Жаңалықтар

Ғылыми-сараптамалық кеңестің басты мақсаты – бірлік пен келісімді сақтау

ҚХА-ның ғылыми-сараптамалық кеңесінің төрайымы Айгүл Сәдуақасовамен сұхбат
Ғылыми-сараптамалық кеңестің басты мақсаты – бірлік пен келісімді сақтау
09.07.2020 18:48 5533

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық кеңесі қазіргі таңда көпмәдениетті қоғамда қаймағы бұзылмаған ұлтаралық келісімге сызат түсірмеу үшін әрі жарасқан бірлікті көздің қарашығындай сақтау қамындағы мәселелермен айналысып келеді. Сонымен қоса, кеңес мүшелері тарихымыз бен ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрлерімізді барынша жан-жақты зерттеп әрі оны бүгінгі заманның қажеттілігіне пайдалану жолдарын қарастырумен шұғылданады. Осы ғылыми-сараптамалық кеңес жұмысымен толығырақ танысу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық кеңесінің төрайымы, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академияның этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Кәкімбекқызы Сәдуақасовамен әңгімелескен болатынбыз.

Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ұйым жанынан 2009 жылы ғылыми-сараптамалық кеңесі құрылған болатын.

– Оның негізгі мақсаты – еліміздің саясатына ғылыми-сараптамалық көмек көрсету, яғни сүйемелдеу. Қазақстан көпэтникалық ел болғандықтан бұл мәселе әрдайым күн тәртібінде тұрады.Сондай-ақ әлемде әсіресе көршілес елдерде болып жатқан өзгерістер міндетті түрде еліміздің ішкі ахуалына да өзінің ықпалын тигізеді. Бірақ та тәуелсіз Қазақстан мемлекеті өзінің саясатын бірізділікпен жүргізіп жатады. Кеңес осы бірегейлікті қалыптастыру әрі татулықты, бірлікті сақтау бағытында көптеген істермен айналысады, - дейді Айгүл Сәдуақасова.

88e214a38288901c6794d19c21eea26e.jpg

(Суретте: Айгүл Кәкімбекқызы)

Кеңестің құрамына ұлтаралық қатынастарды жан-жақты зерттеп жүрген 50-ден астам қазақстандық ғалым кірген. Олар – гуманитарлық, әлеуметтік салалардың мамандары.

– Осы ғылыми-сараптамалық кеңес құрылған уақытта кітапханалар сынды көптеген мекемелерден мамандарды іздей бастадық. Оларды шақырып, бетпе-бет сөйлесіп, жұмысымызды таныстырдық. Ең бастысы өте үлкен қызығушылық болды. Сол мамандардың тарапынан «Біз немен айналысамыз?», «Қандай жұмыстар істейміз?» сынды сауалдар болды. Оларға былайша жауап бердік: «Өзіңіз қай тақырыппен айналысып жүрсіз, сол төңіректе айналысасыздар. Бірақ дегенмен аздап біздің қазіргі қоғамдағы көкейкесті тақырыптарды да зерттеп отыру қажет. Мәселен, егер де көп тақырыптар тарихи болса, қазіргі таңда бүгінгі заманның антропологиясына назар аударамыз. Сондай-ақ тілдік ахуалға да назар аударуды ұмытпаймыз. Жалпы заң тұрғысынан көп нәрселерге қарау қажет, - дейді Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық кеңесінің төрайымы.

Айгүл Кәкімбекқызының айтуынша, кеңес қоғамдық ұйым болып есептеледі. Сол себепті философия, тарих, саясаттану, әлеуметтану, құқықтану, лингвистика сынды көптеген сала ғалымдары өздерінің бағыттарында да зерттеу жұмыстарын жүргізеді. «Бірақ та барлығымыз бірлесе қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауды да ұмытпаймыз» дейді ол.

– Ғылыми-сараптамалық кеңестің негізгі қызметі – мемлекеттің саясатын, принциптерін жүзеге асыруда көптеген ғылыми-сараптамалық зерттеулер жүргізу, түрлі ой-пікірлер айтылатын ашық алаңдар ұйымдастыру,яғни сараптамалық қауымдастық қалыптастыру. Сол сараптамалық қауымдастық өз ойын қалың бұқараға жеткізулері қажет. Әлбетте, ең бірінші кезекте олар – ғалымдар, мұғалімдер. Неге десеңіз? Өйткені олардың өздерінің зерттейтін жұмыстары осы саламен байланысты болып келеді. Екіншіден, үлкен аудиторияға күрделі ойларды жалпақ тілмен түсінікті жеткізуге мүмкіншіліктері бар. Әлбетте, бұл ғылыми-сараптамалық кеңес құрылған уақытта осы тақырыпта ешқандай ізденіс жұмыстары болмады деп айтуға болмайды. Жалпы, бұл тақырып көптеген ғалымдар мен сарапшыларды әрдайым қызықтырады, - дейді ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академияның этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі.

Тарихшылардың айтуынша, XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап Қазақстанның этно құрамы өзгерген. Ал оның күрт өзгерісі әсіресе XX ғасырдың жиырмасыншы, отызыншы, қырқыншы жылдары басталған. Бұл біріншіден, депортацияға байланысты екені көпшілікке мәлім. Тарихқа үніліп қарайтын болсақ, сол заманда тоталитарлық тәртіптің қатал жүргізген саясаттың нәтижелерінде көптеген халық Қазақстанға жер аударылған. Сол уақытта қазақ жеріне шамамен бір миллионға жуық адам келген екен. Жалпы, басына төнген көптеген қиыншылыққа қарамастан қазақ халқы өзінің даналығымен осы жерге келген бірқатар өзге ұлт өкілдерін құшақ жая қарсы алып, бауырына басты.

– Қазіргі таңда егеменді Қазақстан мемлекетінде 130-дан астам этникалық топ бір-бірімен ауызбіршілікте, татулықта өмір сүріп келеді. Әлбетте, бұл орайда мемлекеттік саясаттың ұстанып отырған принциптерінің орны айрықша. Қазақстан Республикасының заңдарында көрсетілгендей нәсілдік, әлеуметтік, саяси көзқарасы тұрғысынан ешқандай шектеу жоқ. Барлығы – тең құқылы Қазақстан Республикасының азаматтары. Осы көзқарастан саясат іске асырылады. Жалпы қоғамның қай саласы болсын, бәрі осы көзқараста болады. Бір айта кетерлігі, әлеуметтік өмірде барлығы заңда жазылғандай бола бермейді. Оның да өзінің ішкі заңдылықтары бар. Мысалы, елімізде өмір сүретін этникалық топтардың бір-бірімен қарым-қатынастары яғни Қазақстанның феномені ерекше деп айтамын. Көңілі дархандай, мінезі ашық әрі кең көшпелі халықтың дәстүрлерінің бірі – өзге адамды сыйлау, сый-құрмет көрсету, - дейді Айгүл Кәкімбекқызы.

6a8bfae5ba73a307e1767375f93fe004.jpeg

Өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы осы ғылыми-сараптамалық кеңестің құрылғанына 10 жыл толды. Осы уақыт аралығында кеңес мүшелері көптеген жұмыстар атқарып, біраз нәтижелерге қолжеткізген болатын.

– Біз көптеген ғалымдардың басын бір арнаға тоғыстырдық. Жылына бірнеше мәрте кеңейтілген отырыстарымыз өткізіліп тұрады. Оған республиканың барлық облыстарынан да азаматтар шақырылады. Мұнда 50-ден аса сарапшы және әрбір облыста және республикалық маңызы бар үш қалада ғылыми сараптамалық топтар жұмыс істейді. Бұл сараптамалық топтарда шамамен 15-тен 20-ға адамға дейін бар. Өздеріңіз байқағандай, көптеген сарапшылар бір тақырыптың төңірегінде жұмыс істеумен айналысады. Бұл – өте үлкен жұмыс.

Тағы бір айта кетерлігі, күллі әлемді мойындатқан дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың үлгісі еліміздегі жоғары оқу орындарында да ғылыми-сараптамалық негізде зерттеліп келеді. Еліміздегі университеттерде Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедралары жұмыс істейді. Ондағы басты міндет – еліміздегі этнос өкілдерінің татулығы мен ҚХА-ның тәжірибесі негізінде сараптамалық орталықтарды қалыптастыру арқылы көптеген зерттеу жұмыстарын іске асыру, әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени тұрғысынан этносаясат тақырыптарына қатысты жүйелі зерттелген қортынды қалыптастыру. Осы кафедраны құруда барша әлемде мойындалған ұлтаралық қарым-қатынастың еліміздегі моделін бүкіл мамандықтарда білім алатын студенттерге дәріптейтін ғылыми-әдістемелік қорды жасақтауды мақсат етеді. Сонымен қоса, ҚХА-мен әрі этно-мәдени орталықтармен әрқашан байланыста болу және студенттердің еліміздегі барлық этностардың мәдениетімен, салт-дәстүрімен жан-жақты танысуына мүмкіндік беретін көптеген кездесулер, түрлі шаралар өткізу жүктелген.

– Ғылыми-сараптамалық кеңес тұрақты түрде ғылыми конференциялар мен ашық алаңдар өткізумен айналысады. Жылда өтетін азаматтық форум шеңберінде Орталық Азияның ғылыми-сараптамалық кеңесін құрған болатынбыз. Құрамына Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Қазақстан ғалымдары жылына бір рет кездесіп, Орталық Азиядағы толеранттылық мәселелерін көтеріп келеміз. Сондай-ақ мұнда Орталық Азияда болып жатқан түрлі процесстерді талқыланады. Соның ішінде осы елдерде этномәселелер қалай қаралып жатқандығы, осыған қатысты әрбір мемлекеттің ұстанатын саясаты және т.б. сөз етіледі.

2019 жылы Қазақстан Республикасының ұлттық академиялық кітапханасы ішінен Қазақстан халқы Ассамблеясының залы ашылған. Бұл конфессияаралық, мәдениетаралық, ұлтаралық сұхбат «алаңына» айналып, ҚХА-ның қызметі жайында ақпараттық ресурстармен қамтуға және қазақстандық мәдениет пен дәстүрді өскелең ұрпақ арасында насихаттауға әрі оларды тәрбиелеуге бағытталып отыр. Бір атап өтерлігі, осы залдың басты ресурстарына 2019 жылы негізі қаланған Қазақстан халқы Ассамблеясының Депозитариийі қоры жатады. Бұл қор Ассамблея жанынан құрылған ғылыми-сараптамалық кеңес мүшелерінің зерттеу жұмыстарынан әрі еліміздегі халықтардың мәдени әрі тілдік сантүрлілігі жайында материалдардан жасақталған. Мұндағы құжаттар саны шамамен мың данадан асады. Олардың 400-ге жуығы цифрланған болатын. Мұндай ашық депозитарийлар еліміздегі облыстарда да құрылған.

– Осы уақытқа дейін көптеген мақалалар шықты, кітаптар жарық көрді. Ғылыми-сараптамалық кеңестің тұрақты түрде өткізіп келе жатқан конференцияларының бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының ғалымдары мен сарапшыларының форумы. Бұған Қазақстаннан бөлек, шетелден де бір топ мамандар жиналады.

a2e80308f36929d518608d0fdbc0fe1b.jpg

Ғылыми-сараптамалық кеңес соңғы он жылдан бері «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты жобасын дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырып келеді. Бұл өткен ғасырдың бас кезінде көптеген азаматтарды тар жолмен тайғақ кештірген 31 мамыр «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын және ашаршылық құрбандарын еске алу» күніне орайластырылған.

– Өздеріңізге мәлім, өткен ғасырдың 30-шы жылдардан бастап өзге ұлт өкілдері қазақ жеріне депортацияға ұшыраған болатын. Сол уақытта қазақ халқының басына түскен ашаршылықтан көптеген азамат қайтыс болды. Сол себепті 31 мамыр барша қазақстандықтар үшін аза тұту күні болып жарияланған. Осыған қатысты ғылыми-сараптамалық кеңес мүшелері бірнеше бағытта жұмыстар атқарып жатыр. Олар Қазақстан Республикасы Президент Архивімен бірлесіп, архив құжаттарын жариялау, әлеуметтанушылармен бірлесіп, сол оқиғаларға қатысқан азаматтардың ұрпақтарымен сұхбаттасу, тарихи жағынан тарихи баға беру әрі зерттеу жұмыстарын бүгінгі жастарға жеткізу болып табылады. Бұған қатысты жыл сайын 10-нан аса конференциялар республиканың барлық аймағында өткізілді. Оған шетелден де біраз қонақтар қатысты. Жалпы, жылдан-жылға осы жобаның маңыздылығы артып келеді. Бастысы бұл жұмыстар тоқтамайды. Ары қарай да жалғасын табады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» атты жобасы осымен үшінші жыл жүзеге асырылып келеді. Бұл жобаның негізгі мақсаты қай ұлт өкілі болғанына қарамастан, барлық қазақстандықтардың жалпыға бірдей мәдени кодының, құндылықтарының, жалпыұлттық тарихи санасының негізінде жұрттың ажырамас бірлігін нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ қазақтың тарихы мен философиясын және дүниетанымын жеткізуді әрі көпшілік арасында насихаттауды мұрат етеді. Ассамблеяның «Қазақтану» атты ерекше жобасы аясында республиканың аймақтарында әрбір әлеуметтік топтағы азаматтарға дәрістер мен тренингтер ұйымдастырылып жатады. Баса назар аударатын жайт, «бұл бір шаңырақтың астындағы халық болғандықтан бір-бірімізді тануға әрі сыйластыққа, құрметке шақыратын жоба. «Қазақтану» арқылы қазақтың болмысын, тарихын, философиясын, антропологиясын елімізде өмір сүретін этностық топтардың ортасына жеткізуге тырысып жатырмыз. Міне, бұл да үлкен жұмыс. Қазіргі таңда кеңес мүшесінің ғалымдарының әрқайсысы өз саласы бойынша көтерген тақырыптарын осыған ұштастырып жатыр», - дейді Айгүл Кәкімбекқызы.

– Ғылыми-сараптамалық кеңес көптеген салаларды бір орталыққа байланыстырады. Біздің сарапшыларымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының өткізетін отырыстарына қатысып, тіл ахуалына байланысты мәселелерді талқылап отырады. 2014 жылы алғаш рет осы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен және ғылыми-сараптамалық кеңестің мүшелерімен дайындалған этно-саяси тәжірибелік сөздік жарыққа шығып еді. Биыл да осы жұмысты қайтадан жаңғыртып, қоғамда болған өзгерістерді ескере отырып, сөздікке өзгерістер енгізіп, жаңартып, жаңа терминдерді қосып, жаңа түсініктемелермен толықтыру жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Таяу уақытта баспаға береміз деген ойдамыз. Өздеріңізге мәлім, биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Соған орай бірнеше жобаларымызды жоспарлап қойдық. Олардың қатарында әлеуметтік лингвистикалық сөздік бар. Соның ішінде Қазақстанның дамуына еңбек қосқан ерекше тұлғалар жайында еңбек дайындалып, баспаға шығады деген ойдамыз. Енді, бұл тек қана 25 жылдыққа арналған үлкен бір көлемді жұмыстар деп бағыттап отырмыз.

Қазіргі әлемдік пандемия уақытында ғылыми-сараптамалық кеңес онлайн тренингтер мен конференциялар өткізіп жатыр.

– Цифрлі заман адамды кез келген жағдайларға тез бейімделуді талап етеді. Соған орай біз де электронды жүйемен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Онлайн форматта тренинг жүргізген уақытта аудитория бір деммен сүйсініп тыңдап отырады. Білім, ғылым, тәрбие арқылы қоғамның бірлігін, ашықтығын, әр алуандылығын сақтап қалу – біздің басты мақсатымыз. Сондай-ақ қазіргі кезде көптілділік өте маңызды дүние. Ол адамның жаңа әлемге бейімделуіне көп септігін тигізеді. Ал сізбен біз өмір сүріп жатқан қоғамда көздің қарашығындай ұстайтынымыз ол, әрине біздің тәуелсіз егемендігіміз... Сол себепті рәміздер күні, Конституция күні, Тәуелсіздік күні сынды мемлекеттік мерекелерге де баса назар аударамыз.

Иә, бүкіләлемдік пандемияға байланысты ғылыми-сараптамалық кеңес мүшелері онлайн форматқа ауысқан. Айгүл Кәкімбекқызының айтуынша, бүгінде онлайн сессиялар мен дискуссиялар өткізіліп келеді. Кеңес мүшелері көбінесе аналитикалық жұмыстарға аса мән береді.

– Жақында балалардың кітап оқу мәселесіне, осы көркем әдебиет арқылы біз ортақ құндылықтарды, ортақ мәдениетті қазақ тіліне деген сүйіспеншілікті қалай арттырамыз деген тақырыптар төңірегінде аналитикалық жазба дайындалды. Сол жазбаның аясында көптеген дүниелер анықталды. Оған біздің кеңестің профессорларының бірқатар ғылыми жобалары жазбаның негізіне енді. Сонымен қоса, қоғамда әлеуметтік шиеленістерді, қақтығыстарды болдырмауына қазір ерекше назар аударып жатырмыз. Бәрімізге белгілі, осы жылдың ақпан айында Қордай ауданында болған оқиғаға қатысты Елбасымыз да, Президент те үлкен тапсырмалар берген еді. Соның ішінде қоғамда осы сұрақтарды талқылап, аналитикалық жұмыстар негізінде оқиғаның алдын-алу механизмдерін ілгерілету тапсырмалары енген болатын.

Қазіргі таңда осы болған жағдайды сараптап, бірқатар аналитикалық жазбалар мен мақалалар жарияланған.

– Қордай оқиғасы болған уақытта біздің аналитикалық топ сол аймаққа барып, нақты болған жағдайды көріп, оны жан-жақты зерттеп, тұрғындармен сұхбаттасып, болған мән-жайды білген еді. Осы карантин мезгілі аяқталғаннан соң біздің топ Жамбыл облысына баруды жоспарлап отыр. Ал қазіргі кезде алдын-ала барлық мәліметтер жинақталып, сол өңірге барған уақытта тыңдырылатын жұмыстардың жоспары Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірігіп жасалынып жатыр. Байқағаныңыздай, біз аналитикалық жұмыстарға осындай басымдық беріп отырмыз.

Жалпы «ғылыми-сараптамалық кеңестің жұмысы өте маңызды» дейді Айгүл Сәдуақасова. Мұнда кеңеске мүше көптеген ғалымдар жастар арасында түрлі дәрістер берумен айналысады.

– Жан-жаққа шашырамай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір методологиялық бірізділікті сақтауға тырысып отырамыз. Сондықтан ақпарат жан-жақты әрі көпсалалы болуы керек. Ал қиындығына келер болсақ, қоғамда қандай да бір жағдай туып кеткенде біз, ең бастысы, әр адамның өз этникалық болмысына бірінші назар аударамыз. Бір айта кететін жайт, ғылыми тұрғыдан эксперттік көзқарастар адамның адами қасиеттерін алға тарту қажет. Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша барлық азаматтар тең құқылы. Әлбетте, біз әлеуметтік және этникалық болмысын міндетті түрде назарда ұстауымыз қажет.

Ғылыми-сараптамалық кеңес жұмысы еліміздің ауызбіршілігі, бірліктілігі сынды ұғымды дамытып әрі бұған жалпы көпұлтты қоғамды біріктіру мәселелерімен айналысады. Сондай-ақ бұларды қандай факторлар арқылы біріктіреміз сынды сауалдарға жауап табуға тырысады.

– Өкінішке қарай қазіргі заманда әлеуметтік ортада керітартпа ықпал аздап басым болып келе жатыр. Осыған қатысты зерттеулер жүргізгенде үлкен ұрпақ, орта ұрпақ біздің құндылықтарымызды сақтап, кейінгі буынға жеткізу керектігін айтады. Бірақ заман өзгерді. Ұрпақ та өзгерді. Және сол ұрпаққа жететін ақпарат та өзгерді. Бұған біз арнайы методологиялық негіздеме жасауымыз керек. Ал бұған жалпы барша қоғам атсалысуы қажет. Және жақсы әрі жан-жақты жүргізілген зерттеулер керек. Әр қоғамның өзінің әлеуметтік, рухани болмысын сақтап қалатын бұл – гуманитарлық, әлеуметтік ғылымдар. Сондықтан осы сала ғалымдары өздерінің зерттеулерін жаңа бір ортаға бейімделген методологиялы негіздеме арқылы жүргізу керек деп ойлаймын. Біздің лингвистер, филологтар қазір балалар әдебиетімен айналысып жатыр. Балаларға ертегілер оқу, оны суретпен, әнмен, бимен жеткізу, жалпы балалармен, жастармен бірге ойлап, бірге сондай іс жасау адамға басқаша әсер береді.

Күллі әлемге таралған жұқпалы індеттің салдарынан көптеген елдерде карантин жарияланғаны мәлім. Қазіргі таңда барша азамат күш-жігерін осы індетпен күреске қарсы жұмылдырып жатыр. «Соған орай біз де өз үлесімізді қосып, ақ халатты жандарымызға алғысымызды білдіріп, осы қатерден аман-есен шығайық деген тілектеміз» деп сөзін түйіндеді Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық кеңесінің төрайымы Айгүл Кәкімбекқызы.

(Кей суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға