Жаңалықтар

Ылғалды көп қажет ететін дақылдар алаңы қысқартылады

Ылғалды көп қажет ететін дақылдар алаңы қысқартылады
Фото: t.me/KZgovernment 26.03.2024 10:44 531

Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров көктемгі егіс жұмыстарына дайындық туралы премьер-министр Олжас Бектеновке баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің сөзінше, өңірлерде көктемгі егіс науқанын жүргізу жұмыстарын үйлестіру жөніндегі жедел штаб құрылды. Министрлік салада ауқымды талдау жүргізген, жұмыстың нәтижесі бойынша бірқатар жүйелік проблеманы анықтаған.

Мәселен, агроөнеркәсіптік кешеннің қарқынды дамуын тежеп тұрған мәселелердің бірі өсімдік шаруашылығында әртараптандырудың дұрыс жүргізілмеуі болып табылады. Облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша осы жылы 23,8 млн га алаңда ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру жоспарлануда, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 209,6 мың гектарға аз. Қысқартылған алаңдарда әлеуметтік маңызы бар және жоғары рентабельді дақылдар алаңдарын ұлғайту жоспарлануда, – деді Айдарбек Сапаров.

Бұдан өзге министр Үкімет тапсырмасын және вегетация кезеңінде фермерлерді суармалы сумен қамтамасыз етуде туындайтын проблемаларды ескере отырып, ылғалды көп қажет ететін дақылдар алаңдарын қысқарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

Биыл өткен жылмен салыстырғанда мақта алқаптарының 116 мың гектардан 100 мың гектарға дейін, яғни 16 мың гектарға қысқаруы болжанып отыр. Күріш алқаптары 6,4 мың гектарға қысқарып, 93,9 мың гектарды құрайды. Жалпы, астық дақылдары, көкөніс-бақша дақылдары, картоп бойынша жоспарланған алаңдар ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді ауыл шаруашылығы министрі.

Айта кетейік, жаппай егіс науқаны осы жылдың мамыр айының екінші онкүндігінде басталмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға