Қызметте батыл жедел уәкіл
Ішкі істер органдарының аса маңызды құрылымдарының бірі – қылмыстық іздестіру қызметі. Полицияда қылмыстың ашылуына, қылмыскерлерді құрықтауда жедел әрекет ететін сала қызметкерлерінің рөлі ерекше. Ғасырлық тарихы бар қылмыстық іздестіру қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында аға жедел уәкіл Рахимова Нұргүл Нұрланқызымен сұқбаттасқан болатынбыз.
Тәртіп сақшысы Астана қаласы ПД Есіл ауданы Полиция басқармасының Криминалдық полиция бөлімінде қызмет атқарады. 20 жылдан астам тәжірибесі бар ол көптеген қылмыстың ашылуына себепкер болған. Аталған салаға келуінің де өзіндік себебі бар.
– Мен бұл салаға келетінімді бала кезімнен, мектеп оқып жүрген уақыттан бастап білгенмін. Басқа мамандықты қарастырған жоқпын. Сондықтан да күреспен айналысып, спортқа бейім болып, өзімді дайындадым. 2001 жылы Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түстім,–дейді Нұргүл Нұрланқызы.
Жеті жыл күрескен полицей әйел күрестен шеберге үміткер дәрежесіне жеткен. Қазақстан чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болған.
– Бұл салаға келуге менің әкемнің үлкен септігі болды. Ол кісі ерте 34 жасында дүниеден өтті. Мен ол кезде 11 жаста ғана болатынмын. Анам бала кезімнен әкемнің форма киіп, ішкі істер органдарында қызмет ету арманы болғандығын үнемі айтып отыратын. Өсе келе әкемнің арманын орындаймын деген мақсатым болды. Сол себептен осы салаға келдім. Қазір де әкемнің әруағының қолдауымен қызмет етіп келемін. Болашақта қажетті шенге дейін жетіп, қызметімді аяқтауды көздеймін,–дейді аға жедел уәкіл.
Нұргүл Нұрланқызы Қарағанды академиясын жедел уәкіл мамандығы бойынша тәмамдаған. Алғашқы қызмет жолын 2005 жылы Қарағанды қаласындағы Оңтүстік полиция бөлімінің Адамдарды іздестіру бөлімінде жедел уәкіл болып бастапты.
– Жедел уәкіл қызметіндегі ең алғашқы ісім әлі күнге дейін есімде. Ол Қарағанды қаласында тонау ісі бойынша болған еді. Аталған іс барысында қылмыскерді ұстауға 1 ай уақытымыз кетті. Ол кездері қазіргідей ұялы телефон жоқ. Кешке қарай мектептен, орта білім беретін оқу орындарынан қайтып келе жатқан жас қыздарға шабуыл жасалды. Қылмыскер қыздардың алтын бұйымдарын шешіп, қарақшылық жасап жүрді. Сол жылдары мен сол рөлде аталған операцияға қатысқан едім. Ісіміз сәтті аяқталды,–дейді Нұргүл Нұрланқызы.
Жедел уәкіл сонымен қатар нашақорлыққа қатысты құрылған топ ішінде біраз уақыт қызмет етіпті. Онда нашақорларды ұстау операцияларына қатысып, қылмыстың ашылуына септігін тигізген екен.
– Есіл ауданы Полиция басқармасының Криминалдық полиция бөлімінде бүгінде 69 қызметкер бар. Оның ішінде 10 адам басшы құрам. Мен мүлікке қарсы қылмыстарды ашу бөлімшесінде аға жедел уәкіл болып қызмет атқарамын. Бүгінде Ішкі істер министрлігімен 2021-2023 жылдарға арнап орнатылған жеке мүлікті қорғау бағдарламасы бар. Менің міндетіме сол бағдарламаларды жүргізу кіреді. Оның ішінде бізде жеке мүлікті ұрлау, сол мүлікке қарсы жасалатын қылмыстарды ашу және де оның профилактикалық іс-шаралары, азаматтармен жұмыс істеу, пробацияда тұрған азаматтардың қайта ұрлыққа баруының алдын-алу жұмысы кіреді,–дейді полицей.
Аға жәдел уәкіл Нұргүл Нұрланқызының айтуынша ұрлықтың бірнеше түрі болады. Оның ішіне алаяқтық, сенімге кіру де жатады. Тәртіп сақшысының айтуынша Астана бас қала болғаннан кейін үй жағдайына байланысты және басқа да сатып алу шараларына қатысты алаяқтықтар көп орын алады екен.
– Ұрлық пен алаяқтық біздің ең басым мәселелердің бірі деп айтсақ та болады. Біздің басқарма Астана қаласының сол жағалауда орналасқаннан кейін Ақордадан бастап, министрліктер үйі және де көптеген мемлекеттік обьектілер бар. Сондықтан біздің ауданға қарайтын аумақ болғаннан кейін жауапкершілік те арта түседі,–дейді тәртіп сақшысы.
Жыл басынан бастап осы күнге дейін Есіл ауданы Полиция басқармасының Криминалдық полиция бөлімінде 1093 ұрлық тіркелген. Оның ішінде пәтерден, көліктен ұрлау немесе көліктің өзін ұрлау, ұялы телефондар, қалтадан ұрлау және түрлі-түсті металдар ұрлығы бар. Олардың ішінде ауыр, орташа ауыр қылмыс түрлері орын алған.
– Бүгінгі таңда қылмысты ашу 50-58%-дан асып тұр. Автокөлік ұрлықтары мен көліктен ұрланатын қылмысты ашу бойынша көрсеткіш 100% құрайды. Қылмыстар жұмыс барысында күнделікті ашылып жатады. Жедел уәкіл болғаннан кейін біздің жұмысқа байланысты қылмысты ашу үшін арнайы операциялар жоспарланады. Сондай операцияларға қатысамын. Онда әр түрлі жағдайлар болады. Кей кездері нақты операцияға байланысты рөлдерді ойнауға тура келеді,–дейді аға жедел уәкіл.
Аға жедел уәкілдің айтуынша ұрлыққа баратын азаматтардың жас ерекшеліктеріне байланысты ең жасы кәмелетке толмаған жасөсіпірімдер. Ұрлық жасайтындардың ең үлкені шамамен 60 жастың шамасын құрайды.
– Күніне орта есеппен әр түрлі арыз түсуі мүмкін. Кейде 2 ұрлық, кей кездері тәулік бойында 8-9 ұрлық орын алып жатады. Тәулік бойы жұмыс істейтін болғандықтан түнгі қызметке жедел тергеу тобының құрамында қалған қызметкерлер қалады. Таңертең басшы құрам тәулік бойы орын алған қылмыстарды тексеріп, орындаушыларға жібереді, – дейді Нұргүл Нұрланқызы.
Тәртіп сақшысы қай салада болмасын ер азаматтардың рөлі ерекше екендігін атап өтті.
– Біздің салада ер адамдар алда. Біз оларға қосымша күш ретіне, құрал ретінде көмек көрсетеміз. Қажетті операциялар жүзеге асырып жатқан кезде қатысуымызға болады. Халқымызда: «Байтал шауып бәйге алмас», – деген сөз бар. Сондықтан әрқашанда менің өмірлік мақсатым отбасында, жұмыста болсын ер азаматтарға қолдау көрсету, демеу болу,–дейді кейіпкеріміз.
Өз саласын жақсы көретін полицей мамандықты таңдағаннан кейін жұмыс бабы бойынша өкініш болмағандығын айтты. Жедел уәкілдің бір өкініші балаларына деген уақытының аз болғандығы.
Әйел полицей бүгінде үш қыздың анасы. Үлкен қызы – 19 жаста. Тұңғышы Жапонияның Токио қаласында білім алып жатыр екен. Ортаншы қызы мектепте білім алса, кенжесі балабақшаға барады.
Нұргүл Нұрланқызының өмірлік ұстанымы – адал жар болу, ана болу.
– Әйел адам болғаннан кейін ең бірінші міндетім – ана болу. Сонымен қатар қасымдағы әріптестерімінің басым көпшілігі ер азаматтар болғандықтан әріптестеріме әйел ретінде демеу болу, ақылшы болу. Негізігі өмірлік ұстанымым – ешкімнің ала жібін аттамау, әр жасаған ісіңе адал болу және де адамдардың мүддесі мен құқықтарын қорғау. Қандай істе болмасын ең бірінші адал болу керек деп ойлаймын. Әрбір адам өзінің таңдаған мамандығын сүйе білуі қажет. Тек қана өз саласын жақсы көрген адам бұл жұмыстың ыстық-суығына шыдай біледі. Ешқашан да өкінген кездерім болған емес. Әр адамда эмоционалдық жану басқа да себептер болады. Мен балаларымның шараларына қатыса алмай қалған кезде немесе балаларым мен менің демаласым сәйкес келмеген кездер мені аздап қынжылтады,–дейді кейіпкеріміз.
Нұргүл Нұрланқызы жақында подполковник шенін алды. Ол бүгінде спортта шеберге үміткер ғана емес, аяулы жар, мейірімді ана. 2014 жылы «Парасатты полицей» байқауына қатысып, әртістік өнері үшін марапатталған. Бүгінде Есіл ауданы Полиция басқармасының атынан Көңілді тапқырлар клубында өнер көрсетеді. Қылмыстық іздестіру қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында батылдық пен ер-жігерді, өзін-өзі бақылауды талап ететін салады қызмет етіп жүрген полиция подполковнигіне сәттілік тілейміз.