Жаңалықтар

ЮНЕСКО мектептерде телефон пайдалануға тыйым салуды ұсынды

ЮНЕСКО мектептерде телефон пайдалануға тыйым салуды ұсынды
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 15.02.2024 14:00 1390

ЮНЕСКО барлық мемлекеттегі мектептерде оқушыларға ұялы телефонды пайдалануға тыйым салу керек екенінін мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Халықаралық ұйым арнайы зерттеу жүргізіп, смартфонға шектеу қою білім сапасын арттырып қана қоймай, киберқауіпсіздік қауіптерінің алдын алуға көмектесетінін атап өткен. Зерттеуде келтірілген деректер мынаны растайды: ұялы байланыс құралдарын шамадан тыс пайдалану балаларға зиян тигізуі мүмкін — олардың эмоционалды тұрақтылығын, зейінін шоғырландыру және жалпы оқу қабілетін төмендетеді.

ЮНЕСКО саясаткерлерден осы мәселеге ерекше назар аударуды сұрайды. Ұйым цифрлық технологиялар қаншалықты пайдалы болса да, адамдардың өзара әрекеттесуінің дәстүрлі әдістерін - әсіресе білім беру саласында ығыстырмауы керек екенін атап көрсетеді.

Ең бастысы, студенттердің қажеттіліктерін есте сақтау және мұғалімдерге қолдау көрсету керек. Желідегі қарым-қатынас адамның тірі қарым-қатынасын алмастырмайды, -  деді ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азуле The Guardian газетіне берген сұхбатында.

Оның пікірінше, цифрлық революцияның басталуымен адамдардың өмірі әлдеқайда жеңілдегеніне қарамастан, тек қоғамда ғана емес, білім беру мекемелерінде де заманауи технологияларға бақылау орнату қажет.

Бүгінде көптеген мемлекеттер ЮНЕСКО талап еткен шараларды қолға ала бастады. Статистикаға сәйкес, әрбір төртінші ел мектептерде смартфондарды пайдалануға тыйым салған немесе тиісті ұсыныстар берген. Мысалы, 2018 жылы Франция осылай жасады, ал Финляндия да бұл бастаманы қолға алды. Италияда мұғалімдер сабақ басында ұялы телефондарын алып кетеді: бұл ереже 2023 жылдың желтоқсанында енгізілген.

Биыл смартфонға шектеу қоятын елдердің тізіміне Нидерланды қосылады деп күтілуде. Ал Қытайда телефонды оқу құралы ретінде пайдалану қазірдің өзінде 30%-ға дейін төмендеген. Ресейде де 2023 жылдың желтоқсанында мектептерде смартфондарды пайдалануға тыйым салатын қаулыға қол қойылды. Алайда, бұл енді оқу орындарына телефондарды әкелуге болмайды дегенді білдірмейді. Оларды "білім алушылардың, білім беру қызметін жүзеге асыратын ұйым қызметкерлерінің өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген кезде және өзге де төтенше жағдайларда"сабақтарда пайдалануға болады.

Ресей үкіметі мұндай шараны ата-аналар қолдады деп мәлімдегенімен, батыс мамандары, керісінше, мектепте ұялы телефондарға толық тыйым салу олардың наразылығына әкелуі мүмкін деп санайды.

Британдық мектеп және колледж көшбасшылары қауымдастығының бас хатшысы Джефф Бартонның айтуынша, балалар үйден тыс кезде олармен байланыста болу қаншалықты маңызды екенін бәрі түсінеді. Мысалы, Ұлыбританияның білім министрлігінің бұрынғы қызметкері Ник Гибб кнопкалы телефонды қолдануды ұсынады: олар балаларға ата-аналарымен сөйлесуге мүмкіндік береді және оқу процесіне кедергі келтірмейді.

Қазақстанда да сабақ үстінде телефон ұстауға болмайды. 2023 жылы Мәжіліс депутаттары оқушылардың сабақ кезінде смартфон ұстауына шектеу қою туралы заңды қабылдады. Заң бойынша, мектепке телефон апаруға болады, бірақ, сабақ үстінде қолдануға тыйым салынады. Депутаттар аталмыш шектеу балалардың сабақтен бөлек дүниелерге алаңдамай, білім алуына көмектесетінін атап өткен еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға