Жаңалықтар

Ыстанбұлда «Ұлы дала әйелдері» атты көрме өткізілді

Ыстанбұлда «Ұлы дала әйелдері» атты көрме өткізілді
Фото: ҚР СІМ 26.12.2023 09:17 1555

Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы және «Sultan Magazine» қоғамдық-саяси және ақпараттық-танымдық журналы бірлесіп Ыстанбұлда «Ұлы дала әйелдері» атты фотокөрмені ұйымдастырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР СІМ мәліметінше, Түркия жұртшылығының назарына «Ұлы дала әйелдері» көрмесінде ұлтымыздың өнері мен мәдениетіне, рухани өмірі мен тарихына айрықша үлес қосып, ақыл-парасатымен ел есінде мәңгі сақталған Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының әжесі Зере, Домалақ ана, Айша бибі, Умай ана, Хиуаз Доспанова, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Маметова, Томирис, Ақ Қадын, Қыз Жібек, Гауһар, Күйші Дина сынды қазақ халқының ұлы көрнекті өкілдерінің суреттері ұсынылды.

Ыстанбұлдың Үскідар ауданы әкімшілігі қолдауымен өткізілген іс-шарада көптеген халықаралық көрме, фестиваль және симпозиумдардың жүлдегерлері, еліміздің атақты суретшілері Зерде Бақытбек, Айткүл Тасмағамбетова, Әділғали Баяндин, Қайрат Жәйірбекұлы, Манас Қожақұлов, Нұрбек Жәрдемов, Жанұзақ Мүсәпірдің еңбектері көрме қатысушыларына таныстырылды.

Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Үскідар ауданы әкімдігінің өкілі Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы мен басқа да ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, аталған іс-шараның екі бауырлас мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына маңызды үлес қосатындығын атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға