Жаңалықтар

Қыс қыр астынды. Ақтөбеліктерге көмірдің жартысы да жеткізілген жоқ

Ал тұрғын үйлер жылуға айдың орта тұсында қосылады.
Қыс қыр астынды. Ақтөбеліктерге көмірдің жартысы да жеткізілген жоқ
29.09.2022 05:35 1583

Ақтөбе қаласында қазан айының алғашқы күні мектеп, балабақша, денсаулық сақтау мекемелеріне жылу беріледі, деп хабарлайды EL.KZ.

Ал тұрғын үйлер жылуға айдың орта тұсында қосылады.

Биыл кәсіпорындар қаражаты және жергілікті бюджет есебінен коммуналдық инфрақұрылым нысандарының дайындық жұмыстары атқарылды. Биыл қазандыққа, жылу желілеріне, кәріз нысандары мен көппәтер үйлерге дайындық жүргізілді. Қазіргі дайындық 99 пайызды құрайды. Нақтырақ айтсақ, 631 қазандықтың 630-ы дайын. 273,9 шақырымдық жылу желісінің 99,6 пайызы әзір. Су-кәріз желілерінде 89,2 шақырымның 99,5 пайызы жөнделді. Сонымен бірге жөнделетін 82,4 шақырымдық электр желісінің 99 пайызы қалпына келтірілді, - деді Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Дархан Тлеуов.

Оның айтуынша, бюджеттік мекемелер үшін алдағы жылыту маусымында 33 455 тонна көмір қажет болса, оның 99 пайызы жеткізілді. Ал 1787 тонна дизель отынының 1700 тоннасы жеткізілген.

Халыққа 24 490 тонна көмір қажет. Оның 8076 тоннасы әкелінді. Бұл – 33 пайыз. Ақтөбеге қатты отын Шұбаркөл, Екібастұз, Қаражар, Майкөбен көмір алаптарынан жеткізіледі. 41-разъезде 1500 тонна көмір бар. Тағы 20 вагон жолда. Кез келген уақытта келіп, сатып алуға болады. Көмірдің тоннасы 17 мың теңге. Баға өскен жоқ,- деді Дархан Тлеуов.

Айта кетейік, Ақтөбе өңірінің басым бөлігі газ пайдаланады. Жылдың қорытындысы бойынша облыстағы 835 мың адам немесе өңір халқының 93,4 пайызы тұратын 152 елді мекен көгілдір отынмен қамтылады.2022-2025 жылдар ішінде 76 елді мекенді газдандыру міндеті қойылды. Нәтижесінде газбен қамтылған тұрғындардың үлесі 97,6 пайызға жетеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға