Жаңалықтар

Қызылордалықтар Елбасы туралы!

«1 желтоқсан – Қазақстанның Тұңғыш Президенті» қарсаңында Сыр елінің азаматтары Елбасы туралы пікірлерімен бөлісіп жатыр. Олардың арасында Елбасымен жүзбе-жүз кездесіп, аз-кем әңгімелескендер де бар екен.
27.11.2014 09:05 5350

«1 желтоқсан – Қазақстанның Тұңғыш Президенті» қарсаңында Сыр елінің азаматтары Елбасы туралы пікірлерімен бөлісіп жатыр. Олардың арасында Елбасымен жүзбе-жүз кездесіп, аз-кем әңгімелескендер де бар екен.


Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы

Елена Рыбина:

Қызылордалықтар Елбасы туралы!

«2009 жылдың 27 қарашасында Сыр еліне іс-сапармен мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келді. Бірқатар мәдени нысандарды ашты. Сол жерде мен бүкіл облыс жастарының атынан Елбасы алдында қазақ тілінде сөз сөйлеу мәртебесіне ие болдым. Елбасының «Жарайсың Елена, қазақ тілінде кейбір қазақтардан жақсы сөйлейсің» деп арқамнан қаққан әкелік қамқорлығы менің бүкіл тағдырымды өзгерткенін мен енді ғана сезініп отырмын. Осы кездесу менің туған жеріме деген патриоттық сезімімді оятты. Тіл білуге деген құлшынысымды арттырды.  Осының арқасында жергілікті телеарнада қазақ тілінде бірнеше бағдарламаларды жүргізідім. Беделім өсті, мәртебем артты. Соның бір көрінісі қазір мен Назарбаев Зияткерлік мектебінде қызмет атқарамын. Еліміздің тыныштығын сақтап, осында отырған барша ұлыстарға бейбіт өмір сыйлаған Нұлсұлтан Әбішұлының есімімен аталған білім беру мекемесінде жұмыс істегенім мен үшін үлкен мәртебе».  

Қоғамдық келісім орталығының Қазалы ауданындағы эксперті

Светлана Крюгер:

Қызылордалықтар Елбасы туралы!

«2005 жылдың сәуір айында сайлауалды саясатты жүргізу мақсатымен Қызылорда қаласына іссапарға келген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қабылдауына Қызылорда облысының барлық студент жастарының атынан қатыстым.
Кездесуде Елбасына қойған сұрағым «Болашақ» бағдарламасының жастарға берер мүмкіндіктері жөнінде болатын. Мемлекет басшысы сауалыма толық әрі нақты жауабын берді. Содан бері 9 жыл өтті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы ел тізгінін ұстаған уақытынан бастап жастарға ерекше қамқорлық танытып келеді. Жастарымыздың өсуі, білім алуы, қызметке орналасуы үшін көптеген жағдайлар жасалған. Осының арқасында мен 2006 жылы еліміздегі іргелі білім ордасы – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің журналистика мамандығының қазақ бөлімін бітірдім. Мемлекеттік тілді еркін меңгергенімнің арқасында студенттік шағымда бірнеше конкурстарға қатысып, жеңімпаз да атандым. Одан кейін қазақ жігітімен отбасын құрып, қазіргі таңда Жанерке, Жансая есімді 2 қаракөз қыздардың анасымын.
Елбасымыздың көреген саясатына өз жерімде үлес қосып жүргеніме, өзімді тәуелсіз әрі болашағы жарқын Қазақстан мемлекетінде дүниеге келгенім үшін және осы елдің мемлекеттік тілін еркін меңгергенім үшін бақытты сезінемін».

«Жас Отан» жастар қанатының мүшесі

Татьяна  Нуштаева:

Қызылордалықтар Елбасы туралы!

«Қызылорда облысы Шиелі ауданын мекендеген өзге ұлт өкілдері ауданымызды «кіші Ассамблея» деп те атайды. Олар осы жерде туып-өскен, өнген, еңбек етіп, отбасын құрған, бақытын, шаттығын Шиелі топырағынан тапқандар. Солардың бірі – мен, осы ауданда кіндік қаным тамып, дүниеге келіп, өсіп-өндім. Өзім сәби кезімнен қазақ балаларымен тай-құлындай тебісіп, дос болып, бірге оқып, бірге өстім. Соның нәтижесінде бала кезімнен бастап қазақ тіліне қызығушылық танытып, өзімнің ана тіліммен қатар қазақ тілін де өте жақсы меңгердім, қазақ тілі өте бай, әдемі, әсерлі тіл. Мемлекеттік тілді өте жақсы меңгергенімнің арқасында оқу орнының қазақ бөлімін үздік дипломмен бітірдім.
Бақытымды да қазақ отбасынан тауып, қазіргі таңда қазақ шаңырағының келінімін. Өз ұлтымның мәдениетін бойыма сіңіріп, тарихын танумен қатар, қазақ халқының да әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін көріп, үйреніп өстім. Сондықтан маған қазақ отбасына келін болу, табалдырығын аттаған шаңырағымның өміріне араласу аса қиын болмады.
2012 жылы менің өмірімде айтулы оқиға, менің тағдырымды, дүниетанымым мен көзқарасымды өзгерткен керемет сәт болды. Ол менің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесуім. Мен облыстың белсенді жастарының қатарында «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының республикалық ІІ съезіне бардым. Сол жиында Елбасының алдында Сыр елі жастарының атынан сөз сөйлеп, облыстағы жастар саясаты, оның ішінде тіл саясаты туралы пікірімді айттым. Сөзімді аяқтағаннан кейін Президентіміз «Сыр елі – ұлтымыздың тілін, ділін сақтап отырған киелі мекен, оның айқын көрінісі – Татьяна. Ұлты басқа болса да қазақ тілін өте жақсы меңгеріп, барша қазақстандықтарға үлгі көрсетті» деп атап өтті. Бұл ерекше кездесуден мен шабыттанып, қанаттанып келдім. Елбасының маған айтқан сөздері мен үшін өміріме нұр құяр, шапағат берер батамен тең болды.
Осы кездесуден кейін менің өмірімде тек жақсылықтар орын алды.  Мемлекеттік қызметке орналасып, қазіргі таңда Шиелі ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде қызмет атқарамын. Елбасымыз ұстанып отырған «үштұғырлы тіл», «ұлтаралық татулық» саясатын өз жерімде насихаттап, еліміздің дамуына кішкене де болса көмегімді тигізіп келемін деп ойлаймын».

«Славяне» ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі

Галина Щербакова: 

Қызылордалықтар Елбасы туралы!

«Осыдан 20 жыл бұрын Елбасының бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. Бүгінде бұл Ас­самблея қоғамдағы келісім мен ынтымақтастықтың басты тетігі болып отыр. Мен осы Ассамблеяның мүшесі болғаныма мақтанамын.  Жыл сайын Ассамблея жұмысына қатысып, Елбасының халықтар достығына, ынтымақ-бірлікке, татулыққа аса мән беріп отырғанын байқап келеміз. Бұл Ұлт көшбасшысының көрегендік қабілетінің жарқын көрінісі деп білемін».

Спорт ардагері

Ким Юрий: 

Қызылордалықтар Елбасы туралы!

«Мен Елбасымен кездесу бақытына ие болғаным үшін қуанамын. Мемлекет басшысымен кездесуден алған әсерім ерекше болды. Ұлт Көшбасшысының қолдауын кез-келген саладан байқауға болады. Спортқа зор көңіл бөліп, әрдайым мемлекеттік маңызды мәселелердің қатарына қойып келеді.  Қызылордадағы мұз айдыны, жабық теннис алаңы, жаңадан салынғалы жатқан 15 мың көрерменге арналған футбол стадионы, Илья Ильин атындағы ауыр атлетика орталығы, бокс орталығы -  осының барлығы Елбасының спортқа деген жанашырлығы деп білемін». 

Әзірлеген – Досжан Мейірбек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға