Жаңалықтар

Ыстанбұлдағы қазақ диаспорасымен ынтымақтастық нығаюда

Ыстанбұлдағы қазақ диаспорасымен ынтымақтастық нығаюда
Фото: «Отандастар қоры» КеАҚ 28.06.2024 17:59 277

27 маусымда Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы мен «Отандастар қоры» КеАҚ ұйымдастыруымен Түркия Республикасының Ыстанбұл қаласындағы қазақ диаспора өкілдерімен келелі кездесу өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесуге Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл, «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Данияр Қадыров, Түркия Әділет және даму партиясы Орталық шешімдер және басқармасының мүшесі Решиде Юксел, «Қазақкент Алтай» қоғамының басқарушы мүшесі Жанымхан Жаңалтай, Қожа Ахмет Яссауи қорының мүшесі Рамазан Авджы, «Қазақстан мәдениет және сауда орталығы» басшысының орынбасары Ержан Уайыс, «Қазақ-түрік білім және зерттеу» қоғамы (KATEAD) басшысы Сүлейман Өзпарк,  Түркияда басылатын «Қазақ елі» журналының бас редакторы Ертолқын Гайретуллах және т.б. ұйым басшылары мен белсенділер қатысты.

Кездесу барысында Түркиядағы қазақ диаспорасының екі ел арасындағы экономикалық, адами, әлеуметтік және мәдени капиталды дамытуға қосқан үлесі мен рөлі туралы талқыланды.

«Отандастар қоры» КеАҚ президенті Д.Қадыров Түркиядағы қазақ диаспорасына барынша қолдау көрсетуге мүдделі екендігін, шетелдегі әр қазақ диаспорасының еліміз үшін орны ерекше екендігін атап өтті. Жиында Түркиядағы этникалық қазақ жастарының бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, ана тілін сақтап қалу барысы сөз болды.

Өз кезегінде, диаспора өкілдері Түркиядағы қазақ диаспорасының қазіргі жағдайы, жетістіктері, проблемалары мен оларды шешу жолдарына қатысты ұсыныстарын тілге тиек етті.

Сонымен қатар, кездесуде диаспора өкілдері үшін Қазақстанға танымдық сапарлар ұйымдастыру, ортақ қоғамдық, мәдени-гуманитарлық іс-шаралар өткізу мүмкіндігі талқыланды.

Бас консул Н.Аманқұл диаспораның екіжақты экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтағы ролі және т.б. мәселелерін баяндады.

Кездесуден кейін, Бас консулдықтың ұсынысымен Қоғам президенті Д.Қадыров Ыстанбұл қаласындағы қазақ мәдени ұйымдарының офистерімен танысты.

Сонымен қатар, Зейтүнбурну ауданындағы Абай атындағы мектептің қабырғасында Қазақстан Бас консулдығының бастамасымен ашылған домбыра курсымен танысты.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Отандастар қоры» КеАҚ қодауымен өтіп жатқан Ыстанбұлдың Бағджылар ауданында орналасқан «Қазақкент Алтай» қоғамының домбыра курстарына барып, үйірме қатысушыларының өнерін тамашалады.

Шығармашылық ұжым Атажұртқа деген ыстық ықыластары мен алғыстарын жеткізді.

Атап айту керек, Ыстанбұлдағы Бас консулдығымыз 2023 жылы Қазақстан Республикасының Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесе жоғарыда аталған ұжымдарға ұлттық аспабымыз домбыраны сыйға тартқан болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға