Азамат Қойшығара

Z ұрпағы: Жаңа құндылықта әлде ескі қағидалардың жаңа формасы ма?

31.10.2025 21:12

Бүгінгі жастар - интернет дәуірінің балалары. Олар цифрлық әлемде өсті, ақпаратты секундтар ішінде қабылдайды, әлеуметтік желілер арқылы өз ойын ашық білдіреді. Z ұрпағы туралы қоғамда түрлі пікір бар: біреулер оларды еркін, жаңашыл және технологиялық ұрпақ десе, енді бірі жауапкершіліктен қашады, өмірге жеңіл қарайды деп сынайды. Шын мәнінде, зумерлердің өмірге көзқарасы мен құндылықтары қандай? Олар отбасы, мансап, ақша және еркіндік арасында нені бірінші орынға қояды? Осы сауалдарға жауап алу үшін El.kz интернет порталы тілшісі қазақстандық жастардың жағдайын зерттейтін бірегей орталық, бұрын беймәлім болған тенденцияларды анықтау мақсатында жастар және жастар саясаты саласында терең зерттеулер жүргізетін «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Нахбаевамен сұхбаттастық.

Сарапшы заманауи қазақстандық жастардың құндылықтары, ойлау ерекшелігі мен қоғамдағы рөлін социологиялық деректер мен нақты зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып түсіндірді.

- Z ұрпағының басты құндылықтары қандай? Олар миллениалдар мен Х ұрпағынан нақты несімен ерекшеленеді?

- Z ұрпағы құндылықтары бойынша алдыңғы буындардан аса қатты ауытқымаған. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының жүргізген социологиялық зерттеулері нәтижесі қазіргі қазақстандық жастар үшін ең басты құндылықтар – отбасы (≈80%) мен денсаулық (≈63%) болып қала беретіні көрсетті. Сондай-ақ достықтың маңызы жоғары (шамамен 35%) сақталуда, ал материалдық тұрғыдан қамтамасыз етілген жайлы өмір құндылығы соңғы деректер бойынша үшінші орынға көтерілді. Жалпы, жастардың базалық құндылықтары тұрақты – отбасылық бағдары берік, денсаулықты басты байлық санайды, достық пен махаббатқа да мән береді.

Дегенмен, Z буынының өкілдері миллениалдар мен Gen X (Х ұрпағы) буындарынан әлеуметтік орта мен технологиялық ықпал тұрғысынан ерекшеленеді. Олар цифрлық дәуірде өсіп, интернет пен әлеуметтік желілерді өмірінің ажырамас бөлігі еткен алғашқы буын болып табылады. Бұл буын жаһандану заманында қалыптасқандықтан, ақпаратқа қолжетімділігі жоғары, дүниетанымы ашық және өзгерістерге бейім. Z ұрпағының ерекшелігі – ақпаратты жылдам қабылдап, жаңа трендтерге тез икемделуі. Дегенмен, негізгі өмірлік мақсаттарында үлкен айырмашылық жоқ: барлық буын бақытты отбасы, дені сау болашақ, лайықты өмір сүру сияқты құндылықтар ортақ маңызды деп санайды.

- «Зумерлер – прагматик, еркіндік сүйгіш, жауапкершіліктен қашады» деген пікір қаншалық рас?

- Прагматизм тұрғысынан Gen Z расында да практикалық көзқараста: бұл буын материалдық жағдайды, қаржылық тәуелсіздікті ерте ойлай бастайды. Мысалы, олардың едәуір бөлігі жақсы жалақысы бар жұмыс пен тұрақты табысқа басымдық береді. Бұл прагматикалық ұстаным жаһандық экономикалық тұрақсыздық пен бәсекелестік заманында қалыптасқан табиғи реакция деуге болады. Еркіндіксүйгіштік те Gen Z буынына тән сипат. Зумерлер жеке кеңістігін, таңдау еркіндігін жоғары қояды, өмірдің әр қырында (оқу, жұмыс, өмір салты) еркін болуға ұмтылады. Сауалнамаларға қарағанда, жастардың төрттен бірі жұмыс орнын таңдауда қашықтан немесе еркін кестеде жұмыс істеу мүмкіндігіне ерекше мән береді (шамамен 26% респонденттер қашықтан не жиынтық форматта жұмыс істегісі келеді деп көрсеткен). Яғни, уақыты мен орнын өзі икемдеу – олардың еңбек мотивациясының маңызды факторы.

Ал «жауапкершіліктен қашады» деген пікірге келсек, бұл – біршама біржақты көзқарас. Иә, Z ұрпағы бұрынғы буындар ұстанған кейбір консервативті міндеттерге (мысалы, белгілі бір жаста үй болу, тұрақты бір жерде жұмыс істеу сияқты) асықпауы мүмкін. Олар жауапкершілікті сезінуден қашқандықтан емес, өмір жолын таңдауда басқаша басымдықтар қойғандықтан кей істерді кеш бастайды.

- Қазіргі жастар үшін ақша ма, мансап па, еркіндік пе - қайсысы бірінші орында тұр?

- Заманауи жастардың басым бөлігін мазалайтын сұрақ – қаржы, карьера әлде жеке еркіндік арасындағы басымдық. Әлеуметтік зерттеулер нәтижесі бұл үш фактордың да маңызды екенін көрсеткенмен, бірінші орынға көбінесе қаржылық тұрақтылық шығып отыр. Шынында да, Қазақстан жастарының құндылықтар рейтингінде «материалдық қамтамасыз етілген өмір» жылдан жылға маңызын арттырып келеді.

Мансап пен қоғамдық мәртебе жастар үшін маңызды болғанымен, олар ақша немесе еркіндік сияқты бірінші кезекке қойылып отырған жоқ. Зерттеулерге сәйкес, жастардың небәрі 12%-ы ғана өмірдегі ең басты құндылық ретінде мансаптық жетістікті, жоғары әлеуметтік мәртебені атаған. Бұл көрсеткіш отбасы, денсаулық, тіпті қаржылық қамтамасыз ету сияқты құндылықтардан төмен. Яғни, көпшілік жас үшін мансап мақсатқа жетудің құралы ретінде маңызды, бірақ оның өзі басты құндылық болмауы мүмкін.

Ал еркіндік ұғымы – қазіргі жастар мәдениетінің өзегі деуге болады. Олар үшін жеке еркіндік бірнеше қырынан мәнге ие: ой-пікір еркіндігі, таңдау еркіндігі, өмір стилінің еркіндігі. Жеке уақыт пен кеңістікті бағалау – Gen Z үшін алдыңғы буындарға қарағанда маңыздырақ. Сондықтан көпшілігі қосымша білім алып, өзін жан-жақты дамытуға, саяхаттап көкжиегін кеңейтуге ұмтылады, бұл да еркіндікке деген талпыныстан туындайды.

- TikTok, Instagram, Reels форматындағы ақпарат жастардың ойлау механизміне қалай әсер етті?

- TikTok, Instagram сынды әлеуметтік желілердегі қысқа бейнероликтер форматы жастардың ақпарат қабылдау әдестерін айтарлықтай өзгертті. Ең алдымен, мұндай контенттің қарқыны өте жылдам, ақпарат тез және қызықты формада беріледі. Жастар секундтар ішінде сан алуан мәлімет көріп үлгеруге дағдылануда, бұл олардың миында ақпаратты сұрыптау механизмін жаңаша қалыптастырды. Нәтижесінде, «клиптік ойлау» феномені пайда болды: ақпарат үзік-үзік, қысқа фрагменттер түрінде қабылданады да, терең талдауға ұмтылыс төмендеуі мүмкін.

Кейбір зерттеулер бұл феноменнің бірнеше ерекшеліктерін атап өтті: біріншіден, клиптік формат жастардың назар аудару ұзақтығын қысқартуы мүмкін. Мысалы, бұған дейін адам орташа 10-15 минут зейін қойып оқи алса, қазір бірнеше секундтық видеоларға үйренген ми ұзақ мәтінді зейінсіз оқитын болғаны айтылады. Екіншіден, ақпаратты қабылдау тереңдігі төмендеуі мүмкін – жылдам әрі жеңіл мазмұнға үйренген жастар күрделі, ұзақ материалдарға сабырсыздық танытып, мәнін үстірт түсінумен шектелуі ықтимал. Үшіншіден, визуализацияның басымдығы – қысқа видеолар көзбен көріп қабылдауды оңайлатқанымен, мәтін арқылы талдау, сыни ойлау дағдыларын аз қолдануға әкеледі. Бұл да ойлаудың механизміне әсер ететін фактор.

- Зумерлердің ақпаратты тез қабылдайтыны рас, бірақ терең түсінік қалыптастыра ала ма?

- Z ұрпағының ақпаратты тез қабылдайтыны рас – олар бір уақытта көп мәліметті оқып, көріп, ести алады. Алайда сол ақпараттан терең түсінік қалыптастыру қабілеті күрделі мәселе. Сарапшылардың пайымынша, үздіксіз жаңарып отыратын ақпарат ағыны, тез жылжитын лента жастардың назарының шашыраңқы болуына әкеледі. Бұл жағдай олардың белгілі бір тақырыпты терең зерттеп, түйсінуіне кедергі болуы мүмкін.

Дегенмен, барлық жасқа бірдей «терең ойлай алмайды» деп жалпы айдар тағып қою дұрыс емес. Ақпаратты тез сіңіре отырып, сол ақпараттың мәнін ұғып, сараптау – үйренуге болатын дағды. Қазіргі зумерлер арасында бір тақырыпты жан-жақты игеріп, кәсіби деңгейде меңгеріп жүргендері аз емес. Мысалы, IT, дизайн сияқты салаларда Gen Z жастары қысқа уақытта күрделі құзыреттерді игеріп, шығармашылық және сыни ойлау арқылы озық нәтижелер көрсетуде. Бұл – ақпаратты терең түсіне алу қабілетінің бар екенін дәлелдейді.

- «Олар шындықты емес, трендті көбірек тұтынады» деген сынға көзқарасыңыз?

- Шынында да, заманауи медиа ортада тренд пен шындық әрдайым қабыса бермейді». TikTok пен Instagram алгоритмдері адамдардың назарын аудару үшін ең қызық, ең қызу талқыланған контентті үстемелеп ұсынып отырады. Соның салдарынан жастар көбіне күн тәртібіндегі трендтік тақырыптардан хабардар, бірақ сол тақырыптың ақиқатын тексеріп үлгермеуі мүмкін. Жастар аудиториясы арасында трендке ілесу әдеті шынымен бар: әлеуметтік желілерде не талқыда болса, соны білуге ұмтылу, қалғып кетпеуге тырысу. Бұл құбылыс біздің елімізде де байқалады – трендтер мен челлендждер жастар үшін негізгі ақпарат көзіне айналып бара жатқан үрдіс бар.

- Z ұрпағы ата-анамен неге жиі конфликтке түседі? Негізгі себеп – құндылықтар ма, коммуникация стилі ме?

- Қазіргі таңда «әке-шеше мен бала арасындағы ұрсыс» дәстүрлі тақырыптардың бірі. Z ұрпағы мен олардың ата- арасында түсініспеушілік тууының бірнеше себебі бар. Алдымен, бұл - құндылықтар қайшылығы емес, көбінесе коммуникация стилінің алшақтығы. Зерттеулер көрсеткендей, негізінде жас буын мен ата-аналар өмірдің басты құндылықтары бойынша ұқсас көзқараста: ата-аналар да отбасы, тұрақтылық, білім беру сияқты құндылықтарды жоғары қояды, балалар да соларды маңызды санайды. Бірақ ұрпақтар арасында сол құндылықтарды іске асыру жолдары туралы пікірталастар туындайды. Мысалы, ата-ана «жақсы білім, тұрақты жұмыс, отбасын құру» формуласын ұстан дейді, ал бала «өмірде өз жолымды тауып, мүмкіндіктерімді сынап көрем» дейді – екеуі де жамандық ойламайды, құндылық – өзіндік даму, бірақ көзқарас әртүрлі.

- Осы буын неге тұрақты жұмысқа емес, фрилансқа, өз брендіне бейім?

- Мұның бірнеше объективті себебі бар. Біріншіден, заман талабы мен технология әсері: интернет пен цифрлық экономика арқасында ақша табудың, жұмыс істеудің жаңа мүмкіндіктері пайда болды. Жастар географиялық шектеусіз, онлайн форматта қызмет көрсетіп, табыс таба алады. Әлеуметтік желілер арқылы өзіндік бренд жасап, соны капиталға айналдыруға болатынын көріп отыр (ютубер, тиктокер, Instagram-блогер т.б.). Сондықтан көптеген жас тұрақты кеңсе жұмысынан гөрі еркін кестедегі онлайн жұмысқа не жеке кәсіпке ынтық.

Екіншіден, еркіндік пен өзін-өзі дамыту мұраты. Жоғарыда айтылғандай, Gen Z үшін жеке еркіндік құндылығы өте жоғары. Фриланс оларға өз уақытын өзі бөлуге, жобаларын таңдауға мүмкіндік береді. Жеке брендпен айналысу (мысалы, жеке дүкенін ашу, авторлық курс жүргізу, шығармашылық не IT стартап бастау) – сүйікті ісімен айналысып, біреуге тәуелді болмаудың жолы ретінде тартымды. Көптеген жас мемлекеттік қызмет не корпорациядағы иерархиядан гөрі, шағын бизнеспен айналысып, өз-өзіне қожа болуды қалайды. Бұл да ата-ана буынымен салыстырғанда үлкен өзгеріс: бұрынғы буын үшін тұрақтылық (бір компанияда ұзақ жұмыс істеу, зейнетақы) басты болса, қазіргінің жасы үшін икемділік пен қызығушылыққа сай жұмыс маңыздырақ.

- Некеге кеш тұру, бала тууды кейінге қалдыру трендінің түбінде қандай факторлар жатыр?

- Бұрынғы дәстүрде қазақ қоғамында қыздар мен жігіттер 20-22 жас шамасында шаңырақ көтеріп жатса, қазір бұл орташа жас біршама өсті – соңғы зерттеулерге сәйкес, жастардың 58,1%-ы некеге тұру үшін қолайлы уақыт 22-29 жас деп санайды, ал тағы 7,4%-ы 30-35 жас аралығын құп көреді. Яғни көпшілік 25-30 жасқа таяп қалған шақта үйлену дұрыс деп отыр. Бұдан бөлек, практикалық статистика да алғашқы некенің орта жасы ұлғайғанын көрсетеді. Сол сияқты, бала туу көрсеткіштері бойынша да әйелдердің бірінші баланы дүниеге әкелу жасы кешігіп келе жатқаны байқалады.

Қазіргі жастардың некеге кеш тұруына әсер ететін негізгі факторлардың қатарында білім мен мансапқа басымдық беру, қаржылық тұрақтылыққа ұмтылу және жеке даму қажеттілігі бар. Олар алдымен жоғары білім алып, кәсіби тұрғыда орнығып, мансаптың іргесін қалауға тырысады. Тұрақты табысы, баспанасы немесе жинақталған қаражаты болмаса, отбасы құруды кейінге қалдыруды дұрыс көреді.

Сонымен қатар, әлеуметтік құндылықтар мен қоғамдық көзқарастар да өзгерді. Бұрынғыдай «жас күніңде үйленіп, көп бала сүй» деген ұстанымның орнына бүгінде жеке тұлғаның өзін-өзі жүзеге асыруы, тәжірибе жинауы маңызды болып отыр. Менталитет өзгеріп, дәстүрлі қысым әлсірегендіктен, ата-аналар да баласының алдымен оқуын аяқтап, өмірге дайын болуын күтетін болды. Мұның бәрі заманауи жастардың саналы, жоспарлы отбасылық өмірге ұмтылатынын көрсетеді.

- Жастардың мемлекетке деген сенімі неге әлсіздеп келеді?

- Бұл құбылысты дағдарыс емес, қоғамдық сана жаңғыруының табиғи үдерісі ретінде қабылдаған жөн. Жаңа буын ашық ақпарат пен еркін пікір алмасу дәуірінде өскендіктен, мемлекеттік басқарудың сапасына, ашықтығына және әділдігіне бұрынғыдан да жоғары талап қояды. Зерттеу нәтижелері бойынша, жастардың тек 40%-ы ресми ұйымдар жұмысына қатысуды тиімді деп санайды, ал шамамен жартысы бұл жөнінде күмәнмен қарайды. Дегенмен 60,4% ресми органдарға жүгінуді, 47,3% әлеуметтік желі арқылы пікір білдіруді қалыпты құбылыс деп есептейді. Бұл жастардың немқұрайлы емес екенін, керісінше, мемлекетпен жаңа, ашық және икемді форматтағы диалог іздеп жүргенін көрсетеді.

Сонымен бірге, олардың алаңдаушылығын тудыратын басты факторлар – материалдық тұрақсыздық, жемқорлық, саяси белгісіздік және өзін-өзі іске асырудағы қиындықтар. Мұның бәрі адалдыққа, болжамдылыққа және шешім қабылдаудағы қатысуға деген сұранысты қалыптастырады. Ал мемлекет өз шешімдерін ашық түсіндіріп, нақты нәтижелерін көрсеткен жағдайда ғана сенім деңгейі артады. Бұл ұзақ мерзімді, бірақ қоғам мен билік арасындағы өзара сенім мен жауапкершілікке негізделген үдеріс.

- Олар саясатқа, азаматтық белсенділікке қызыға ма ― әлде тек жеке өмір мен табысқа фокус па?

- Қазіргі жастар саясаттан алшақ емес, олар оны жаңа, өздеріне тән тәсілмен көрсетеді. Бүгінде олардың белсенділігі партияға мүше болумен емес, нақты іспен өлшенеді, жастардың 90%-ы партия қызметіне қатыспаса да, шамамен 17%-ы еріктілікпен айналысады, 10%-ы экологиялық бастамаларды қолдайды, ал көпшілігі қайырымдылық жобаларына қатысады. Бұл азаматтық жауапкершіліктің заманауи көрінісі, жастар немқұрайлы емес, керісінше, елдің болашағына жеке жауапкершілікпен қарап, өз қолымен қоғамды жақсартуға ұмтылады. Осындай ұстаным жаңа қазақстандық азаматтық сананың негізін қалайды.

- Z ұрпағының білім алуға көзқарасы қалай өзгерді? Диплом емес, скилл (дағды) дәуірі басталды деуге бола ма?

- Иә, қазір жастардың назарында формалды емес, қолданбалы білім тұр. Соңғы зерттеулеріміз көрсеткендей, жастардың 80%-ы жалпы білім сапасына қанағаттанғанымен, олар үшін басты құндылық енді диплом емес. Негізгі артықшылық ретінде 47% – ақпараттық сауаттылықты, 36% – икемділік пен өзгеріске дайын болуды, ал 29% – сыни ойлауды атайды. Бұл Z ұрпағы үшін бастысы – академиялық мәртебе емес, өз бетінше ойлап, жаңа жағдайларға бейімделе алу екенін айқын көрсетеді.

Қазіргі жастар қысқа онлайн-курстарды, аралас оқыту форматын, тәжірибеден өтуді және жобалық қызметті көбірек таңдайды. Олар үшін бастысы – жай ғана «диплом алу» емес, нақты мәселелерді шеше білу және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу. Университеттік білім беделі сақталғанымен, бүгінде жетістік өлшемі «қайда оқыдың» емес, «нені шынайы меңгердің» деген қағидамен айқындалады.

- 5-7 жылдан кейін дәл осы буын еңбек нарығында басым күшке айналады. Бұл қоғам мен экономикаға қандай өзгеріс әкеледі?

- Бұл ұрпақ еңбек нарығын түбегейлі өзгертеді. Жастар үшін жұмысты «әдеттен» істеу емес, оның мәнін сезіну, дамуға мүмкіндік көру және ішкі жайлылықты сақтау маңызды. Социологиялық деректерге сәйкес, жастардың 42%-ы тұрақты жұмысты қалайды, бірақ 29,1%-ы қашықтан немесе икемді кестемен еңбек етуді жөн көреді. Олардың құндылықтары да өзгерген, бірінші орында – жалақы деңгейі, одан кейін кәсіби өсу мен тұрақтылық келеді. Бұл қазіргі жастардың еңбекке көзқарасы жаңа екенін көрсетеді – олар үшін бастысы тапсырма орындау емес, өз еңбегінің нәтижесін көру және оның маңызын сезіну. Сондықтан алдағы жылдары жұмыс берушілер корпоративтік мәдениетті олардың күтіміне бейімдеуі қажет, көбірек еркіндік, сенім және мойындау беру. Егер бұл жүзеге асса, экономика ұтады – елде бастамашыл, цифрлық сауатты және жауапкершілігі жоғары мамандар көбейеді, олар елді алға өз сенімімен, өз еңбегінің мәнін түсіне отырып жылжытады.

- Біз Z ұрпағын дұрыс түсінбесек, мемлекеттің/бизнес саласының қандай қателікке ұрыну қаупі бар?

- Басты қателік – өткеннің тәсілдерін қайталау болар еді. Қазіргі жастар мүлде басқа, олар әлемге ашық, өзгерістерге тез бейімделеді және өз дауысының естілуін қалайды. Z ұрпағы үшін шынайы диалог, құрмет және болашаққа әсер ету мүмкіндігі маңызды. Сондықтан тиімді саясат пен бизнес стратегиясы «жоғарыдан үйретуге» емес, серіктестік пен бірлескен әрекетке негізделуі тиіс.

Сонымен қатар, зерттеулер жастар арасында көші-қон ниетінің бар екенін көрсетеді. Олардың көбі тұрақты жұмыс пен лайықты табыс іздейді, бір бөлігі өмір сапасын жақсартып, кәсіби өсу мүмкіндігін кеңейткісі келеді. Бұл үрдістер пессимизм емес. Керісінше, даму мен өзін-өзі іске асыруға деген ұмтылысты білдіреді.

Мемлекет пен бизнес үшін басты міндет – осы күтімдерді ескеру. Жастар бақылауды емес, сенімді серіктестікті, ұранды емес, нақты мүмкіндіктерді қалайды. Егер оларға сенім мен әрекет ету кеңістігі берілсе, олардың энергиясы елдің дамуына бағытталады. Сол кезде Қазақстан өз елінде қалуға және өз әлеуетін жүзеге асыруға ынталы, креативті әрі бәсекеге қабілетті жаңа буынды қалыптастырады.

- Мемлекеттік саясат пен медиа Z ұрпағымен дұрыс тіл табысу үшін не өзгертуі керек?

- Бұл жерде тек коммуникация тілін емес, жалпы мемлекет пен қоғам арасындағы өзара әрекет философиясын қайта қарау қажет. Z ұрпағы цифрлық экожүйеде өмір сүреді, ал ол ортада ашықтық, жедел реакция және шынайылық басты құндылықтар болып табылады. Сондықтан мемлекет пен медиа тек ақпарат көзі емес, нақты пікірталасқа қатысушы, уақтылы, түсінікті және мәнді сөйлей алатын субъектке айналуы тиіс.

Зерттеулерімізге сәйкес, жастардың 65%-дан астамы жаңалықты әлеуметтік желілерден, блогтар мен мессенджерлерден алады. Бұл цифрлық кеңістік сенім мен мағыналы диалогтың негізгі алаңына айналғанын көрсетеді. Сол себепті қазіргі коммуникация серіктестікке, қатысуға және өзара құрметке негізделуі керек. Егер мемлекет пен медиа реформаларды ашық айтып, олардың мәнін қарапайым тілмен түсіндіріп, шынайы өмір мысалдарын көрсетсе, бұл сенімді арттырып қана қоймай, жастарда ел тағдырына ортақтасу сезімін қалыптастырады. Мұндай тәсіл Z ұрпағын пассивті тыңдаушы емес, Қазақстанның болашағына жауапты серіктеске айналдырады.

Z ұрпағы - қоғамның ең сергек әрі белсенді бөлігі. Олар ескі жүйеге соқыр мойынсұнудан гөрі, жаңа шешім іздеуге бейім. Мемлекет пен медиа бұл буынмен тіл табысу үшін олардың қарқынын, тілін және логикасын түсінуі қажет. Z ұрпағымен диалог құру – тек жастар саясатының емес, елдің болашағын айқындайтын стратегиялық міндет. Егер қоғам оларға сенім мен мүмкіндік берсе, бұл ұрпақ Қазақстанды жаңа деңгейге көтере алады.