Жаңалықтар

Заңғар жазушы туралы зиялылардың сөзі

Әбіш Кекілбайұлы - еліміздің рухани тіршілігінде болсын, саяси-әлеуметтік өмірінде болсын қайталанбас құбылыс.
11.12.2015 08:00 24122

Қазақ әдебиетінде аты алтын әріптермен жазылып кеткен біртуар дарын иесі – Әбіш Кекілбаевтың халқымыз үшін орны бөлек. Еліміздің әдеби байлығы мен мемлекет ісінде өшпес із қалдырған Әбіш ағамызды халық ерекше ілтипатпен бағалайды. El.kz интернет-порталы оқырмандардың назарына Әбіш Кекілбаевтың дос-жарандары мен әріптестерінің марқұм туралы айтқан ой-пікірлерін ұсынады.

Заңғар жазушы туралы зиялылардың сөзі

Кітапты, бұрынғының кітаптарын көп оқитын. Бала болып алысып-жұлысу дегенді, бұрқырап беталды жүру, темекі тарту дегенді білмейтін. Балалардан гөрі үлкен кісілерге үйір еді. Олар да бетінен қақпайтын. Оныншы класты бітіргесін ауылдан да, ауданнан да қызмет ұсынды. Мен оған «былай бол» деп бір ауыз сөз, ақыл айтқан емеспін. Қызметке тұрып, ауылда қалайын деп жатқан жерінде жалғыз немере ағасы «Жас та болсаң, бассың оқы. Қызмет қайда қашады? Алматыға бар» деді. Алматыға да жалғыз кетті. Дәм айдап келген ғой, оқуын бітірген соң, осында қалды.

Анасы - Айсәуле Жұмабайқызы

Әбекең - әлемдік өркениеттің ортақ қазынасына олжа салған суреткер. Көркем ойдың, көркем әдебиеттің көсемсөзге жол берген тұсында ол ел-жұртына үлгі беретін үрдіске қол артып, уақыт мінберіне көтерілді. Ағынан жарылды, адалынан сөйледі. Әлі де қоғам мен қауымды толғандырған келелі мәсе­лелерде кең толғар пайым қажет болғанда, қаламына қай­раткер сөз ұштап, шынайы пікірі мен шырайлы бәтуа­сын жайып салады. Жұртының мүддесі үшін жазары таусылмаған жазушы болу да бір бақыт қой. Шіркін-ай, осындай қазақ көбірек болса екен деп тілеймін!

Нұрсұлтан Назарбаев

Намыс пен Нартәуекелді жалау етіп, жап-жас шағының өзінде-ақ адамзаттық ақыл-ой алыптарының арғы-бергі білім қорын түбіне жете түгел игеруі, оның үстіне, Құдай берген дарын-қабілеті арқасында ұстазы Әуезовтің ілтипат-ықыласын аударған Кекілбаев – суреткердің әп дегеннен-ақ өз шығармаларына ел тағдырын, жер тағдырын, халық бейнесін алтын арқау, асыл өзек-желі еткеніне, тіпті де, таңдануға болмас. Өз түйсінуімше, осы тұрғыда ол ұлттық әдебиеттегі сирек құбылыс қана емес, әлемдік деңгейдегі Толстой, Шекспир сынды титандармен үндес те рухтас деп ойлаймын.  

Есенбай Дүйсенбайұлы

Кейбір өрекпіме тұрғыластарымыз өзгені тыңдаудан гөрі өзінің ішіне сыймай жүрген ойларын жариялауға асығып жар салып жатса,  ол ерекше байсалды мінезбен бұрын біз естіп-білмеген кейбір кітаптар мен авторларды алдымызға көлденең тарта бастаушы еді, сонда біздің арамыздағы небір даукес-білгіштеріміз де бәсеңсіп қалатын.

Герольд Бельгер

Жазушының тiлiнде де, дiлiнде де мiн жоқ. Қашанда сергек, қашанда сезiмтал, бәйгенiң алдынан ғана келетiн тұлпарларға ұқсатам мен Әбiштi.  Ал, аспанға қарасам оның жұлдызын оңай танимын. Оның жұлдызы сол Әуезов, сол Шолохов, сол Айтматов, сол Нұрпейiсов жұлдыздарымен қатар тұр. Ол да жарық жұлдыз, мәңгi жанатын жұлдыз.  

Тұманбай Молдағалиев

Әбіш Кекілбайұлы - еліміздің рухани тіршілігінде болсын, саяси-әлеуметтік өмірінде болсын  қайталанбас құбылыс. Ол – феномен. Ол – тұтас әлем. Ол айтқан сайын, қадалған сайын тереңдей түсетін шыңырау әлем. Ол шыңыраудан әлі талай ұрпақ сусындап, талай ұрпақ қуаттанары сөзсіз. Ол – рухани ұлы тұлға.

Темірхан Медетбек

Өткен өмірдің көне беттерін аша отырып, тарихи шындықтан ауытқымаса да, бүгінгі күннің көкейкесті мәселелеріне жауап береді.

Леонид Теракопян

Өткен мен бүгінгі күндер тәжірибесінің қорытпасы.

Шыңғыс Айтматов

Кекілбаев дарыны мейлінше ғибратты дарын. Оның кеңістігінің өзінен ұғымтал көкірекпен жіті көз адуын өнердің мінезін көреді.

Асқар Сүлейменов

Мен Әбішті оқыттым деп айтуға бата алмай тұрмын, ойпырай, бұл не деген білім?

Зейнолла Қабдолов

Маңғыстауда ежелден 362 әулие бар еді, 363-ші әулие Әбіш Кекілбаев шығар.

Мырзатай Жолдасбеков

Меніңше, Кекілбаев қай сын мен қандай сынаққа да қасқайып қарай алады. Ол әдебиетке әуелі ақын боп келді. Жиырма бір жасында «Алтын шуақ» деген әдемі атпен өлеңдер жинағын шығарды. Алысты меңзейтін ой, тереңнен тартатын пікір өлеңнің өресіне ауырлық етті ме екен, Әбекең содан кейін-ақ қарасөздің қойнына сүңгіді. Қазір ол - қазақтың ең әйгілі прозашыларының бірі және прозамен ғана шектелмеген талант. Арамыздан оның сыншылығын олқы санар оқырман, ақын-жазушы немесе сыншы табыла қояр ма екен, сірә? Олардың қай-қайсысына да Әбіштен құптау есту, сын есту ешқашан әншейін нәрсе болып көрген емес. Әбекең - әдебиет босағасын аттаған күннен бері үзіліссіз, бәсеңдеусіз қаламын қару етіп келе жатқан бетті публицист: ол - елдің, әдебиеттің тарихы мен тіршілігіне ешқашан енжар қарап көрмеген адам, сондықтан қай кезде де қалам сардарларының алдыңғы сапында.

Бексұлтан Нұржекеев

Әбіш Кекілбаев - заманымыздың бір заңғар тұлғасы. Кекілбаев туралы сөз айту кімге болса да оңайға түсе қоймас. Өйт­кені  Кекілбаевтың өзі бір әлем. Шүкір, қазір сол ғажайып әлемді зерттеп, оның ерек­шеліктеріне шұқшия үңіліп, Кекіл­баевтың шығармашылық өнері туралы жазылған мақалалар да бірнеше томға жетерлік. Әбекеңнің шығармашылық еңбегі туралы пікір білдіріп, еңбек жазғы­сы келген әрбір адам бұрынғы айтылған сөз, жазылған дүниелерді қайталағысы келмей, тың жол тапқысы келетіні де табиғилық. Оған қоса Кекілбаевтың өзінің әлем, қазақ тарихының көрнекті адам­дары, замандастары, осы заманның, біздің қоғамның құбылыстары, бағыт-бағдары туралы толып жатқан ой толғаулары да, публицистикалық шығармалары да елге белгілі. Кекілбаевтай шешендікпен сөйлеп, Кекілбаевтың шеберлігіндей жазу - тек сол Әбекеңнің үлесіне тиген жеке тұлғалық ерекше қасиет.    

Қуаныш Сұлтанов

Қазақ жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Мұнара немесе аңыздың ақыры» романындағы және өзге де прозалық шығармаларындағы алуан бейнелер болмысты өнер арқылы тікелей өзгертуге құлшынады. Жазушы Ә.Кекілбаев материалды дала өмірінен алады да, өз тәжірибесіне сүйене отырып, баллада түрінде өткір драмалық прозаға айналдырады    

Зигрид Клайнмихель

Әбіш - қыры мол ірі дарын. Ол сыншы, жазушы, публицист, тарихшы, саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері, сонымен қатар орыс, қазақ тілінде көсіле сөйлейтін өзгеше шешен адам. Бұлардың әрқайсысы жеке-жеке бір-бір азаматтың абыройын асырар қасиеттер ғой. Ал, бір Әбіштің бойынша тоқайласуы арқылы оны жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысындағы қазақ топырағындағы ірі тұлғаға айналдырды. Әйтсе де осылардың ішінен бөліп алып, жеке қарастыратын ең басты да маңызды қыры жазушылық өнері болса керек. Қазақ халқының рухани кеңістігіндегі өзінше жеке әлем іспетті қазақ әдебиетінің шырқау көгіндегі Әбіштей жарық жұлдызды дүниеге келтірген дәл осы жазушылық  дарыны. Қазақ үшін де, өзге үшін де Әбіш сол жазушылық өнерімен қымбат.      

Марал Ысқақбаев

Маған Әбіш Кекілбаев бүгінгі күнімен емес, ертеңімен өмір сүретін секілденеді. «Халық ертең мен туралы не айтады» деп уайымдамайды, не айтатынына сенімді, сол үшін өмір сүреді. Жинаған байлығы - білімі, ол қайырлы істерге қызмет етері сөзсіз. Соған сенімді.    

Мырзагелді Кемел

Қазіргі қазақ әдебиетінде ұлы суреткер Әбіш Кекілбаев біреу-ақ! Мұны оның қаламдас ағалары мен замандастары ерекше атап айтады. Шындығында да солай! Бүгінгі тәуелсіздік қазақ әдебиетінде ұлы суреткер Әбіш Кекілбайұлы біреу-ақ! Мұны оның қаламдас інілері ерекше меншіктеп, ерекше теліп айтады. Ақиқатында осылай! Ежелден біртұтас қазақ әдебиетінің арғы-бергі немесе келешектегі тарихын алсақ та, ұлы суреткер Әбіш Кекілбайұлы бәрібір біреу-ақ! Мұны өздерінен бұрынғылардың бәрінен асып туған болашақтағы қаламдастары айтатын болады. Тарих тағылымы әрқашан осылайша ғой. Сонымен, ұлы суреткер Әбіш Кекілбайұлы біреу-ақ!

Сайлаубек Жұмабек

Бұл күнге жарқын талантымен ғана емес, кісілік қарапайымдылығымен, тектілігімен, өмірге, тарихқа көзқарасының тереңдігімен, сары алтындай сабырымен, азаматтық парасатымен халықтың жүрегінен алған Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық шабыты шырқау шағында деп айта аламыз.      

Төлен Әбдік

Әбіш Кекілбаев... XX ғасырдағы қазақ қауымының, түркі әлемінің заңғар жазушысы, кешегі Мұхтар, Сәбит, Ғабит сияқты алдыңғы толқын ағаларымыздың мұрагерлерінің бірі, бұл күнгі қазақ әдебиетінің туын ұстаушылардың бірі, бірі болса бірегейі.

Манаш Қозыбаев

Ол - бір сырлы, сегіз қырлы талант. Ол талантты ақын, талантты сыншы, талантты прозаик. Бір кісіге осының біреуі де жетер еді. Оған табиғат үшеуін де берген. «Екі кеменің құйрығы» демекші, бұл жігіт үш кеменің құйрығын ұстап келеді.

Жұмекен Нәжімеденов


Ұлболсын МҰХАМБЕТҚАЛИ

 Дизайн: Арман ҚАЛИБЕКҰЛЫ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға