Заманауи білім беру ісінің үздігі
Маңғыстау индустриалды техникалық колледжінде білімге құштар, болашағынан үлкен үміт күттіретін жастар аз емес. Заманауи техниканың тілін меңгерген, жаңа заманның сұранысына сай сондай мамандарды тәрбиелеп жүрген білікті педагогтардың бірі – Зүлфия Асхатқызы Исағалиева, деп жазады El.kz интернет порталы.
Ол – өз ісіне адал, әр сабағын өмірмен ұштастыра білетін, шәкіртін шабыттандыра алатын нағыз ұстаз. Ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша білім алатын студенттерге арнайы пәндерден дәріс беретін Зүлфия Асхатқызы өткізген әр сабақтың, әр жобаның артында үлкен еңбектің, ізденістің, шығармашылықтың ізі бар.
«Менің мақсатым – студенттерге тек теорияны үйретіп қою емес, оларды оқыған-тоқығанын өмірдің нақты жағдайында қолдануға үйрету», – дейді ол.
Оның сабағында студенттер веб-бағдарламалау, объектілі-бағытталған бағдарламалау тілдері, графикалық дизайн сияқты күрделі бағыттарды меңгереді. Ең бастысы – осы білім арқылы өз кәсібіне сенімді, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасады.
Зүлфия Асхатқызының педагогикалық тәжірибесіндегі ерекше әдістемелердің бірі – жобалық оқыту тәсілі. Бұл тәсіл студентті теориямен қатар тәжірибе арқылы жетілдіреді. Жобамен жұмыс істей отырып, білім алушы ізденуге, ойлануға, шешім қабылдауға үйренеді. Ал оқу соңында өз еңбегін жұмыс берушіге ұсыну мүмкіндігі – студент үшін үлкен мотивация.
Ұстаз әр сабағын заманауи цифрлық құралдармен байытуды дәстүрге айналдырған. Kahoot, Quizizz, Mentimeter платформаларында интерактивті тесттер өткізу, Figma, Canva, Visual Studio Code арқылы нақты жобалар жасап, студенттердің қызығушылығын арттырып, пәнге деген сүйіспеншілігін күшейте түскен.
Бүгінгі студент – цифрлық буын. Оларды ескі әдіспен оқыту мүмкін емес. Ұстаз жаңа технологияларды меңгеріп, өзі де онымен бірге ілгері жүруі керек, – дейді Зүлфия Асхатқызы.
Ол үшін білім беру тек баға қою емес, жеке тұлғаны тану, оның қабілетін ашу. Сондықтан, сабақта қалыптастырушы және жобалық бағалау жүйесін қолданады. Әр студент өз идеясын қорғап, өз жобасын дәлелдеуі керек. Бұл – жауапкершілік пен дербестікке тәрбиелейтін жол.
Зүлфия Асхатқызының тәжірибесінде қашықтан және гибридті оқыту кезеңі де аса маңызды. Ол Zoom, Google Classroom, GitHub, Trello секілді онлайн платформаларды тиімді пайдаланып, студенттермен бірлескен жобалар жасап, нақты нәтижелерге қол жеткізді.
Білікті педагог өз тәжірибесін әріптестерімен де бөлісіп отырады. Әдістемелік күндерде, семинарларда заманауи әдістерді таныстырып, тәжірибесін ортаға салады. Ол үшін кәсіби даму – үздіксіз үрдіс. Сондықтан Зүлфия Асхатқызы Coursera, Stepik, Udemy сияқты халықаралық платформалар арқылы жаңаша білім алып, өзін жетілдіруден жалыққан емес. Бірнеше шетелдік тағылымдамадан өтіп, алған әсері мен білімін шәкірт тәрбиесіне арнап келеді.
Бүгінде ол алдағы сабақтарында жасанды интеллект элементтерін, виртуалды және толықтырылған шындық технологияларын енгізуді мақсат етеді. Бұл – оның жаңашыл, алға ұмтылған ұстаз екенінің тағы бір дәлелі.
Зүлфия Исағалиева үшін ұстаздық – жай кәсіп емес, өмірлік миссия. Ол білім арқылы болашақты бағдарлайды, шәкірт арқылы елдің ертеңін қалыптастырады.
Жан-тәнімен беріліп, жаңа ғасырдың сұранысына сай маман тәрбиелеп жүрген осындай педагогтар барда, қазақ білімінің келешегі зор екеніне сенім мол.

