабылданған шешім интернет-ресурста шешім шығарылған күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде орналастырылады.

Меніңше, Қазақстанда петициялар беру және қарау туралы заңның қабылдануы елдегі демократия мен адам құқықтарын нығайтуға жасалған елеулі қадам.

El.kz: Онлайн петицияның артықшылықтарын атап өтсеңіз. Петицияны жазудан жауап алуға дейінгі процесс қанша уақытқа созылады?

Қайрат Тастекеев: Петиция – мемлекеттік органға, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органға электрондық құжат нысанында жіберілген және осы кодексте белгіленген тәртіппен қаралатын ұжымдық хабар, үн қосу немесе ұсыныс. Заң азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың тағы бір құралы. Петициялар институтын енгізу, мемлекеттік басқару органдары мен жұртты алаңдатып отырған мәселелер бойынша талқы ұйымдастыру, баршаға тиімді шешімдер қабылдау үшін керек және бұл билік пен қоғамды жақындастырудың, біріктірудің көпірі деп есептеймін.

Заңда петицияларды қарау мерзімі нақты көрсетілген, ол мына мерзімді құрайды:

1) петицияны қарау орталық мемлекеттік орган тіркеген күннен бастап 40 жұмыс күнінен аспауы қажет;

2) петицияны жергілікті өкілді және (немесе) атқарушы орган тіркеген күннен бастап 20 жұмыс күнінен аспауы қажет.

Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган шарттарға сәйкестікті белгілеу бойынша жұмыс жүргізеді. (петиция жария болғанға дейін және оған қосылу үшін қолжетімді болғанға дейін). Сәйкес келмеген жағдайда петицияларды қабылдамауға құқылы.

Талаптарға сәйкес келетін петицияларды сәйкестік анықталған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган азаматтардың қосылуын бастау үшін интернет-ресурста орналастырады. Бұл туралы өтініш берушіге хабарланады. Азамат петицияға қосылу немесе интернет-ресурста пікір жариялау арқылы оған қатысы бар екенін білдіруге құқылы. Шекті мәнге жетпеген петиция құзыреті бойынша тиісті мемлекеттік органға, жергілікті өкілді және атқарушы органға жіберіледі және Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде   белгілеген тәртіппен жеке хабарлама, үн қосу немесе ұсыныс ретінде қаралады. Петиция бойынша шешімді тек мемлекеттік органның бірінші басшысы ғана қабылдайды.

El.kz: Петицияны қарау үшін бекітілген шекті дауыс қандай критерийлерге немесе әдіске байланысты таңдалды?

Қайрат Тастекеев: Петиция институты бірқатар елдерде қолданылып келеді. Онлайн петициялар институтын қолдану тұрғысында Азия, Еуропа, Америка, ТМД, Балтық елдерінің және басқа да елдердің тәжірибесі зерттеліп, қаралды.  Петицияны қарау үшін бекітілген шекті дауыс халықаралық тәжірибеге сүйене отырып анықталды. Петиция біздің құқықтық жүйемізде алғаш рет енгізіліп отырған жаңа институт. Оны реттейтін заң нормаларының тиімділігін алдағы уақытта құқықтық тәжірибе көрсетеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға