Жаңалықтар

Зәуре Оралбаева: «Рухани жаңғыру» – ұлттың идеологиялық құжаты

Зәуре Оралбаева: «Рухани жаңғыру» – ұлттың идеологиялық құжаты
28.09.2021 12:11 4158

 

Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланып, ондағы айтылған жобалардың жүзеге асып келе жатқанына төрт жыл толды. Ал үшінші мегаполис саналатын Шымкент қаласында бағдарлама аясында қандай жобалар жүзеге асып жатқанын, осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар жайлы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі Зәуре Оралбаевадан сұраған едік.

  

 

– Сіз басшылық жасайтын Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі немен айналысады? Мақсат-міндеті қандай?

 

– 2017 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы жарияланды. Бұл бағдарлама – ұлттың идеологиялық құжаты. Осы жылдар ішінде ел аумағында айтарлықтай жобалар жүзеге асты, көптеген тірлік атқарылды. Алғашқы жылы көп іс-шараны өткізу барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының эмблемасын қойып, науқандық нәрсеге айналдырып жібергені рас. Қазір мән-маңызын түсінген соң, насихатталып, жоғары деңгейде іс-шаралар, жобалар қолға алынып келеді. 2019 жылы Шымкент қаласы республикалық дәрежедегі маңызы бар қала статусын иеленді. Түркістан облысы құрылып, облыс орталығы Түркістан қаласына көшті. Біз қалада жобалық кеңсе болып, сол жылдың сәуір айында құрылдық. Ол кезде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов еді. Бүгінде өңірлік жобалық кеңседе тоғыз адам жұмыс істейді. Негізгі мақсаты – жобалардың жүзеге асуына, іс-шаралардың ұйымдастырылуына қолдау көрсету, ұйытқы болу, яғни біз үйлестіруші орталықпыз. Мысалы, салт-дәстүрді жаңғыртып, зерттеп, зерделеумен айналысатын «Салт-дәстүр орталығы» бір іс-шара өткізуді жоспарласа, біз сол іс-шараға атсалысып, халықтық сипатқа ие болуына, кең таралуына үлес қосамыз. Жобалық кеңселердің жанынан сарапшылық кеңес құрылған. Бұған дейін сарапшылық кеңесте тоғыз адам болатын. Бүгінде 15-ке жетті. Олардың арасында зиялы қауым, бизнес және қоғамдық ұйым өкілдері мен депутаттар, жастар бар.

 

2020 жылы мемлекеттік хатшының тапсырмасына сәйкес, бағдарламаны үш бағытта жүзеге асыру белгіленді. Бірінші бағыт – тұлғаны дамыту, екінші бағыт – ұлттың дамуы, үшінші бағыт – қоғамдастықтың, азаматтың қоғамның дамуы. Міне, осы үш бағыт бойынша қала әкімі Мұрат Әйтенов бекіткен 2021 жылға арналған кешенді іс-шаралар жоспары бар. 144 тармақтан тұрады.

 

 

 

– Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Шымкентте қандай іс-шаралар қолға алынды?

 

– Шымкент қаласында 2021 жылдың І жартыжылдығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында барлығы 281 іс-шара ұйымдастырылды. Оның 85 пайызы оффлайн форматта өткізілді. Былтырғы қыркүйек айынан «Еңбек елдің мұраты», «Дәстүр және ғұрып», «Құқықтық мәдениет», «Үнем – қоғам қуаты» деген қосымша төрт арнайы жобалар қосылды. Оларды түсіндіру, талдау бойынша семинар-тренингтер өткіздік. Ғалымдар, психологтар, тарихшылар, сот жүйесінің мамандары, тағы басқа да сала мамандары қатысты. Қазір Шымкенттік үш жоба Республикалық үздік жобалар жинағына енген.

 

Бірінші «Ойлы болсаң, озып көр», яғни, интеллектуалды ойындар жобасы. Қала мектептерінде шахмат арнайы пән ретінде енгізілгені белгілі. Одан бөлек, биыл халықаралық шахмат күніне орай, Шымкенттегі орталық саябақта ескерткіш ашылды. Онда биіктігі 3 метр, салмағы 4 тонна болатын шахмат фигурасы орнатылған.

 

Екінші үздік жоба – «экосана» акциясы. Тазалыққа байланысты. Қаланың белсенді жастары мен тұрғындары сенбілікке шығуды әдетке айналдырып келеді. Қалада назардан тыс қалып қоятын аумақтар бар: Фосфоршылар үйі, Ынтымақ елдімекеніндегі сайлар, Чапаевка аумағы. Одан бөлек, қаланы қақ жарып өтетін Қошқарата өзенінің маңайы да осы акция барысында бірнеше рет тазаланды.

 

Үшінші жоба «Абай мұрасы – халық даналығы» деп аталады. Үшінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан әдеби композиция.

 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жыл сайын өтетін «Жомарт жүрек» конкурсы бар. Қайырымдылықты насихаттайтын, қайырымдылық жасауды өзіне парыз еткен жомарт азаматтарды қолдау, насихаттауға арналған. Былтыр конкурстың «Жыл тұлғасы», «Жыл меценаты», және «Туған өлке» деген номинациялары бойынша Шымкенттен үш жеңімпаз республикада ҮЗДІК атанды. Олар кәсіпкерлер Садулла Қалыбеков, Рәшкүл Оспанәлиева және Қайрат Молдасейітов. Садулла Қалыбеков қасбеті ескіріп, шатырынан су сорғалаған біраз көпқабатты үйлерді қалтасынан қаржы шығарып, жөндетіп берді. Рәшкүл Оспанәлиева екі отбасыға, Қайрат Молдасейітов екі отбасыға пәтер алып берді. Одан басқа да жарияға жар салмай, жасап жатқан жақсылықтары көп. Ал биыл мемлекет басшысының барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, шымкенттік кәсіпкер Серік Тұлбасов балаларға арнап, кешенді заманауи 7 спорт алаңшасын сыйлады.

  

 

– ХХІ ғасырдағы ұлттық сана, ұлттық код, мәдениет қандай болуы керек?

 

– Жоғарыда айтылған үш бағыт бойынша жеке-жеке тоқталғым келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланған кезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бірнеше бағыттарды айқындаған. Ұлт, оның ішінде жас ұрпақ, бәсекеге қабілеттілікке ұмтылу керек. Ол білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы, интеллектуалды бағытта жас ұрпақтың тәрбиеленуі. Осының барлығы тұлғаны дамытудың негізгі бағыты. Екіншісі – ұлттың дамуы. Ұлттық бірегейлікті, құндылықтарды сақтауға, тарихи сананы қалыптастыруға, тамырын тереңнен зерделеуге ұмтылдырып, азаматтардың құқықтық, қаржылық сауаттылығын арттыру керек. Жас ұрпақтың, жерлестеріміздің осы бағыттағы білімін жетілдіруге қадам жасауымыз қажет. Бағдарламаның «Киелі жерлер географиясы» мен «Дәстүр және ғұрып» деген арнайы жобасы бар. Мұның барлығы ұлттың дамуы бағыты. Өткенді білмей, зерделемей болашаққа қадам басу мүмкін емес. Үшінші – мемлекеттің, қоғамдастықтың дамуы. Яғни, біздің азаматтық қоғам ретінде дамуымыз. Үкіметтік емес ұйымдармен, саяси партиялармен, кәсіподақпен жаңа қадамдар жасау үшін бағдарлама түзіліп отыр. Шымкент қаласы үкіметтік емес ұйымдар саны жағынан да, бұқаралық ақпарат құралдары саны жағынан да республикада көш бастап тұр. Бірақ сан бір бөлек, сапа бір бөлек. Осыған көбірек көңіл бөлінуі керек. Бізде жоба жетекшісі болып қызмет еткен ғалым Бекжігіт Баймаханов Түркияда бала 4-5 жасқа толып, тілі анық шығып, айналасын бағамдай бастағанда оның отбасы мен баратын балабақша немесе дамыту орталықтары баланың туған күніне тәттілер, ойыншық емес, ту сыйлайтынын айтатын еді. Түркияда көп үйлерде ту ілініп тұрады. Бұл рәміздерге құрмет. Жазылмаған заңдылық. Біз мұны дәлме-дәл қайталамасақ та, басқаша форматта жасауымызға болады.

  

 

– «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес» деген еді Елбасы. Қандай қасаң қағидалар мен дағдыларды өзгертуміз керек деп ойлайсыз?

 

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасын көп адамдар тек салт-дәстүр, мәдениет, іс-шара, концертпен байланыстырып, күй тартылса, ән айтылса «рухани жаңғыру» деп ойлайды. Ол бұрыннан айтылып келе жатқан ән мен бұрыннан тартылып келе жатқан күй, қазақтың салт-дәстүрі. Ал шын мәнінде ұлттық құндылықтарды барынша тереңінен зерттеу, көпшілікке ұғынықты түсіндіру, сіңдіру, одан бөлек ғылыми-инновацияларды, инфрақұрылымды, тарихи орындарды дамыту да «Рухани жаңғырудың» бағыттары. «Рухани жаңғыру» біздің қоршаған ортаға, экологияға көзқарасымызды өзгертуге бағытталған. «Рухани жаңғыру» спортпен айналысуды, дағдымызды күшейтуді еске салады. «Рухани жаңғырудың» түпкі мақсаты – жаңғыр, санаңды жаңғырт, өзіңнен баста, өзіңді-өзің жең. Жаңғырту деген не? Ол миыңның қақпағын ашып, қозғап жіберу емес, ол сенің әр нәрсеге деген көзқарасыңды, пайымыңды, ойыңды өзгерт деген сөз. Пайдалы іс істе. Пайдалы іс істеуге денсаулығың, қарым-қабілетің, моралдық-материалдық жағдайың келмей ме, онда зиян келтірме. Қоршаған ортаға, айналаңдағы адамдарға зиян келтірме. Банктен несие алуға жүгіре бермей, қаржылық сауаттылықты арттыр. Қала тұрғындары қоқыс тастамау керектігін біледі, бірақ үй ауласына, Қошқарата өзенінің бойында демалады, соңынан қоқысын тастап кетеді. Біреу қоқыс тастап жатса, көріп тұрып, жанынан түк болмағандай өтіп кетеді. Ішкі мәдениетті, түйсікті көтеру керек. Рухани сананы ояту керек. Адамдар бір-біріне деген мейірім, жанашырлығын арттыруы керек.

  

 

– Бағдарламаның жүзеге асырылуына көңіліңіз тола ма?

 

– 100 пайыз толады десем, өзімді алдаймын, басқаларды алдаймын. «Рухани жаңғыру» десем, «Қандай іс-шара өткізіп жатырсыңдар?»,- деп сұрайды. Сұрақтың өзі дұрыс емес. Біз үйлестіруші мекемеміз. Бағыт береміз. Көңілімнің толмайтынының бір себебі, мемлекеттік органдардың өзі дұрыс қарау керек. Бұл мемлекеттік органдардың өзі бас болып жүргізетін идеологиялық жұмыс. Олар бірінші бұл бағдарламаны түсініп алмай, бізбен тығыз жұмыс істемей, нәтиже шықпайды. Біз патриот ұрпақ тәрбиелеу керек дейміз, қалай тәрбиелейміз, жауапты орган мамандарының өзі беріп отырған бағдарламаны түсінгісі келмесе, жүзеге асырғысы келмесе. Атақты ойшыл Әл-Фараби атамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген. Отырып алып, іс-шара өткізіп, сын айтқаннан, тезірек құтылсақ болды деген қатып қалған стеротиптен арылмасақ, ешқандай рухани жаңғыру туралы айта алмаймыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында 17 арнайы жоба бар. Оның ішінде кіші – жоба, бағыттарға бөлінген. Төрт жылдың ішінде ең танымал жобаға айналған – «100 жаңа» есім жобасы. Бұл жоба елімізде түрлі сала бойынша еңбек етіп жүрген, айналасына қайырымдылық жасап, жетістікке жеткен адамдарды танытады. Үлгі етеді. Мотивация береді. Биылғы жоба тарихында алғаш рет мұғалім жеңіске жетті. Ол - Шымкенттегі М.Х. Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Роза Керімбекова. Өте еңбекқор, білімді, білікті, қарапайым ұстаз. «Менің балам 1 сыныпта осы ұстаздың қолына барсыншы» дейтін ата-ана көп. Енді барлық ортада Роза Аршабайқызын танытуымыз керек. «100 жаңа есім» жобасына 2021 жылы Шымкенттен 72 адам өз-өзін ұсынып, бақ сынаған еді. Ал былтыр, 81 адам қатысып, онлайн мобильді ойындар мен қосымшаның продюсері, «Ұлы Сұлтан», «Ұлы хан», «Ұйқы шебері» ойындарының авторы Алдияр Жұмажанов үздік шықты. Оның арманы Қытайдан оралып, Шымкентте тегін it-мектептерін ашу. Ал 2019 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы болып тұрған кезде біздің өңірден тоғызқұмалақшы Әсел Далиева, паралимпиада жеңімпазы Құралбай Орынбасар және меценат Қайрат Молдасейітов жеңімпаз болып, «100 жаңа есімге» енді. Жоба басталғалы ресублика көлемінде 4 мыңға жуық адам қатысқан. Біз осы азаматтарды халқына жіті танытуымыз керек.

 

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға