©Pixabay.com

Ыстық ауа райы балалардың миына кері әсер етеді: ғалымдар дабыл қақты

03.08.2025 03:45

Жоғары температураның жиі қайталануы балалардың оқу қабілетіне, әсіресе математика пәнін меңгеруіне кері әсер етеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

RMIT және Жаңа Оңтүстік Уэльс университетінің австралиялық зерттеушілері осындай тұжырымға келген. Зерттеу нәтижелері PLOS Climate ғылыми журналында жарияланған.

Зерттеуге 61 елден 14,5 миллионға жуық мектеп оқушысы қатысқан. Сараптама нәтижесі көрсеткендей, ыстық климатта өмір сүретін және оқитын балалар логика, абстрактілі ойлау және зейінді шоғырландыруды қажет ететін тапсырмаларды орындауда қиындықтарға тап болады. Бұл дағдылар математика сабақтарында жиі пайдаланылады. Ал оқу және жеңіл тапсырмаларды орындау қабілеттеріне жоғары температура онша әсер етпеген, – делінген жарияланымда.

Ең көп зардап шеккендер - әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар. Олар жиі ауа баптағышы жоқ мектептерде оқиды және білімдерін тереңдетуге мүмкіндік беретін қосымша сабақтарға қатыса алмайды. Соның салдарынан дәл осы оқушылар тобының когнитивті қабілеттері айтарлықтай төмендеген.

Ғалымдардың айтуынша, болашақта бұл жағдай жастар арасындағы білім деңгейінің алшақтауына алып келуі мүмкін. Сонымен қатар, қолайсыз ортада білім алу тұтас ұрпақтың интеллектуалды дамуын баяулатып, әлеуметтік теңсіздікті күшейтеді.

Зерттеу авторлары білім беру саясатына климаттық факторларды ескеруді ұсынады. Мәселен, мектептердегі салқындату жүйелерін жаңарту және жаһандық жылыну жағдайында оқу үдерісін ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарау - ықтимал шешімдердің бірі ретінде аталады.