pixabay.com

Ыстамбұл – Ташкент рейсінде сәби дүниеге келді

20.07.2025 09:04

19 шілде күні Uzbekistan Airways әуе компаниясының HY282 рейсімен Ыстамбұлдан Ташкентке бағыт алған ұшақта ерекше оқиға болды. Ұшу барысында жолаушы әйел толғатып, сәбиін әуе кемесінің бортында дүниеге әкелді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Оқиға кезінде бортта болған екі дәрігер мен бортсеріктер жедел әрі кәсіби әрекет етіп, қажетті медициналық көмекті уақтылы көрсетті. Экипаж мүшелері сабыр сақтап, нақты шешімдер қабылдай білді.  Ұшақ командирі жағдайдың маңыздылығын ескере отырып, шұғыл түрде Үргеніш әуежайына қону туралы шешім қабылдады. Онда анасы мен жаңа туған сәбиін медицина қызметкерлері күтіп алып, дереу жергілікті ауруханаға жеткізді, - делінген әуе компаниясының ақпаратында.

Uzbekistan Airways әуе компаниясы отбасын шын жүректен құттықтап, бұл оқиғаның сәтті аяқталуына үлес қосқан барлық борт қызметкерлеріне алғыс білдірді. Атап айтқанда, әуе кемесінің командирі Михаил Ажгиревич, екінші ұшқыш Элер Хошимов және бортсеріктер Людмила Ли, Алина Ибрагимова, Диана Дю, Интизор Юсупова, Шухрат Эрназаров, Фозил Зухуров, Феруза Ражарова мен Шахзода Нуруллиева.

Сондай-ақ, сол сәтте рейсте болып, ана мен сәбиге көмек қолын созған дәрігерлер Дильбар Шеріпбаева мен Дильшод Нұртожиевке ерекше ризашылық білдірді.