pexels

Ыстық күннің балалар миына кері әсері анықталды

01.08.2025 09:15

Аустралиялық ғалымдар балалардың оқу қабілетіне жоғары температураның теріс әсер ететінін анықтады. Әсіресе бұл математика пәнін меңгеруге кері ықпал етеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Зерттеу нәтижелері PLOS Climate ғылыми журналында жарияланды.

RMIT және Жаңа Оңтүстік Уэльс университетінің зерттеушілері 61 елден 14,5 миллионға жуық оқушының деректерін талдаған. Сараптама нәтижесі бойынша, ыстық климатта өмір сүретін және оқитын балалардың логикалық ойлау, абстрактілі түсінік пен зейін қою сынды қабілеттері төмен болатыны белгілі болды. Бұл қабілеттер әсіресе математика сабағында аса маңызды. Ал оқу және қарапайым тапсырмаларды орындау секілді дағдылар жоғары температурадан азырақ зардап шеккен.

Зерттеу көрсеткендей, төмен табысты отбасылардан шыққан оқушылар ыстық ауа райының кері әсеріне аса сезімтал. Мұндай балалар жиі кондиционерсіз мектептерде оқиды және қосымша білім алуға мүмкіндігі шектеулі. Соның салдарынан дәл осы топтағы оқушылардың когнитивтік қабілеттері айтарлықтай әлсірейді.

Ғалымдардың пікірінше, климаттық факторлар білім беру теңсіздігін арттырып, келешекте жастар арасындағы білім деңгейіндегі алшақтықты ұлғайтуы мүмкін. Ыңғайсыз оқу ортасы тұтас бір ұрпақтың интеллектуалдық дамуын тежеп, әлеуметтік теңсіздікті күшейтеді.

Сарапшылар білім беру саясатына климаттық жағдайларды ескеруді ұсынады. Ыстық климат жағдайында тиімді шешімдердің қатарында мектептердегі салқындату жүйелерін жаңарту және жаһандық жылыну аясында оқу үдерісін қайта ұйымдастыру бар.