Жаңалықтар

З.Бикмухаметов: ««Ақбозат» бірлестігін құрмас бұрын, әлеуметтік желіде башқұрттардың тобын құрдық»

З.Бикмухаметов: ««Ақбозат» бірлестігін құрмас бұрын, әлеуметтік желіде башқұрттардың тобын құрдық»
03.10.2019 17:40 2382

Қазақстан аумағында 17000-нан астам башқұрт ұлтының өкілдері тұрады. Бір ғана елордада олардың саны 1000-нан асып жығылады екен. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ақбозат» башқұрт этномәдени бірлестігінің құрылғанына көп уақыт бола қоймағанына қарамастан, орталық белсенділері башқұрт халқының мәдениеті мен дәстүрін жаңғыртып, жалғастыруда ауқымды шараларды жүзеге асырып үлгерді. Бұл жөнінде ҚХА сайтының тілшісіне елордалық башқұрт мәдени орталығының төрағасының орынбасары Закир Бикмухаметов әңгімелеп берді.

— Әңгіменің әлқиссасын өзіңізден бастасақ...

— Мен 1991 жылы сол уақыттағы Целиноград қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында, дәл Кеңес үкіметінің ыдырауының алдында дүниеге келдім. Сондықтан, ел Тәуелсіздігінің төл құрдасымын деп толық негізде айта аламын. Ата тегім сонау Орал маңынан, Қорған облысынан тамыр тартады. Нағашы атам Қазақстанға тың игеру кезінде келіп, қоныс тепкен. Анамның кіндігі қазақ жерінде кесіліпті. Ал әкем болса, Қазақстанға анаммен отау көтергеннен кейін біржолата көшіп келген.

— Башқұрт қоғамдық бірлестігінің құрылуы туралы айтып беріңізші. Біздің білуімізше, сіз осы істің басы-қасында идея пайда болғаннан бастап жүрдіңіз...

— Бала кезімнен отбасымызда башқұрттың халық әндерін құлағымызға сіңіріп өстік. Үйде әке-шешем үнемі ұлттық әндерді қосып қоятын. Осылайша, олар біздің ана тілімізді ұмытпағанымызды қалаған болар. Ал тұрмысымызға интернет енген уақыттан бастап, мен тарихи отанымның шежіресін зерттеп, дәстүрі мен мәдениеті туралы мағлұматтарды зерделей бастадым. Таңертең компьютерге отырғаннан кешке дейін башқұрттар туралы бар деректі, жазбаларды ақтарып отыра беретінмін. Әр күн сайын башқұрт халқының тарихы мен мәдениетінің өзіме беймәлім тұстарын біліп, өзім үшін жаңалық ашып отырдым. Және ол туралы өзгелермен бөліскім, пікірлескім келді. Осындай оймен башқұрт қандастарымды іздей бастадым. Күллі Қазақстан тұрмақ, бір ғана елордада жүрген башқұрттарды іздеп табу оңай болмады. Сондықтан, әлеуметтік желілердің бірінде «Қазақстан башқұрттары» тобын аштым. Кейін бұл топқа тіркелушілердің қатары артты. Жиналғандар құрқол келмей, өздері білетін, естіген, тапқан мәліметтермен бөлісе бастады. Әлеуметтік желідегі топ қазақстандық башқұрттардың диалог алаңына айналды. Орал Азнабаев ел астанасынан башқұрт орталығын ашу туралы идея айтты. Әрине, менің ойымдағы да осы болатын. Сондықтан, біз бірлесіп өзіміз танитын башқұрттардың басын қосып, 2017 жылы мамырда алғашқы пікірлесу кездесуін өткіздік. Ал осы жылы «Ақбозат» этномәдени орталығының ресми түрде тұсауы кесілді. 2019 жылдың шілде айында «Ақбозат» бірлестігі Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына енді.

— Бірлестікке өзіміз танитын басшқұрттардың басын біріктіруге тырыстық дедіңіз. Қазір оның құрамында қанша адам жұмыс жасайды?

— Көп емес, әрине. Бірлестікте бүгінгі таңда 40-қа жуық адам бар. Олардың барлығы дерлік ата мекені – тарихи отанын ұмытпай, дәстүр сабақтастығының сақталуына жанашырлық танытып жүрген жандар. Қай елде тұрмасын мейлі, барлық адамдардың өз ана тілін білуі маңызды. Орталық жанынан қоғамдық негізде башқұрт тілінен дәрістер беріледі. Оған 20 этникалық башқұрт қатысады. Олар негізінен Қазақстанда дүниеге келген жас ұрпақ өкілдері. Ал келесі жылы жексенбілік мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Оған бүгіннен бастап балалар мен жасөспірімдер тобына шәкірт қабылдап жатырмыз. Башқұрт орталығының ашылғанына көп болмағандықтан, ол туралы білетіндер де аз болуы мүмкін. Башқұрт халқының тарихы өте бай және қызықты, тұрмыстық мәдениетінің өзіндік ерекшелігі бар.

— Башқұрттар асханасы несімен ерекшеленеді?

— Башқұрт халқы ұннан жасалған ас мәзірін аса қадірлейді. Нан тағамдары жеміс-жидекпен, етпен әзірленеді. Сондай-ақ, күнделікті жылқы, сиыр, қой етін жиі тұтынады. Ұлттық тағамдардан қыстыбай, вакбелэш, бауырсақ, сәк-сәк, эремсек, умас-ашы, бешбармакты айтуға болады. Сондай-ақ, башқұрттар дастарханына үнемі бал қойылады.

— Башқұрттардың ұлттық мерекелері туралы бір-екі ауыз сөз?

— «Йыйын», «Каргатуй» мейрамдары дәстүрлі түрде тойланады. «Йыйын» - башқұрт халқының көне мейрамы, оның дәстүрлі салт-ғұрып мәдениетінде алатын орны да ерекше. Және ол жаз қезінде аталып өтіледі. Мейрам кезінде жастар арасында спорттық додалар ұйымдастырылады және топ жарған жеңімпаз қауымның құрметті мүшесі ретінде мойындалады. Ал «Каргатуй» – көктемді қарсы алуға арналған мереке. Орталықта ұлттық мейрамдардан өзге, ұлт мәдениетіне қатысты кездесулер, сұқбаттар, көрмелер ұйымдастырылып отырады.

— Жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі туралы ой салмақтасаңыз…

— Қазақстанда өз ұлтыңның тілін, мәдениетін еркін меңгеріп қана қоймай, оны дәріптеуге мүмкіндік берілгені шын қуантады. Қазақ және башқұрт халықтарының байланысы тарихтың тереңінде жатыр. Мен өз халқымның тарихы туралы әңгімелегенді ұнатамын, және қазақстандық күллі ұлттар мен ұлыстардың диалог алаңы болған Қазақстан халқы Ассамблеясының бір бөлігі болуды бақыт деп білемін.

— «Ақбозат» бірлестігі алдағы уақытта атқарар жұмысын жоспарлап та үлгерген болар?

— Әрине, жақын уақытта елордада башқұрт халқының мәдениетімен, дәстүрімен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретін ауқымды іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Оның үстіне шығармашылық ұжымның қатарын белсенді, талантты жандармен толықтырып отыруға тырысамыз. Бүгінде бірлестіктің шығармашылық ұжымдары қалыптаса бастады. Осы тұрғыда Башқұртстан Республикасынан да бізге қолдау көрсетіліп отырғанын айта кеткен жөн. Әзірге біздің белсенділеріміз іс-шараларда жеке дара өнер көрсетіп жүр. Алайда, жуық уақытта башқұрттардың шығармашылық ұжымы дүниеге келуі керек.

— Башқұрт жастары немен айналысуда, болашақты қандай жобалар күтіп тұр?

— Біздің жастарымыз орталықтың барлық іс-шараларына да, сондай-ақ, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жұмысына да белсенді қатысып келеді. Сондай-ақ, бүгінде садақ ату дәстүрі бойынша шеберліктерін ұштау үстінде. Алдағы күндері осы сайыс түріне қатысты барлық додаларға қатыспақ ниетіміз бар. Және этникалық жастар музыкасы фестивалін өткізуді көздеп отырмыз, оған басқа қалалардағы жастар да үн қосады деп ойлаймын. Жас ұрпақ өз тарихын білуі тиіс, және оның бойында еріктілік, төзімділік, өзін-өзі дамыту қасиеттері де болуы керек.

— Өз қызметіңіз туралы толығырақ айтыңызшы…

— Бүгінде «Жаңғыру Жолы» жастар қозғалысының белсенділерімен бірлесіп жұмыс жасаудамыз. Жастармен өз тәжірибеммен бөлісу мүмкіндігі берілгеніне шын қуаныштымын. Қазір жас белсенділердің негізгі тобы қалыптасты. Достық үйінде коворкинг-орталығы жасақталды. Жас ұрпақ – біздің еліміздің болашағы. «Жаңғыру жолы» - жастардың азаматтық ұстанымы мен тәжірибесін жетілдіре отырып, елдің лайықты азаматтарын тәрбиелеуге үлес қосады деп ойлаймын. Сондай-ақ, «Жанғыру Жолы» жастар қозғалысы Достық үйінде ашық есік күнін өткізуге дайындалуда. Біздің орталық өкілдері де мұнда қысқаша таныстырылым мен түрлі салаларда мастер кластар өткізеді.

— Бүгінгі жастарға баға беріңізші, әлі не істелуі керек?

— Ассамблея қатарына белсенді жастарды көбірек тарту керек. Оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас орнатуға көңіл бөлген жөн. Өкінішке орай, жастар қанатының жұмысы өте аз насихатталады, сондықтан ақпараттық қолдаудың көбірек болғанын қалар едік. Жастар өздерін көрсетуге, танытуға мүмкіндік беретін ұйымның бар екенін білуі тиіс., ҚХА жастар белсенділері жыл сайын жаңа толқынмен толықтырылып келеді. Ассамблея қызметінің аясында олардың әрқайсысы өзіне жақын іспен шұғылдана алады. Біздің қозғалысқа айтары мен үйретері бар, тәжірибесімен бөлісе алатын жастардың қосылғанын қалаймын.

— Жұмыстан бос уақытыңызда немен айналысқанды жаныңыз қалайды?

— Мен фотографпын, бұл менің хоббиім. Соған көбірек уақыт бөліп, айналамдағы қозғалыстың барлығын таспаға түсірсем деймін. Алайда, соңғы кездері бос уақытым өте аз. Бұдан басқа мен садақ атумен де айналысамын. «Ақбозат» этномәдени орталығында осы бастаманы көтеруіме де сүйікті хоббиім себеп болды.

— Қазақстандық жастарға не тілер едіңіз?

— Біздің жастарымызға өз-өзіне сенімділіктің жоғары болуын, сондай-ақ, біздің ортақ отанымызға сенімнің, түсіністіктің болуын тілеймін. Себебі, біз еліміздің болашақ тағдырына ықпал етеміз. Біздің бүгінгі төккен теріміз бен еткен еңбегіміз еліміздің күшті әрі бәсекеге қабілетті болуына тікелей жол ашады.


Бөлісу:

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша none;text-underline:none">ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға