Жаңалықтар

Әйгілі Шайтанкөл туралы аңыздар

Шайтанкөл- аққулар мекені
20.10.2015 04:33 37590

Қарқаралы табиғатының ең бір сұлу өлкесінің бірі, талай ақынның сезімін тербеп шабытын оятқан, жаратылысы жұмбаққа толы көл — Шайтан көл. Үлкендердің айтуынша бұл көл әуелде Әулиекөл деген атауға ие болған екен.

Жергілікті қазақтар, таудың ұшар басында, бастауы жоқ, тостағанға құйып қойғандай ықшам болып жатқан, ағын су келіп қосылмаса да жыл он екі ай суы ортаймай бір қалыпта тұратын,өзі де ешқайда ақпайтын, әрі десе кейбір көлшіктер тәрізді жаздың ыстығында суы сасымай ( ешқайда ақпай бір орында тұрған судың сасып кететіні болушы еді) сап-салқын болып жаңарып тұратын қасиетіне қарап бұл көлді қасиетке балап, суына келіп беті-қолдарын жуып, емдік қасиеті бар деп санаған екен. Әр жұма сайын жергілікті байлар мен қожа молдалар осы көлдәі басына келіп мал шалып, қазан асып, құран оқып, жиын жасап тұрған. Сондай бір жиын кезінде, Шаншар руынан шыққан Торсықбай деген өзі тақыр кедей, өзі қу жігіт әлгі құдайы асқа келіп, бал қымыз бен етке тойып алмақшы болады. Бірақ, жуан қарын байлар, жыртық шекпенді кедейді менсінбей, астан дәм таттырмастан көл басынан қуып жіберіпті. Бұл қорлыққа шыдамаған Торсықбай қу, іштей кіжініп кете барады. Арада біраз уақыт өтіп, жуандар кезекті рет Әулие келдіңғ басына жиналып, табақтағы асты алдарына ала берген кезде, қойтастардың арасынан ащы дауыс естіледі де артынан үсті басы жалбыр-жабыр, түрі адам шошырлық бір мақұлық шығып, үрейлі дауысын үдете отырып, жиналған қауымға қарай жүгіреді. Мұндайда молдекеңдерде ес қалама? Бірінен кейін бірі зуылдатып дұға оқып, құран аяттарын айтысып зуылдай бастайды, әлгі мақұлық болса елең қылмастан өзінен өзі құтырынып, жандарына жақындап-ақ қалады. Сол кезде қатты үрейі ұшқан бір бай орнынан ұшып тұрып, көзі алақтап:

– Ойбай, шайтан! – деп төмен қарай зыта жөнеледі. «Өзі қашқалы тұрған қоянға тәйт дегені несі» - демекші, онсызда қорыққандарынан қалтырап, не істерін білмей тұрған жұрт, дүниелер жатқан орындарында қалдырып, бет-бетімен бытырап қаша жөнеледі. Ал, Торсықбай болса үстіне жамылып келген ешкі терісінен арнайы жасаған кепті шешіп тастап, жұртта қалған асқа сылқия тойып алып, ауылға қайтқан екен.

Әйгілі Шайтанкөл туралы аңыздар

Кейіннен бұл оқиға ауыздан-ауызға тарай отырып, әрі десе уақыт асқан сайын өсіп, Әулие көлдің атауы біртіндеп ұмытылып, бұл жер шайтандардың мекені, Шайтан көл атанып кете барған көрінеді.

Шайтанкөл Қарағанды облысы Қарқаралы тауларында орналасқан. Шайтанкөл көлі Бұғылы тауында,  гранитті жартас пен қарағай орманы қоршаған 1200 м биіктігінде орналасқан.  Ұшар таудың басында тостағанға құйған судай болып жарқырап жататын айдын көл ағынсыз. Көл суы бұрын сөндірілген жанартаудың өзегіне қатты ұқсайды. Эзотериктердің пайымдауынша, көлдің түбінде бізге параллельді әлемнің порталы бар деп есептейді. Түнде көлге жан кіреді. Егер оның жағасында адамдар болса, олар түрлі тылсым құбылыстарға куә болады.

 Әйгілі Шайтанкөл туралы аңыздар

Өзіңізді елестетіп, тауға шығыңыз. Сіздің жан жағыңызда алып жарлар мен гранитті қойтастар қаумалайды. Қылқан жапырақты ағаштар тыныштықта сіздің қадамыңызды  санап тұрғандай. Бір  кезде ағаштар сізге жол ашады, сіз жардың басында қалғандайсыз. Дәл аяғыңыздың астында қара су айдыны тұрды. Жаңа ғана қаумалап келе жатқан алып қарағайлар көлдің қабырғасы болып кейінге шегінген сипат береді. Міне, қалай көл сырт сөзден жасырынып түр. Ешқандай жел де, дыбыс та жоқ. Судан сізге біреу қарап тұрғандай әсер береді... Осы мистикалық орын түрі аңыздардың шығуына түрткі болды.

Жоңғарлар шабуылы туралы аңыз

Жоңғарлармен соғыс кезінде күштері тең болмайды да, жоңғарлар жеңіске жететіндей жағдай туындайды. Сол кезде қазақ жігіттері өз құдайларынан көмек сұрайды, тәңірлері оларды қазақтардың елді мекендерін нық қорғайтын  тас мүсіндерге айналдырып тастайды.  Ал көлді сумен толтырған осы жігіттердің аналарының көз жастары.

Әйгілі Шайтанкөл туралы аңыздар

Сұлушаш, Алтай және Қайсар өлімі

Баяғыда Сұлушаш деген байдың қызы болыпты. Оның есігінде жүрген Тезек деген құлы, Шұнақ деген күңімен қосылып, одан Алтай туады. Ол ер жетіп, Сұлушаш екеуі бір-бірін сүйеді. Бірақ бай қарсы болады.Алтайдың Қайсар деген досы, Сұлушаш үшеуі елден қашады.

Олар Қарқаралының маңайындағы Жиренсақал деген жерді мекендеп, тұрып жатады. Сол жерде аң аулап, құс ұстап күндерін көреді. Бір күні Алтай құс аулап жүріп құзға кездеседі. Сол құзға бүркіт ұя салған екен, Алтай одан бүркіттің балапанын алмақшы болады. Бірақ жолы болмай шыңырауға құлайды. Ал Сұлушаш Тескен таста сырнай тартып отырады. Біраздан соң артынан ырылдаған дауыс естіледі, қараса артында арыстан тұр екен (бұрынғы кезде Сарыарқа төсіндк арыстандар мен жолбарыстар өмір сүрген). Содан қорыққаннан көлге құлап өледі. Қайсар Сұлушашты іздеп осы жерге келсе, көлдің бетінде қыздың көйлегі, тақиясы жүзіп жүреді. Ол да сол көлге құлап өледі. Содан кейін бұл көл «Шайтанкөл» атаныпты деседі.


Әзірлеген Тұмар АСЫЛ

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға