Жаңалықтар

Ғылыми-техникалық қызмет нәтижесін бағалау

Халықаралық тәжірибеде ғылыми-техникалық қызмет нәтижесі патенттік белсенділікпен, ғылыми басылымдардың саны мен олардың дәйексөз ретінде пайдалану көрсеткіштері бойынша бағаланады.
05.06.2015 10:56 3079

Соңғы жылдары Қазақстанда ұлттық патенттік заңнамаларды әлемдік талаптарға сай өзгрету жөнінде бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. 2010 жылы алғаш рет өндірістік үлгілерге негізделген ұлттық іздеу базасы құрылды. Жыл сайын «Әлем мемлекеттерінің өнертабыстары» атты мәліметтер базасын жаңарту бойынша жұмыстар жүргізіледі. Оған Жапония, АҚШ, Ресей, Франция, Германия, Швейцария және т.с.с. дамыған елдеріндегі патенттік ақпараттар кіреді. Бұл Қазақстанда берілетін патенттердің сапасын арттыруға өз үлесін қосады, өйткені әлемдік базаны ескерусіз патент берген жағдайда, ғылыми жаңалықтың балама түрі сол уақытқа дейін патенттелуі мүмкін.

Әлем елдерімен салыстыратын болсақ, дүниежүзілік интеллектуалдық меншік ұйымының «Инттеллектуалдық меншіктің 2012 жылғы әлемдік көрсеткіштері» деп аталатын зерттеу нәтижесіне сәйкес, алдыңғы жылы Қытай 526 мың патенттік арыз түсірген. Патенттік арыз бойынша әлем елдерінің рейтінгісінде Қазақстан 1 732 патентпен 44-орынды иеленіп отыр. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз Сауд Арабиясынан (990 арыз), Бельгиядан (763), Грекиядан (561), Өзбекстаннан (556), Шри-Ланкадан (460) және т.с.с. мемлекеттерден алда тұр.

Алғашқы ондықта Қытайдан кейінгі орындарда Америка Құрама Штаттары (503 582 патенттік арыз), Жапония (342 610 арыз), Оңтүстік Корея (178 924), Еуропалық Патент ұйымы (142 793), Германия (59 444), Үндістан (42 291), Ресей Федерациясы (41 414), Канада (35 111) және Австралия (25 526) орналасқан. Соңғы орындарда 2 және 5 патенттік арызы бар Буркина Фасо мен Тәжікстан тұрақтаған.

Әлем елдеріндегі патенттердің өсуі ірі компаниялар мен мемлекеттер экономикалық дағдарыстарға қарамастан инновациялық қызметке көп көңіл бөліп отырғанын байқауға болады. 2006-2010 жылдары аралығындағы ең үлкен жылдық орташа өсім ақпараттық коммуникация саласында (8,1 %) тіркелген. Фармацевтикалық өндіріс саласындағы арыз саны 2007 жылдан бастап төмендеп отырған. Дүниежүзі бойынша ең көп патенттік арыз компьютерлік технологияларға (126 897) берілген.

Ал Қазақстанда өнертабушылық қызметтер адамның өмірлік қажеттіліктерін қанағатандыруға бағытталған. Бұл тізімге ауыл шаруашылығы, медицина, ветеринария, азық-түлік категориялары кіреді. Одан кейінгі орындарда химия және металлургия салалары орналасса, үшінші орында әртүрлі технологиялық үдерістер, төртінші орында құрылыс және тау ісі, механика, жарықтандыру және жылыту, физика салалары тұрақтаған.

Патенттік зерттеулер қызметі жетекшісінінің орынбасары Айжан Имансаеваның айтуынша, құрт, қымыз, шұбат, тары, жент секілді ұлттық тағам түрлерін даярлау әдістеріне байланысты өнертабыстар да белсенді түрде патенттелуде.

Ғылыми-техникалық қызметті бағалаудың келесі бір жолы басылым саны мен сол басылымдарға жасалған сілтеме деңгейіне негізделеді. Дүниежүзі бойынша 2011 жылға дейін халықаралық импакт факторы жоғары журналдарда 700 мың ғылыми мақала жарияланған. Аталмыш көрсеткіш бойынша Қазақстан орта деңгейде орналасқан (9 ғалымға 1 мақала). Отандық зерттеушілердің импакт факторы жоғары журналдардағы басылымдарының саны жыл сайын ұлғайып келеді. Өйткені елімізде салыстырмалы түрде жақында енгізілген PhD оқуында зерттеушілерге қойылатын басты талап сілтеме көп жасалатын журналдарға мақала жариялау болып табылады.

Тәуелсіздік алғаннан кейін халықаралық басылымдар жөнінен еліміздегі ғалымдардың зерттеу белсенділігі 3 есе өскен. 2009 жылы Scopus мәліметтер базасындағы қазақстандық авторлардың басылымдары (1991-2008) сарапталды. Көрсетілген мерзім аралығында Қазақстан ғылымы 3 883 құжатпен ерекшеленсе, оларға 10 312 сілтеме жасалды (орташа есеппен әрбір мақалаға 2,6 рет сілтеме жасалған). Осы уақыт аралығында әлем бойынша 22 767 649 мақала басылып шыққан. Демек, қазақстандық басылымдардың үлесі 0,0171 %-ға тең. 

Бұдан шығатыны, еліміз білім және ғылым саласы бойынша әлемнің дамыған елдерінен бірнеше есе артта келеді. Алайда, фактілер мен сандарға қарасақ, ілгері жылжудың бар екенін аңғаруға болады. Қазақстанның ғылым саласында тәуелсіздік жылдары қозғалыс болды деп айта аламыз. 


1. Ұлттық интеллектуалдық меншік институтының мәліметтері // Ұлттық зияткерлі меншік институтының ресми сайты. www.kazpatent.kz.

2. World Intellectual Property Indicators // WIPO Economics & Statistics Series. – 2012. – Р. 40.

3. Казахстан занимает третье место по числу изобретений среди стран СНГ // Информационный портал новостей. – 2011, 23-декабаря. www.tengrinews.kz.

4. Отчет о тенденциях развития инноваций в мире и в Республике Казахстан. Центр аналитического сопровождения инновационных процессов. – 2011. – С. 17.


Дәурен Омаров

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға