Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен №198 орта мектепте «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасының өңірлік байқауының қорытындысы шығарылды.
Маңызы жоғары жобаны іске асыруда жыл басынан бастап облыс көлемінде түрлі форматта іс-шаралар өткізілді. Жазғы тынығу лагерлерінде ұлттық және спорттық ойын түрлерінен жарыстар, байқаулар ұйымдастырылды. Жобаға тартылған 500-ден аса жастар қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайтудағы мемлекеттік тілдің маңыздылығын жете түсінді, дейді ұйымдастырушылар.
Бүгінгі «Асыл сөз» мектебі» бағдарламасы аясындағы облыстық «Тіл мерейі» байқауына 8 оқушы қатысып, бақ сынасты. Бірінші кезеңде оқушылар Отан, тіл, патриотизм тақырыптарында эссе жазды. Екінші кезеңде қойылымдық мәнерлеп оқу сайысында қатысушылар қазақ ақындарының шығармасынан үзінді оқыды. Ал, үшінші кезең – «Ораторлық өнер» сайысында оқушылар берілген тақырып бойынша сөйлеу шеберлігін танытты.
Байқау барысында әділ-қазылар қатысушылардың сөйлеу мәнеріне, мәтіннің бейнелік жүйесі мен мазмұндық құрылымына, актерлік шеберлігіне, таңдап алынған шығарманың ерекшелігіне мән берді.
Үш кезеңнің нәтижесі бойынша I дәрежелі дипломды Қармақшы ауданы III интернационал ауылы №108 орта мектебінің оқушысы Омар Латиф, II дәрежелі дипломды Жаңақорған ауданының №56 орта мектебінің оқушысы Диана Каюмджан, III дәрежелі дипломды Қызылорда қаласы №198 орта мектебінің оқушысы Дильшат Искаков қанжығасына байлап, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ендігі кезекте әділ-қазылар алқасының шешімі бойынша іріктеуден өткен оқушылар Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының қорытынды шарасына қатысады деп күтілуде.