Жаңалықтар

YouTubeдегі балаларға арналған 6 канал

Ел боламын десең - экраныңды түзе
YouTubeдегі балаларға арналған 6 канал
25.09.2018 14:57 13778

Қазір ақпарат заманы дегенді көп естіп, көп айтып жатамыз. Ақпаратпен күнделікті өмірде жиі ұшырасамыз. Ол әрине, қолымыздағы түрлі гаджетердің арқасы. Тіпті, газет оқып, теледидар қарауды да азайттық. Азайттық дегеніміз өтірік болып кетеді-ау осы. «Қойып кеттік» десек те болатындай. «Заманына қарай адамы» деген мақал бар. «Балаларымыз осы заманға лайық па?» деп сұрамас бұрын «Балаларға заманына лайықты не беріп жүрміз?» деген сұраққа жауап іздеген жөн-ау. Ата-ана ретінде балаларымыздың не көріп, не тыңдап жүргенін қадағалай аламыз ба? Иә, әуелгіде баланы «Балапан» арнасымен алдауға болатын шығар. Бірақ, ол балалар үшін аздық етуде.  Балаларымыз «Балапанға» дейін немесе «Балапаннан» кейін не көруі керек?

«Осы тыныш отырса болды» деп баласының қолына планшет бере салатын қатарластарымыз көп. «Балам түстерді орысша айтады. Балам сандарды орысша санайды» деп шағымданатын ата-аналар да баршылық. Балаға балабақшадан бөлек, қолымыздағы гаджеттердің де үйретері көп екенін ескере бермейміз. Рас, балақайларға арналған қазақша контент аз. Бірақ, жоқ деп ауызды құрғақ шөппен сүрте беруге де болмас. Сонымен, біз YouTubeдегі сізге және сіздің балаңызға пайдалы болады-ау деген  алты каналды ұсынбақпыз.

Torghai-TV каналы.  Бұл каналдың әзірге 123 200 тұрақты түрде тіркелген көрермені бар екен. Канал  2015 жылдың 2 маусымында ашылған. Әрине, бұл ешқандай да комерциялық канал немесе жоба емес. Өз күштерімен талпынып жүрген, балаларға контент ұсынып жүрген аз ғана адамның ісі. Сондықтан да жалпы қаралымдары көп болғанымен видеоларының саны өте аз. Бар-жоғы 15 видеомен 42 251 283 қаралым жинаған. Видеоларының ішіндегі ең аз қаралым әзірге 149 000 болса, ең көп дегені 13 млн қаралым жинаған екен. Балалар әні, пішіндер, санамақ секілді баланы дамытуға арналған видеолар  балаңыз үшін қызық болар еді. 

AЛАН TV каналы. Бұл арна да балалардың дамуына үлес қосуды мақсат еткен санаулы каналдардың бірі. 2016 жылдың 5 сәуірінде ашылған каналдың бүгінде  11 836 тұрақты түрде тіркелген көрермені бар. Жалпы қаралым саны бүгінгі күнмен санасақ 3 591 254 қаралым. Видеоларының саны 19. Ең аз қаралым жинаған видеосы 1 200, ең көбі 890 000 қаралым жинаған екен. Қазақша сандар, үй жануарлары, бояу түстері секілді видеоларды осы арнадан таба аласыздар.

Қуырмаш каналы. Бұл арнада да видео көп емес. 2017 жылдың 18 қыркүйегінде ашылған каналда бар-жоғы 19 видео ғана бар. 6015 тұрақты тіркелген көрермені бар канал 1 119 188 қаралымға ие болған. Ең көп қаралым 573 000, ең аз қаралымы бар видеосы (348 қаралым) осыдан бір ай бұрын ғана жүктелген екен.

Балаларға арналған әндер каналы. 2014 жылдың 24 желтоқсанында ашылған бұл каналдың  49 949 тұрақты  көрермені бар екен. Видеоларының саны 41.  Жалпы қаралымы 18 575 749. Егер, балаңыздың әнге деген қызығушылығын оятқыңыз келсе бұл арна сізге ең қажетті арнаның бірі болмақ. Кішкентайымыздан құлағымызға сіңіп өскен балалар әні бұл арнада анимацияланып, балалар үшін қызықты  түрде жеткізілген.

Kazformoms Мама, қазақша сөйлеші  каналы. Канал авторы Әсел Сапақова. Бұл арнада бас-аяғы 20 видео бар. Басқа арналардан ерекшелігінің бірі  автор Maisy's Animals жинақшасының кейбір бөлімдерін қазақша әңгімелейді. Мәселен, «Мейзи үйін жинауда», «Мейзидің автобусы», «Мейзи шомылуда» деп кете береді.  Жыл мезгілдері, балалар әні секілді видеоларды да осы каналдан таба аласыз.  Канал 2011 жылдың 20 ақпанында ашылған екен. Жалпы қаралымы 3 222 789, тұрақты көрермендерінің саны  10 089.

ZEREKBALA TV каналы. Бұл каналда небары 12 видео ғана бар. Әліппе, қазақша санап үйрену, үй жануарлары, жабайы жануарлар, көліктер атауы секілді қызықты видеолары бар. 2014 жылдың 16 наурызында ашылған бұл каналда жалпы 196 175 қаралым ғана бар екен. Ал, тұрақты көрермендерінің саны 1 174 адам.

Әрине, аталған арналардан басқа да біршама каналдар бар. Біз іріктеген кезде мейілінше басқа контент араласпаған каналдарды ұсынуға тырыстық. Бұл каналдарды зерттеу арқылы бір ұққанымыз балаларға арналған қазақша контенттің жетіспейтіндігі және оған сұраныстың бар екендігі.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға