Жаңалықтар

Қытайдағы қазақ спортшылары туралы кітап шықты

Кітапта Қытай Халық Республикасынан шыққан 80-нен астам қазақ спортшысы туралы мәліметтер топтастырылған.
17.10.2016 03:15 7675

Астанада Дәурен Бақытхажыұлының «Қытайдағы қазақ спортшылар» атты кітабының тұсаукесер салтанаты өтті. Іс-шараға белгілі спорт журналисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбайұлы, ҚР Ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік бас жаттықтырушысы Рамазан Сәттібай, ақын-жазушылар қатысты.

Қытайдағы қазақ спортшылары туралы кітап шықты

Кітапта Қытай Халық Республикасынан шыққан 80-нен астам қазақ спортшысы туралы мәліметтер топтастырылған. Автордың айтуынша, бұл оның алғашқы бастамасы. 2017 жылғы ЭКСПО көрмесі қарсаңында басқа да шет елдердегі табысқа жеткен, еңбегі елеулі қазақ спортшылары туралы кітап жазып, оқырман қауымға сыйламақ.

- Қытайдағы қазақ спортшылары туралы жинақталған мәлімет жоқ. Мүмкіндігім жеткенше халықаралық, автономиялық аудандық жарыстарда топ жарған спорт саңлақтары туралы мағлұматтарды топтастырдым. Кітап жалпы оқырман қауымға арналады, – дейді автор Д. Бақытхажыұлы.

Қытайдағы қазақ спортшылары туралы кітап шықты

Спорт журналистикасында 40 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Несіп Жүнісбайұлы саланың өткені мен бүгіні туралы әңгіме қозғады. Спорттық додалардағы қазақ спортшыларының жеңісі жинақталған анықтамалық кітаптың көтерер жүгі - энциклопедия салмағымен пара пар дүние дейді.

- Қазіргі жастардың мықты екенін мойындау керекпіз. «Қытайдағы қазақ спортшылары» деген мынау үлкен кітап мені таңқалдырды. Ғұмырымды спорт саласына арнаған адаммын. Кітапта беймәлім адамдар көп екен. Бұл еңбек сыртта жүрген сенің халқыңа деген махаббатыңның ұшқыны деп білемін. Қытай секілді миллиардтаған тұрғыны бар елдегі қазақ ұландары мен ұлдарының аты-жөнін, бейнесін беріп отырсың. Қазақ тарихын түгендеу арқылы өз үлесіңді қоса беруіңе тілектеспін, – деген жазушы авторға ағалық жылы лебізін арнады.

Қытайдағы қазақ спортшылары туралы кітап шықты

Ал, ҚР Ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік бас жаттықтырушысы Рамазан Сәттібай кітаптың спорт журналистері үшін таптырмайтын анықтамалық, әрі тарихи еңбек екендігін айтады:

«Бір кітап – мың кино. Кітаптағы балуандардың біразын білемін. Дәуреннің бұл бастамасы ойланып отырып, еске алатын тарихи еңбек. Спорт саласында бағыт-бағдар беретін методикалық еңбектер көп емес».

Аталмыш кітапта 1983 жылы Иран астанасында өткен халықаралық олимпиадада күрестен бірінші орын алған Алтайлық Солтыкен Көкішұлы туралы қызықты дерек келтірілген. Әкесі малы көп дәулетті болғанЫ үшін қуғын көріп, зардабы ұлы Солтыкенге де тигендігі туралы айтылады. Кітапта осы сияқты спорттың әр саласынан жетістікке жетіп, даңқ асырған спортшылар туралы тың деректер топтастырылған.

Дәурен Бақытхажыұлы 1989 жылы Тарбағатайдың Жамбылқора қыстағында дүние келген. Бұған дейін «Он сегіз», «Махаббат шыңы», «Елім деп туған елтоқ» атты тарихи очерк жанрында кітаптары жарық көрген. Шыңжаң қазақ тілі мәдениет қоғамының, Шыңжаң әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің мүшесі.


Ая ӨМІРТАЙ

Суретке түсірген - Нұрбек ӘЛМАНБЕТ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға