Жаңалықтар

Z ұрпақтың тәрбие мен суицид проблемасы

Z ұрпақтың тәрбие мен суицид проблемасы
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 25.08.2023 14:32 1499

 Ұрпақтар уақыт өткен сайын өзгеретіні рас.  Бүгінгі күні біз айтып жүрген Z ұрпағының тәрбиесі – басты назарда болатын мәселелердің бірі. Баланы қалай тәрбиелеу керек? Оларға қалай көңіл бөлу керек? Жасөспірімдер арасындағы суицидке не себеп? Осы сұрақтардың жауабын El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі сарапшылардан сұрап көрді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда өскелең ұрпақтың тәрбиесі маңызды екенін айтқан болатын.

Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни азаматтар. Бұл – анық нәрсе. Десек те, ата-аналар баланы, ең алдымен, мемлекет, үкімет не қоғам үшін емес, өзі үшін дүниеге әкеледі. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс, - деген болатын президент.

«Өзіңді тап – өзегіңе орал»

Қызылорда қаласындағы Болашақ университетінің жоғары колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі Аида Смайылова қазір жасөспірімдер арасында белең алып бара жатқан мәселелер жайлы айтты.

Болашақ университетінің жоғары колледжі мыңнан аса студент бар. Аида Смаилова осы колледжде білім алатын жасөспірімдердің тәрбиесімен айналысып жүр. 

Жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығы, яғни ерте жүктіліктің алдын алу, синтетикалық есірткіге құмарлығы, белең алған, тіпті қалай күресетінімізді білмейтін электронды темекілерге құмар болуы балалардың денсаулығына кері әсерін тигізіп жатыр. Енді осының алдын алу, оны болдырмау және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың, суицидтің алдын алу бүгінгі күні өзекті тақырыптарға айналды, - деді ол.

Аида Смайылова Қызылордадан елордаға «Өзіңді тап – өзегіңе орал» деген тақырыпта өткен ата-аналар форумына қатысқан болатын.

Ол құндылық деген сөздің мән-мағынасына терең үңілуге тырысты.

Біздің өзегіміз – ол ұлттық құндылығымыз. Ұлттық құндылық қай жерде ұлықталады? Ол әр адамның отбасында ұлықталады. Отбасындағы балаға ұлттық құндылықты ұлықтайтын негізгі тұлға – ол ата-ана. Қазір ата-ана сол аражіктен ажырап бара жатыр. Оны тәжірибемізде кездестіріп жүрміз. Бала оқу орнында мемлекеттік грантпен оқыса, «Үкімет төлеп жатыр» дейтін, ал егер ата-ана оқу ақысын өз қалтасынан төлесе, онда «мен оқу ақысын төлеп жатырмын, ал сендер тәрбиеге жауаптысыңдар» деп оқу орнына ысыра салатын ата-аналар өте көп, - деп түсіндірді директордың орынбасары.

Педагог атап өткендей, тәрбие ең алдымен отбасында беріледі. Содан кейін барып қана оқу орны қосылады.

Бала студент болып жүргенінде ата-ана мен оқу орны бірігіп тәрбиелеген жағдайда ғана оны ұлттық құндылыққа, рухани бай азамат етіп шығара аламыз. «Мен осы уақытқа дейін оқыттым, тоқыттым, өсірдім, енді сен тәрбиелейсің» деп оқу орнына итере салу дұрыс мәселе емес, - деп санайды Аида Смайылова.

Қазіргі балаларды қалай тәрбиелеу керек?

Қазіргі психологтарды, психологиялық кітаптарды оқып отырсаң, әжелеріміз, аналарымыз айтып жүрген, құлағымызға сіңген дүниелерді тарқатып түсіндіреді. Мысалы, анамның айтатыны бар еді. Баланы тәрбиеген кезде «жіберіп, тартып, жіберіп, тартып отыру» керек дейтін. Яғни қазіргі заманда түсіндіретін жерде түсіндіріп, ұрысатын кезде ұрысып алып, еркелететін жерде еркелетіп, баламен ашық сөйлесу арқылы тәрбиелеу керек, - деді ол.

Оның пікірінше, баяғы кездегідей қатал тәрбие, барлығына тыйым салу – қазіргі жасөспірімдерге өтпейтін тақырып. Бүгінгі жасөспірімдермен дос болып, бірге сырласып, олардың баратын жеріне бірге барып тұру керек. Яғни еркіндік берген жөн. Бірақ еркіндіктің де шеті мен шегі болады. Оны тепе-теңдікте ұстау керек.

Қызылорданың менталитеті ұлттық құндылыққа бай, дәстүрді жақсы сақтаған өңір. Сондықтан өңіріміздің жастары қазақи, дәстүрді білетін, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетін тұратын жалынды жастар. Өзім жастарымызға ризамын. Десе де арасында еуропадан келіп жатқан жаңалықтарға еліктейтіндері де болады. Бірақ ондай жастарды да дұрыс жолға салсаң, түзеледі. Өйткені, негіз, өзек бар. Ол – біздің ұлттық құндылығымыз, дәстүріміз, - деп атап өтті колледждің оқытушысы.

Ол балаларына және студенттеріне интернетті пайдаланғанда ақпараттарды сүзгіден өткізіп отыру керегін үнемі ескертетінін айтты.

Өзімнен туған және тәрбиелеп жатқан балаларыма адамның миында «сүзгі» деген дүние бар екенін үнемі айтып отырамын. Қазіргідей оқиғалар біздің заманымызда да болып жатты. Бірақ біз ол туралы білген жоқпыз. Өйткені интернет, телефон болмады. Ал ондай оқиғалар туралы газетке көп жаза бермеді, теледидардан көп жариялай бермеді. Алайда қазір бәрі ашық жарияланады. Балаларға оқуға түскенде бірінші курстан бастап ақпаратты фильтрден өткізіп, өзіңе қажет дүниені ғана оқу керегін айтамын. 30 минут уақытыңды әлеуметтік желіде өткізгеннен гөрі өзіңе пайда әкелетін дүниемен айналысқан әлбетте дұрыс. «30 жасқа келгенде қолыңнан түк келмейтін дивандағы сыншы болғың келсе, онда жұлдыздардың өмірін бақылап, өсек оқып жата бер деймін. Не болмаса жетістікке жеткен тұлға болғың келсе, онда әртүрлі тренингтерге қатысып, электронды кітап оқып, өзіңді дамыта аласың» деп екі нұсқа беремін, - деп түсіндірді Смайылова өз сөзінде.

Балаларды қалай қорғау керек?

Біз мектеп қабырғасынан емес, балабақшадан бастап жыныстық тиіспеушілік тәрбиесін оқытуымыз керек. Шыны керек, біз валеология пайда болғанша, бұл дүниені оқыған оқпыз. Биологиядан адам анатомия тақырыбында жыныс мүшелері туралы бір сағаттық ғана тақырып болатын. Оны көргенде бетімізді жауып ұялып, тақырыпқа жолағымыз келмейтін. Бірақ сол уақытта біздің арамызда да зорлыққа ұшыраған қыздар болды. Бұл жыныстық тиіспеушіліктің не екенін білмегеннің салдарынан да болатын. Балаларға кішкентайынан жыныстық мүшенің тек өзіне ғана тиесілі екенін түсіндіріп, оны ешкімге көрсетпеу керегін ұғындыру қажет, -  дейді ұстаз.

Ана қызына, әке ұлына айтуға әлі күнге дейін ұялады. Ата-ана да жыныстық тиіспеушілік тұрғыда сауатты болуы қажет. Балаға ашық айтып, жыныстық тиіспеушілікті түсіндіріп отыру қажет.

 

Суицидтің себебі неде немесе қалай оның алдын алуға болады?

«Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің психологы Сымбат Әбдірахманова суицид мәселесіне тоқталып, ойын ортаға салды.

Статистикаға жүгінсек, өкінішке қарай, еліміз суицид көрсеткіші жоғары елдердің қатарында. Оған әсер ететін бірнеше фактор бар. Олар – тұқымқуалаушылық, психикалық ауытқу (галлюцинация болуы), бұрын-соңды жасалған суициалды әрекеттер, травмалар, буллинг. Сондай-ақ ең бастысы – отбасы. Себебі отбасындағы кез келген әрекет, сөз баланың психологиясына әсер етеді, - деп есептейді сарапшы.

Ол өзінің тәжірибесінде қандай жағдайлар жиі кездесетінін айтты.

Жұмыс барысында түрлі жағдайлар кездеседі. Балалар әртүрлі жағдаймен келеді. Болған әрбір суицид жағдайларын зерттегенде көп жағдайда басты себеп отбасына тіреліп жатады. Мысалы, ата-анасының арасындағы кикілжің, ажырасу, физикалық зорлық-зомбылық, психикалық зорлық-зомбылық көрсету. Осының бәрі баланың психологиясына тікелей әсер етеді. Көбі суицидпен мамандар ғана айналысады деп ойлайды. Бірақ ол қоғамның мәселесі. Қоғамның әрбір мүшесі суицидтің алдын алуға өзінің үлесін қоса алады. Себебі суицидке баратын адамның белгілері болады. Ол адамдарға өзіне қол жұмсау туралы ойын айтуы мүмкін. Одан бөлек, ұйқы бұзылуы, тәбеттің жоқтығы, қызығушылықтың төмендеп кетуі сияқты белгілер болуы мүмкін. Осындай белгілерді байқаған кезде ата-аналар не қоғамның кез келген мүшесі балаларға көмектесуге тырысу керек. Егер өздері көмек бере алмаса, онда арнайы мамандарға алып баруы қажет, - деп сөзін толықтырды Сымбат Әбдірахманова.

Қазіргі таңда республика бойынша психологиялық көмек көрсететін сенім телефондары жұмыс істейді. Осы сенім телефондарының нөмірін беріп, балаға барынша көмек көрсетуге тырысу керек.

Психологтың айтуынша, адам суицид жасауға бірден бармайды. Алдымен адамда ой пайда болады. Ойдан кейін жоспар туындайды. Сосын әрекет болады. Ол аяқталуы немесе аяқталмауы мүмкін. Яғни ол бір күнде пайда болмайды. Ол ұзақ процесс.

Көп ата-ана «Қазір мамандар суицид туралы көп айтады. Бұрын мұндай қазақта болмаған» деп айтып жатады. Алайда барлығымыз әдебиеттен де, тарихтан да білеміз. Мысалы, Қозы Көрпеш – Баян Сұлу, Қыз Жібектің киносынан да сәукеле суға кетеді, оның да суицид екенін түсініп отырмыз. Бірақ ол кезде әлеуметтік желі болмады. Қай жақта қандай жағдай болып жатқанын білмейтінбіз. Қазір интернет бар. Қайда не болып жатқанын біліп отырмыз, - деді ол.

Психолог Сымбат Әбдірахманова суицидтің алдын алу үшін қандай жұмыс жүргізіліп жатқанына тоқталды.

Суицидтің алдын алу мақсатында мектептегі қарауылдан бастап директорға дейін оқытып жатырмыз. Баланың бойынан қандай да бір психологиялық өзгерістерді байқаған жағдайда баламен қалай сөйлесу керегін түсіндіреміз. Сондай-ақ ата-аналармен де оқыту-түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Себебі суицид белгілерін үйде ата-ана, ал мектепке келгенде мұғалімдер байқап қалуы мүмкін. Мұндай түсіндіру жұмыстарын оқушылар арасында да жүргіземіз. Оларға көмек қажет болса қайда хабарласу керегін айтып, мамандардың тізімдерін беріп отырамыз, - деп айтты сарапшымыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға