Жаңалықтар

Қызқұлаған көлі, Датқаның сазы, Алты сары обалы биiгi

Қазақстанның оңтүстігіндегі тарихы тереңде жатқан жерлер
Қызқұлаған көлі, Датқаның сазы, Алты сары обалы биiгi
16.08.2021 16:08 8561

 

Алты сары обалы биiгi

 

Р.Сырғабаеваның «Жамбыл облысының топономикалық атауларының анықтамасы» еңбегінде осы биік туралы аңыз бар. Ертеде Бәйдiбек шапқыншы жауға қарсы елдi көтерiп, қол бастаған ел қорғаны болған. Сол бiр жаугершiлiк заманда Алатау асып келген қалың жау Қаратау жонын жайлап бейбiт жатқан Бәйдiбектiң көп ауылдарын шауыпты. Сан мың жылқысын топтап айдап кетiптi. Сонда ел жасақтарын көтерiп «аттан!» салып атқа мiнген Бәйдiбек жасақтарының алдын бастап өзiнiң үлкен әйелi Сары бәйбiшеден туған алты ұлы жүрiптi. Жасақтар Жон өлкесiмен аттанып бара жатқанда Ақтөбе дейтiн жон жайлауында кiшкене кәусар бұлақтың жағасында қараша үйде жалғыз ұлы жас Жарықшақпен тұратын кiшi әйелi Нұрилә (Домалақ ана) байға тiлек айтыпты:

 

– Бай-еке, жаудан қайырарың мал болса әуре болма, Құла айғыр қолда қалды. Қалың жылқы алты күн өткенде жауға айдау бермей өзi оралады, – деп қара отау белдеуiнде мата белбеумен байлаулы тұрған жүген-құрық көрмеген шу асау құла айғырды нұсқапты.

 

– Бұл айғырды қалайша ұстап тұрсың? – дептi бай.

 

– Жау батырлары бұлақ басында ат үстiнен сусын сұрады. Сұраған сусынын әпердiм. «Не қалайсың, тiлегiңдi айт», – дедi жау батыры.

 

– Қалаған жылқыны өзiм ұстап алайын.

 

–Е,е ендеше айтқаның болсын, дептi батыр. Нұрилә белбеуiн шешiп, айдаудағы қалың жылқыға барып,«Moh, Moh, жануарым, кел», дегенде әлгi құлан асау қасиеттi құла айғыр мекiрене осқырынып, Нұриләнiң алдына келiп, мойын ұсынып тұра қалған екен.

 

– Жауды қуып әуре болма, бай-еке, – деп жалыныпты Нұрилә.

 

– Айтқан тiлдi алыңыз, мал да, ел де аман болсын десеңiз осы тiлегiмдi берiңiз, – дептi.

 

Сонда көкiректе кек қайнап, қызынып алған Бәйдiбек:

 

– Жолдан қайтар қатын емес Бәйдiбектiң жасағы, – деп қолын бастап тарта берiптi. Бәйдiбек жасақтары шапқыншы жауға Күйiк асуына жетiптi. Сол маңда қырғын ұрыс болып Бәйдiбектi алты ұлы бiрдей қаза тауыпты. Қапалы, қаралы Бәйдiбек алты ұлын Үшқарасай жазығында Молалы деген жерде жерлеп, керi қайтыпты. Әйгiлi «Алты сары» дейтiн мола обалы биiк соның белгiсi. Сонда ел қайғысын Домалақ ененiң кереметi жуыпты. Арада алты күн өткесiн қараша отау iргесiнде байлаулы тұрған құла айғыр жер күңiренте кiсiнеген екен. Сол күнi намаздiгер шағында шығыс жақтан тұтас қаптап шаншылған шаң көрiнiптi. Бұл жаудан қайтқан Бәйдiбектiң жылқысы екен. Қанды жорықта қайтпаған елдiң кегiн осылай Домалақ ененiң кереметi қайтарған,-деп бiтер едi, ел хикаясының соңы.

 

Амансай

 

Шақпақата елдi мекенiнiң батысында тұрған eкi таудың ортасындағы аңғар осылай аталады. Бұл жердiң Амансай аталуы туралы ел аузында екi түрлi аңыз тараған. Бiрiншi нұсқасы жаугершiлiк кезде, бас сауғалаған шағын ауыл қалың жынысты осы сайдың түкпiрiне паналап аман қалыпты делiнедi. Ал екiншi нұсқасында бiр-бiрiн сүйген қос ғашық қуғыннан осы сайға жасырынып құтылған екен дейдi. Бұл екi нұсқаның қайсысы ақиқат болса да, әйтеуiр «аман қалыпты» деп аяқталады, бұл осы жердiң Амансай аталуына негiз болғаны даусыз. Ақын Дәулетжан Жамалбекұлы өзiнiң туып өскен мекенi «Амансай-атамекенiм» атты өлеңi бiздiң осы пiкiрiмiздi растай түседi.

 

...Сырын шертсе шежiре абыз дала,

Бiзге жеткен бiр –екi аңыз ғана

Жаугершiлiк заманда аман қапты,

Жан сауғалап бiр ауыл шағын ғана.

Өтiптi қилы кезең, қатал заман,

Жер тесiн дүбiрлетiп ат ойнаған

Қос ғашық осы сайдан пана тауып,

Қуғыннан құтылыпты атойлаған.

Әйтеуiр бiр шындықтың басы анық-ты,

Ақиқат, аңыз сырдан жиналыпты

Адамзатқа амандық тiлеген жер,

Осылай Амансай деп аталыпты... – деп жырлайды.

 

Ақсу-Жабағылы

 

Р.Сырғабаеваның жинағында Ақсу-Жабағылы туралы мағлұмат кездеседі. Талас Алатауының солтүстiк-батыс бөлiгiн алып жатқан, Жуалы және Түлкiбас аудандарының аумағында орналасқан қорық Ақсу-Жабағылы деп аталады. Ол 1926 жылы құрылған, жер аумағы 7509 мың гектарды құрайды. Ақсу-Жабағылы қорығы ЮНЕСКО-ның дүние жүзiлiк қорықтар тiзiмiне енген. Жан-жануарлар және өсiмдiктер әлемi өте бай. Қорық негiзiнен Ақсу және Жабағылы атты екi өзеннiң аумағында орналасқан. Өзеннiң Ақсу аталу себебi тереңдiгi 500 метрге дейiн жететiн аңғарлардағы су ақшыл жыныстарды жарып өтетiндiктен су, ақшыл түске боялуынан шығып отыр. Түлкiбас ауданындағы «Белые воды» елдi мекенiнiң орысша аталу себебi де осыған байланысты. Ел аузында сақталған аңыздардың бiрiншi нұсқасында: «Ертеде, жаугершiлiк заманда тау аңғарларын паналап жаудан тығылған елден, бiр жылдан соң хабар бiлмек болып шыққан iздеушiлердiң алдынан жабағы кездесiптi, содан жердiң аты «Жабағылы» аталыпты» десе, 2- шi нұсқасы бұл аймақ «Жабағылы» деген байдың жайлауы екен – дейдi. Ал шындығына келгенде Ақсу-Жабағылы аталуы Ақсу және Жабағылы өзендерiнiң атымен тiкелей байналысты екендiгiне күмән жоқ. Ақсақал сай –бұл да жоғарыдағы атаулар сияқты Ақсақал есiмдi кiсiнiң мекен еткен жерi болған тау аңғары.

 

Айнакөл

 

Ақсу Жабағылы қорығының солтүстiк шығыс жағында Жyaлы ауданы мен Түлкiбас ауданының шектесер Iле Алатауы мен бергi таудың ортасындағы таудың биiк аңғарында Айнакөл атты көл бар. Ол көлдiң Айнакөл аталуына себеп – көлдiң суы мөп- мөлдiр таза болуы. Тау үстiне шыққанда көл алдыңнан айнадай болып жарқырап жатады. Бұл жер Кеңес Одағына дейiн Амансайды мекен ететiн байлардың жайлауы болған.

 

Арыс өзенi

 

Арыс өзенi Оңтүстiк Қазақстанның басты өзендерiнiң бiрi саналғанмен, ол Жуалы жерiнен бастау алады. Атап айтқанда, Жуалы ауданының Түлкiбас ауданымен (Түркiстан обл.) шектесер жерiнде ортағасырлық Абарадж (Мыңбұлақ) қаласының түбiнен батысқа қарай аққан бұлақтардан Арыс өзенi, шығысқа қарай көптеген бастаулардың басын құрап Шақпақ өзенi бастау алады. Екiншiден Жуалы ауданының оңтүстiгiндегi Боралдай, Қошқарата өзендерi де осы Арысқа барып қосылады. Ерте кездерде «батысында Сырдарияны, шығысында Кiшi Қаратау жотасын, оңтүстiгiнде Арыс өзенiнiң аңғарын, солтүстiгiнде Арысқұм, Арыс көлi арқылы Ұлытау, Көкшетау өнiрлерiнiң аралығын ежелгi сақтың Арыс (Арыстар, Арсақтар) тайпасы мекендеген. Арыс тайпасының негiзгi бөлiгi б.д.д. 2 мың жылдықта Еуропаға қоныс аударған. Әйгiлi ғұлама Анарис (Анахарсис) б.д.д. 8 ғасырда өзiнiң атажұрты қазақ даласы туралы «Аримаспалар эпосын» жазып қалдырған. Анарыс туралы мағлұматтарды Т.Жұртбаев өзiнiң «Дулыға» тарихи шығармасында да Арыстар (Аорстар, Арыс тайпасы туралы көптеп кездеседi»,-деп деректер келтiредi Ә.Байбатша Қазақ Даласының ежелгi тарихы атты кiтабында. Осы еңбегiнде Арыс тайпасының Сарыарқа, Жезқазғандағы тау-кен iсiн меңгергенi, Абайыл кен орнын тапқаны туралы құнды деректер келтiрген. Қорыта айтқанда, Арыс өзенiнiң атырабын мекендеген қазiргi Арыс өзенi, Арыс қаласы, Арыс көлi т.с.с. атаулар осы тайпаның атымен тығыз байланысты.

 

Берiкқара

 

Жаугершiлiк заманда жұртты бастап жауға қарсы шапқан, тау аңғарында егiншiлiкке арық қаздырып, елге шарапаты тиген Берiк есiмдi кедей жiгiттiң есiмiмен қойылған атау. Бұл туралы жазушы К. Баялиев «Жаңарған Жамбыл өлкесi» атты кiтабында Берiктiң батырлығы туралы жақсы баяндалған. Берiк қараға байланысты осы өңiрде көктем, күз айларында тұратын алапат желдiң атын да жұрт осылай атайды. Берiк қара шатқалында Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң 1971 жылғы қаулысымен мемлекеттiк табиғи қорықшасы ашылған. Бұл жерде қызыл кiтапқа енген Берiкқара терегi, кәдiмгi пiсте, Недзвецский алмасы, қызғалдақтың бiрнеше түрi, рауағаш сияқты сирек өсiмдiктер өседi. Қорықшаның жалпы аумағы 17.5 мың гектар жердi құрайды.

 

Боралдай

 

«Ақтабан шұбырынды» жылдарының жасынды жорықтарының елесiндей келер ұрпаққа жер сақтаған, ел сақтаған белгiлердiң бiрi болып қалған Жуалы өңiрiнiң тағы бiр жер атауы – Боралдай. Боралдай – Қаратау жотасының оңтүстiк шығысындағы Жамбыл, Түркiстан облыстарында орналасқан тау сiлемдерi. Оның ең биiк жерi Бөкей деп аталады, абсолюттiк биiктiгi 1813 метр. Қаратаудағы Ақшоқы, Арқарлы, Боралдай тауларынан басталатын Арыс өзенiнiң оң саласы Боралдай өзенi деп аталады. Жуалы ауданынан басталып, Түркiстанның Бәйдiбек, Ордабасы аудандары арқылы ағып өтетiн бұл өзеннiң ұзындығы 130 шақырымды құрайды. Бұл өңiрде қуаты Қарағанды, Екiбастұз көмiр кенiштерiнен кем түспейтiн Боралдай тас көмiр кен орны бар. 1927 жылы ашылған бұл кен орны «Боралдай шахтасы» деп аталған. Боралдай туралы бiрқатар тарихи романдарда сөз болады. Атап айтқанда I.Есенберлиннiң «Көшпендiлер» тарихи трилогиясында: «...Шайқас Әбiлқайыр мен Бөгенбай батырдың басқаруымен Боралдай мен Қошқарата өзендерiнiң жоғарғы сағасында болған едi. Найман тайпасының бiр тармағы Садыр руы «Ақтабан шұбырындыдан» бұрын Қаратаудағы Бұрындай (Боралдай) өзенiнiң арғы жағындағы Үшащы (үш өзенiнiң бiрiккен жерi деген мағыныны бiлдiредi) қойнауы бұлардың келiп кетiмдi қонысы едi», деген дерек келтiрiледi. «1718 жылдың ерте көктемiнде, хан ордасы Түркiстанға бет алғанда Хореннiң қолына қарсы ашық майданға шыққан Ысты, Ошақты, Сiргелiнiң Тоғанас, Есiркеп батырларымен бiрге Есет батырдың жасақтары Шаян, Боралдай шатқалдарында бiр түмен құба қалмақпен алты күн айқасып, он есе басым жауды ойсырата қырып, өздерi де түгелге жуық шейiт болған»,- деп көрсетедi Е.Тұрысов.

 

Боралдай өңiрiндегi соғыс туралы деректердi Қазыбек бек Таусарұлының, М.Тынышбаевтың кiтаптарынан да көптеп кездестiруге болады. Осы аймақта бүгiнгi шейiн сақталып қалғантас обаларды көне көз қариялар «қорымтас» деп атайды, бұл – топтап жерленген адамдардың бейiттерi. Тау мен өзеннiң Боралдай аталуына байланысты екi нұсқа айтылады. Бiрiншiсi – моңғол әскерiнiң батыры Бұрындаймен (Боралдаймен) байланысты делiнедi. Қ.Аманжол, А.Тасболатовтың «Қазақтың әскери тарихы» атты кiтабында «Бұрындай әскерiнiң ордасы 1236 жылы қазiргi Алматы қаласының оңтүстiк-шығысында қыстап шықты. 1236 жылы көктемде Бұрындай батырдың әскерi Шымкенттен 30 шақырым қашықтықта Ордабасы тауының етегiндегi өзенге келiп тоқтайды (осы жерлер бүгiнде Боралдай деп аталады). Қалмақтарда Боралдай батыр 1710-1758 жылдары соғысқа қатысқан жоқ. Рашид-ад-Диннiң айтуынша, Бұрындай 1237 жылы Батыйдың Руське қарсы моңғол әскерiнiң оң қанатын басқарған, оның 38 мың жауынгерi болған», – деген мәлiметiне сүйенсек жер атауының Боралдайға байланыстырылуы негiзсiз болар едi. Екiншi нұсқада Рысбек батыр туралы деректi кiтапшада «Боралдай атауы қалмақтарда «лай су» деген мағынаны бередi» – деп көрсетедi. Әсiресе Боралдай өзенi көктемгi қар мен жаңбыр суының әсерiнен лайланып, арнасын шайып ботана болып ағатындығына байланысты қойылған атау дегенге тоқталамыз.

 

Датқаның сазы

 

Күреңбел елдi мекенiнен батысқа қарай 6 шақырымдай жердегi Б.Момышұлы – Қошқарата асфальт жолының шығысында «Датқаның сазы» аталатын жалпақ саз бар. Бұл жердiң «Датқаның сазы» аталу себебi сиқым руынан шыққан Рысбек батырдың тұңғыш ұлы Батырбек датқамен байланысты. Жуалы жерiндегi ХIХ ғасырдағы билiк тұтқасын ұстаған ардақты азаматтардың бiрi Батырбек датқа болған. Датқа сөзi өзбектердiң «дотһа» деген сөзiнен шығады, мағынасы генерал дәрежесiндегi ел билеушi дегендi бiлдiредi. Бiрқатар тарихи деректерде және ол ел аузында сақталып қалған естелiктерге сүйенсек, Батырбек датқа кезiнде Жyaлы ауданының, Түркiстан облысының Түлкiбас, Сайрам аудандарының аумағына, сондай-ақ Шымкент қаласының төңiрегiне билiк жүргiзген. 1863 жылы Шоқан Уәлихановпен кездесiп, онымен оңтүстiк өңiрдi отаршылардан азат ету жөнiнде пiкiрлескен деген де деректер бар (Ә.Жылқышиев «Дауылдан кейiнгi жарық» кiтабы). Халықтың құрметiне бөленген датқаны кезiнде Майлықожа, Мәделi, Шөже сынды ақындар жырға қосқан. Ташкенттегi мұрағаттан табылған мәлiметтерде 1874 жылы Батырбек, Қасымбек датқалар Құнанбай, Аңдамас сынды билер өздерi қаржы шығарып Меккеден үш қонақ үй салдырғаны туралы айтылады. 1971 жылы Жуалыдағы (бұрынғы Чапаев атындағы колхоз) Күреңбел ауылының iргесiндегi Датқа сазының маңынан «Бұл өлке қасиеттi адам жерленген қасиеттi өлке» деп Дiнмұхамед Қонаевтың киiз үй тiктiрiп түнеп шыққанын бүгiнде осы өңiрдегi екiнiң бiрi бiледi. Кешегi кеңестiк дәуiрде Батырбек датқаның күмбезi құлатылып, жанындағы мешiтi қиратылған болатын, оның орны қазiргi кезде шағын төбешiк болып жатыр. Батырбек датқа туралы М.Қалдыбаев, Т.Таланұлылар көлемдi еңбектер жазған. Қорыта айтқанда «Датқаның сазы» елдiң елдiгiн танытып өз жерiнiң жалпыға ортақ етiп көрсеткен, қайран елi үшiн «елiмайлап» өткен, ел басқарып, ел ақылшысына айналған тарихи тұлға Батырбек датқаға байланысты қойылған атау.

 

Жетiтөбе

 

Б.Момышұлы – Қошқарата автокөлік жолының 19-20 шақырымының батыс жағында Құлан тауының етегiне дейiн қаз-қатар орналасқан төбелер осылай Жетiтөбе аталады. Бұл төбелердiң саны негiзiнен тоғыз. Бiрақ соның жетеуiнiң шоқтығы биiк, көзге айқын көрiнедi. Бұл төбелер табиғи төбелер емес, қолдан үйiлiп жасалғандығы байқалады, биiктiктерi 7-9 метрдiң шамасында, диеметрi 25-35 метр құрайды. Орналасуы жағынан бiр түзудiң бойында болғандығына қарай бұл төбелер жаугершiлiк кезеңде қорғаныс үшiн қолдан үйiлген төбелер ме екен деген болжам жасаймыз. Осы ауылдың байырғы тұрғыны Әшен Айманбетұлының айтуына қарағанда: «Бұл төбелер Құлан тау мен Терiс өзенiне дейiн созылып жатқан жотаға жаудан қорғану үшiн үйiлген екен, мұның ұзын саны тоғыздан да көп», – деп баяндайды. «Төле би мен Қойгелдi батыр» кiтабында Жетiтөбе туралы қысқаша мынандай мәлiмет берiлген: «Шежiре қарттардың айтуы бойынша жоңғарлардың қарауыл төбесi Бөкей тауының түсе берiгiнде болған. Қалмақтар қарауыл қарап, жау келгенде түнде от жағып белгi беру үшiн үйген жетi төбе әлi күнге дейiн тұр» деп жазады. Жетiтөбе орналасқан жота Ұлы Жуалы мен Орта Жуалының шекарасы, бұл арадан табиғат та күрт өзгерiске ұшырайды. Жетiтөбе атауына байланысты осы кездегi Кәрiқорған елдi мекенiнде осы аттас орта мектеп және шаруа қожалығы бар.

 

Жосалы

 

Жуалы ауданының Билiкөл ауылының солтүстiгiнде 10 шақырым шамасында Тараз-Қаратау автомобиль жолының оң жағында орналасқан қорған төбелер ертедегi темiр дәуiрiнiң ескерткiштерi болып табылады. Ол қорған төбелердiң диаметрлерi әртүрлi. Жосалы туралы дерек Жамбыл облысының энциклопедиясында келтiрiлген, бiрақ онда «Жасалы» деп көрсетiлген. Бул төбелердiң Жосалы аталуына ол жердiң қып-қызыл бопып жатқан топырағы себеп болған. Қазақтың тұрмысында «қан жоса», «жосадай» деген теңеу сөз тiркестерi бар, мағынасы қан түстес қып-қызыл дегендi бiлдiредi. Көнекөз қариялардың айтуынша бұл жерден ертеректе әр түрлi бұйымдар, ағашты бояйтын жоса бояуы өндiрiлген. Бұл қорған төбе ескерткiштердi А. Досымбаева жетекшiлiк еткен Ш. Уәлиханов атындағы Қазақстан ғылым академиясының тарих, археология және этнологиясының институтының экспедициясының отряды ашқан.

 

Құлантау

 

(Ата дәстүрдi аттамау жайында)

 

Баяғыда тасы өрге домалап тұрған бiр хан жанына нөкерлерiн ертіп аң аулауға шығыпты. Орман кезiп, қыр асып келе жатса алдынан екi көзi ботадай мөлдiреген, сауыры жез құмандай жалт-жұлт еткен сұлу құлан қаша жөнелiптi. Хан садақ тартып құланның артқы аяғын жаралайды. Бiр жағы құлама жар, екiншi бүйiрден хан нөкерлерi қиқу салып, қыспаққа алғанда, жаны қысылған бишара құлан жандалбасамeн сoнaдaйдaн көз тартқан ақбоз үйдiң ашық тұрған есiгiнен iшке қойып кетiптi. Есiктен енген құлан жаюлы дастарқаннан секiрiп өтiп, төр алдында отырған қарияның жанына барып тұрады. Осы кезде артынан қуып келген хан киiз үйдiң алдына келiп, атынан түспей:

 

– Бұл үйде кiм болса да құланды шығарсын! Шығарыңдар құланды, – деп төр алдында шай iшiп отырған қарияға дауыстайды.

 

– Бұл тау тағысын түстiк жерден қуалап келiп, сенiң үйiңде қолға түсiрiп тұрмын. Бұның менiң олжам екендiгiнде ешкiмнiң де дауы жоқ шығар, – дейді қосымша.

 

Сонда қария: «Сөзiң орынды хан ием. Құланның сенiң олжаң екендiгi де рас. Бiрақ бұл сорлы жаны қысылған сәтте менiң төрiме шығып кеттi. Ортадағы жаюлы дастарқанды өзiң де көрiп тұрсың. Ата салтымыз бойынша дастарқанды аттап өте алмайсың. Көздерiне қан толып, бiр-бiрiне өлердей жауласқан екi адамды татуластыру үшiн екеуiн де ортақ дастарқан басына алып келмеушi ме едi?! Тiптi хан болсаң да, дәстүрден үлкен емессiң. Ал дәстүрдi сақтамасаң, қалыптасқан ата жолын аттасаң, онда қалың елдiң табасына қаласың, жолың болмайды. Құланның өмiрiн өзiне қиясың» –дептi. Сөзге тоқтаған хан амалсыз ат басын керi бұрыпты.

 

Қызқұлаған

 

Ақсу Жабағылы қорығының Түлкiбас ауданының бөлiгiнде орналасқан тау беткейiнде «Қызқұлаған» деп аталатын көл бар. Көлдiң бұлай аталу себебiн Ақсу-Жабағылы қорығының мұражайымен таныстырушы қызметкерi былай баяндайды: «Сонау iлгерi заманда сол көлдiң жасағын жайлаған бiр байдың көрiктi қызы болыпты. Бай қыздың қарсылығына қарамай бiр саудагерге бермекшi болады. Оған көнбеген қыз тастан сол көлге құлап өлiптi», – дейдi.

 

Қалмақ қырған

 

«Әсiресе қазақ халқында бiржақсы қасиет бар, ол тарихи оқиға болған жерге ат қойып әйгiлеп кетедi», – деп жазған Мұхамеджан Тынышбаев. Жуалы ауданы мен Алғабас ауданының шектесер жерiндегi қошқарата ауылының бас жағындағы кең жазықта шашылған адам сүйектерiн әлi де кездестiруге болады. Әсiресе Б.Момышұлы – Қошқарата автомобиль жолын салған кезде жергiлiктi елді мекеннің тұрғындары бұған куә болған. Бұрын бұл жер «Қалмақ қырған» аталған, ол қазiргi ұрпақтың да есiнен шыққан емес. Бұл жердiң Қалмақ қырған аталу себебiне деректi Шоқан батыр туралы айтылған «Төле би мен Қойгелдi батыр» кiтабынан кездестiремiз. Қойгелдi батыр елуден асқан шағында Жуалыдағы елдi аралап Байтана ағайындарының ауылына түседi. Бұл туралы құлақтанған қалмақтар тоғыз батырының жанын жаһаннамға жiберген батырға аса кектi едi. Қалмақ батыры Қойгелдiнi жекпе-жекке шақырған кезде орнына батыр Садыбайдың ұрпағы Шоқан шығып қалмақ батырының басын кесiп Қойгелдiнiң алдына тастайды. Жекпе-жектiң аяғы қырғын шайқасқа ұласып, аруақтанған қазақтар қалмақтарды шетiнен қырады. Кейiн шапқан қалмақтардың басын төбедей етiп үйген екен. Сондықтан бұл жер күнi бүгiнге дейiн «Қалмақ қырған» аталады.

 

Күреңбел

 

Күреңбел – ауыл атауы. Бұл аймақтың Күреңбел аталуы туралы Кеңес ауылының тұрғыны Жаманқұлов Дiлдәбек мынадай аңыз әңгiме айтады: «Төңкерiстен бұрын мына жатқан Батырбек Датқаның сазында үлкен дуан өткен екен. Жан-жақтан дуанға жиналған атты адамдарда есеп болмапты. Аттарын жақын беткейге тұсап жiберiп таңертең қараса аттары өлiп жатыр екен. Сөйтсе ол «күреңтi» деген улы шөптi жегеннен болыпты. Ал жергiлiктi жердiң жылқысы бұл шөпке үйренiп кеткендiктен уланбайды екен. Сондықтан мына жатқан үлкен бел Күреңбел аталған» — дейдi. Күреңбел елдi мекенi XIX ғасырдың 80 жылдары орыс генералы Самсоновтың атына қойылуы туралы ғалым Мекемтас Мырзахматов былай баяндайды: «Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Самсоновка селосы да Түркiстан өлкесiне генерал-губернатор болып келгенде, болыстыққа тек орыс тiлiн бiлетiн бұратаналарды сайлау идеясын ұсынып, соны жүзеге асырған генерал Самсоновтың атына қойылған болатын-ды».

 

Шақпақ

 

Жуалы ауданында Шақпаққа байланысты көптеген атаулар бар. Олар: Шақпақ асуы, Шақпақ өзенi, Шақпақ ауылы, Шақпақ станциясы, Шақпақ қалашығы, Шақпақ әулие үңгiрi, Шақпақ желi. Шақпақ (Кременевка) елдi мекенiнен солтүстiкке қарай 500 метрдей жерде VIII – X ғасырларда болған қалашықтың орны сақталған. «Бұл қалашықтың орнын 1903 ж. Каллаур ашып зерттеген. 1940 ж. Жамбыл археологиялық пунктiнiң экспедициясы (жетекшiсi Пацевич), 1978 жылы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейiнiң экспедициясы, 2000 ж. Қазақстан Ғылым Академиясына қарасты Ә. Марғұлан атындағы Археологиялық институтының экспедициясы (жетекшiсi К.Ш. Байпаков) зерттеген».

 

Шақпақ қалашығы

 

Шақпақ қалашығы екi бөлек төмпешiктен тұрады. Құрылыс тiк төртбұрышты, шығысында биiктiгi 8 метр, батысында 4 метр дуалмен қоршалған, бiрiншiсiнiң ауданы 54х70 м, екiншiсi 36-46 м төбешiк солтүстiк жағынан жалғасып жатыр. Бұл қалашықтың орнын жергiлiктi жұрт «Қалмақтөбе» деп атайды, себебi төбешiктiң үстiнде бейiт орын алған. «Бұл жерде бiр кездерде жойқын соғыс болған, қалмақтар өлiктерiн осы жерге жерлеген» – дейдi көнекөз қариялар. Оған айғақ болатын кейбiр соғыс жарақтары осы кезге дейiн жер қазу жұмыстары кезiнде табылып жатады. Қалашықтың орнында төменiректе 1948-1992 жылдар аралығында кiрпiш зауыты жұмыс iстеген. Экскаваторлар топырақ тиеген кезде көптеген керамикалық ыдыстар мен күмiс, мыстан жасалған тұрмыстық заттардың шыққандығына сол зауыттың жұмысшылары талай куә болған. Бұл жерден Жiбек жолы өткен, құмыра жасайтын керуен сарай болғандығын осы кезге дейiн табылып жатқан заттай айғақтар дәлел бола алады. 1972 жылы Шақпақ қалашығының жанындағы жырадан су жүргiзуге арналған керамикалық құбыр да табылған. Шақпақ асуынан оңтүстiк-шығысқа қарай басталып ағатын өзендi Шақпақ өзенi деп атайды. Ол Терiс өзенiне барып құяды. Осы өзеннiң шығысындағы тас шатқалдың батыс беткейiнде Шақпақ Әулие үңгiрi және бастауы бар. Шақпақ әулие үңгiрi киелi саналғандықтан жұрт арнайы барып зиярат етiп жатады. Тарихшы Ә. Байбатшаның зерттеулерi бойынша «...Құлантаудың шығыс етегiнде б.д.д. I ғасырда өмiр сүрген Шақпақ әулие (Үйсiннiң 12 ұрпағы) мекендеген жер Шақпақ ата болып аталады», - деп жазады.

 

Шақпақ атаның атауы орыс переселендерiнiң келуiмен байланысты (1905-1916 ж.) «Кременевка» деп аталды. Бұл атау осы өңiрдегi тау жыныстарында кездесетiн кремнийге байланысты. Ертеректе осы шақпақ тастарын ұрып ұшқын шығару арқылы от тұтатқан. Жуалы ауданының Түлкiбас ауданымен шектесер жерiнде 5 дәрежелi Шақпақ темiр жол станциясы орналасқан. Аталуы осы маңдағы шақпақ тасты жынысты шағын таудың атына байланысты қойылған. Шақпақ станциясы осы аймақтың байырғы тұрғындары «Ақтам» деп атайды. Олай аталу себебi алғаш салынған кезде (1914-1916 ж.) станцияның сырты аппақ əкпен әктелген екен.

 

Шақпақ құстарға сақина салу орталығы

 

Шақпақ ата асуында Шақпақ құстарға сақина салу орталығы орналасқан. Ол Қазақстан мен Орта Азиядағы құстарға арнайы сақина салатын зерттеу орталығы. Оңтүстiк шығысында 1000 шақырымға созылған Тянь – Шань тау жоталарынан асып өте алмаған жыл құстары осы Шақпақата асуы арқылы ұшуға мәжбүр болады. Биiк екi жотаның арасында құрылған торларға түскен құстарға сақина салынып, олардың қайда ұшып барғандығын, қонысын анықтайды.

 

Шақпақ ата асуы

 

Шақпақ ата асуы онша биiк емес, шағын жота. Шығыстан шыққан Ұлы Жiбек жолының керуенi осы Шақпақ асуы арқылы асып Тамтаджға (Түлкiбасқа) бет алған. Ә. Байбатша өзiнiң кiтабында мынадай бiр қызық дерек келтiредi.

 

«... Ғылым Е. Фенько (1964) Түркiсiб темiр жол желiсiнiң бойымен 1300 шақырымдық Арыс бекетi – Алматы – Семей аралығында 1933-1955 жылдары жүргiзген жоғарғы дәлдiктi геодезиялық өлшеулер нәтижесiнде жердiң ең жылдам көтерiлу осi Үлкен Қаратау жотасының Құлантау арқылы өтетiн Шақпақ асуында екенiн анықтады. Оның орташа мәнi жылына 10-12,5 мм болатынын есептеп шығарған», – деп жазады.

 

Шақпақтың желi

 

Шақпақ асуының ауа райы үнемi өзгерiп отырады. Көктем мен күз айларында шығыстан-батысқа қарай бiрнеше тәулiк бойы секундына 35-40 м жылдамдықпен жел соғып тұрады. Мұны осы аймақтағы жұрт Шақпақтың желi деп атайды. Бұл кезде жыл құстары төмендеп ұшатындығын байқаған орнитолог ғалымдар құстарға сақина салу орталығын осы асуға құрғаны сондықтан.

 

Шегiр қамал

 

Амангелдi (қазiргi Тәттiбай) елдi мекенiнiң оңтүстiгiнде, шамамен 10-11 шақырым жерде жоғарғы, Алатаудың Жуалы асуының Көктал және Көкше арасындағы аңғарда «Шегiр қамал» аталатын жер бар. Көнекөз қариялар ол жердi «Шегiр қырған» деп те атайды. Олардың айтуынша Жаныстан тарайтын Шегiр руының Итаяқ атты батырды тастан салдырып, жұрт оны «Шегiр қамал» атаған. Шегiрден шыққан мерген садақшылар қалмақтарға тұтқиылдан шабуыл жасап жауына алдырмай қояды. Түн мезгiлiнде олар бiр-бiрiне от жағып белгi берiп жаудың бет алысын қай жерде екенiн бiлдiрiп отырған. «Ақпан батыр» атты тарихи дастан романда ол былай баяндалады:

 

«Қаратау мен Алатау,

Түйiсетiн жерiнде.

Көктал, Көкше жерiнде,

«Шақпақ ата» дейтұғын,

Құтты қоныс өңiрде

Итаяқ батыр салдырған,

Қорғаны едi Шегiрдiң.

Сондықтан да бұл қорған

«Шегiр қамал» атанды».

 

Бiр күнi Шегiр жасақтары әр тұста қарауыл қойып түнгi ұйқыға кеткенде, Жолдыбай атты қарауыл сатқын «Бала құлан» сайында жатқан қалмақты бастап келген екен:

 

«Кешегi түнi қарауыл,

Болуды соған бередi.

Түбiне тартып бұл жауыз,

«Бала құлан» сайында,

Тығылып жатқан қалмаққа,

Жұлдыздай ағып жөнелдi.

Хабар берiп жауларға,

Қамалға бастап келедi...

Арғысын өзiң көрдiң ғой

Қырылды Шегiр өренi...» — деп келтiредi.

 

Бұл оқиға кезiнде Шегiрдiң атақты батыры Ақпан жорықта болады. Келгесiн, жаудан кек алуға серт берiп, өлген жасақтардың басына оба орнаттырады. Содан бұл қамал «Шегiр қамал» атанады. Аталған дастан Шегiрдiң Назар ұрпағынан тарайтын Сүлеймен ұлы Уалиханның айтуы бойынша Хамзе Амандықов ақын қағазға түсiрген. «Шегiр қамал» немесе «Шегiр қырған» атты осы тарихи жердегi тастан салынған қамалдың орнын қазiргi кезде жобалап байқауға болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға