facebook.com/Amine's Study Abroad Mentorship

Yer AI Mentor: Қазақ тіліндегі алғашқы жасанды интеллект менторы

29.09.2025 10:31

Қазақ тілінде сапалы менторлық ұсынатын платформа бұрын-соңды болмаған. «Yer AI Mentor» осы олқылықтың орнын толтыру үшін пайда болды. Стартап жетекшісі Амине Қадырдың айтуынша, Қазақстандағы жастардың көбі кәсіби даму мен шетелдік оқу тәжірибесін орыс немесе ағылшын тіліндегі ресурстар арқылы іздеуге мәжбүр.

Ал бұл жоба — қазақ жастарына өз тілінде қолдау көрсетіп, жаңа белестерді бағындыруға мүмкіндік беретін алғашқы жасанды интеллектке негізделген EdTech платформа. Бүгінде қолданушыларының 95%-ын Қазақстан мен шетелдегі қазақтілді жастар құрап отыр. Бірақ мақсат тек жергілікті аудиториямен шектелмейді: команда Орталық Азиядан басталып, бүкіл Азия, Еуропа және АҚШ студенттеріне жол ашуды көздейді. Тіпті болашақта АҚШ-тың өзінде де жергілікті студенттерге арналған өнім шығару жоспарда бар.

El.kz: Амине ханым, алдымен оқырмандарымызға өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Туған жеріңіз, алған біліміңіз және қазіргі таңда атқарып жүрген жұмысыңыз туралы айтып берсеңіз.

Аминe Қадыр: Мен – Аминe Қадыр. Туған жерім – Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы. Бала кезімнен білімнің құдіретін сезініп, оны арманға жетелейтін күш деп қабылдадым. Сараевода Management & Information Systems мамандығын үздік аяқтап, Ыстамбұлда Organizational Behavior бағытында магистратура оқыдым, Парижде International Management бағдарламасымен білімімді жалғастырдым. Өткен жылы АҚШ-тың Пенсильвания университетіне (UPenn) қабылдандым. Бұл – әлемдегі ең беделді сегіз оқу орны бірігіп құрған Ivy League қауымдастығының мүшесі. Ivy League – әлемдік деңгейдегі көшбасшылық пен академиялық сапаның символы. Биыл Лондон Экономика Мектебіне (LSE) және Кембридж университетіне де қабылдандым. Қазір Қазақстанда Yer AI Mentor стартапын басқарып жүрмін.

El.kz: Әлемнің әртүрлі елдерінде (Босния, Түркия, Франция, Ұлыбритания) білім алу барысында білім беру жүйелеріндегі қандай айырмашылықтарды байқадыңыз?

Аминe Қадыр:  Әр ел маған ерекше сабақ берді. Сараевода – көпұлтты ортада бейімделуді, Ыстамбұлда – шығыстық дәстүр мен батыстық ғылымның үйлесімін, Парижде – еркін ойлау мен пікірталас мәдениетін, ал Кембриджге қабылдану тәжірибесінде – ғылым мен кәсіпкерліктің тоғысын сезіндім. 

El.kz: Бакалавриатта халықаралық қатынастарды оқып, магистратурада кәсіпкерлікке бағытталуыңыздың себебі неде? Бұл таңдау кәсіби жолыңызға қалай әсер етті?

Аминe Қадыр: Мен бакалавриатты Management & Information Systems мамандығымен бітірдім. Бірақ уақыты келе шынайы өзгеріс жасау үшін технология мен кәсіпкерлікке бет бұру қажет екенін түсіндім. Сондықтан магистратурада ұйымдық мінез-құлық пен кәсіпкерлікке ден қойдым. Бұл таңдаудың нәтижесінде мен өз стартапымды құрдым. Қазір мен үшін білім – теория емес, қоғамға нақты пайда әкелетін іс.

El.kz: Сіздің ойыңызша, шетелдік оқу орнына түсу кезінде үміткердің академиялық көрсеткіштері ме әлде жеке әлеуеті мен жобалары ма маңыздырақ рөл ойнайды?

Аминe Қадыр: Меніңше, екеуі де тең маңызға ие. Жақсы академиялық көрсеткіштер мен жоғары тест нәтижелері шәкіртақы алуда шешуші рөл ойнайды. Бірақ үміткердің әлеуеті, жобалары мен қоғамға тигізер әсері – одан да маңызды. Университеттер болашақ көшбасшыны іздейді, ал көшбасшының бағасы тек GPA-мен өлшенбейді.

El.kz: Сіз стипендия ұтып алудың басты үш шарты деп нені атар едіңіз?

Аминe Қадыр: Біріншісі – айқын мақсат. Әр үміткер не үшін сол университетке, сол бағдарламаға барғысы келетінін нақты түсіндіруі тиіс.

Екіншісі – табандылық. Шәкіртақы алу – ұзақ әрі күрделі процесс, оны соңына дейін жеткізетін еңбекқорлық қажет.

Үшіншісі – қоғамдық құндылық. Әлемдік білімді тек жеке мансап үшін емес, халқыңа, ұрпағыңа қызмет ету үшін пайдалана білуді дәлелдеу.

El.kz: Стартап-жобаңыз («Yer AI Mentor») туралы айтып берсеңіз. Жобаның ең үлкен артықшылығы неде?

Аминe Қадыр: «Yer AI Mentor» – қазақ тілінде сапалы менторлық тапшылығын толтыру үшін құрылған алғашқы жасанды интеллектке негізделген EdTech платформа. Қазір біздің қолданушыларымыздың 95%-ы – Қазақстан мен шетелдегі этникалық қазақтар арасынан шыққан қазақтілді жастар. Қазақстанда менторлық көбіне орыс немесе ағылшын тілінде жүргізіледі, ал біз – осы кеңістіктегі олқылықты толтырып, қазақ тілінде жоғары сапалы бағыт ұсынып отырмыз. Бірақ біз тек жергілікті аудиториямен шектелмейміз. Мақсатымыз – Орталық Азиядан басталып, бүкіл Азия, Еуропа және АҚШ-қа дейінгі жастарға қолжетімді болу. Бізде АҚШ университеттеріне қабылдауда үлкен тәжірибе бар, болашақта өз өнімімізді АҚШ-тың өзінде жергілікті студенттер үшін де шығаруды көздейміз.

El.kz: Білім беру саласындағы стартап жобаларды дамытуда Қазақстан немесе этникалық қазақ жастары бар басқа елдерге тән қандай ерекше мүмкіндіктер бар деп ойлайсыз?

Аминe Қадыр: Бұл елдерде жастардың білімге деген құштарлығы жоғары, бірақ сапалы қазақ тіліндегі контент пен менторлық жеткіліксіз. Бұл – EdTech жобалары үшін үлкен мүмкіндік. Біз тек қазақ жастарына ғана емес, болашақта Орталық Азия мен жаһандық аудиторияға арнап, көптілді, көпмәдениетті өнім жасауға ұмтылып отырмыз.

El.kz: «Yer Ai» стартапы “AI’preneurs 2025” акселерация бағдарламасына қатысқаны белгілі. Осы бағдарлама аясында сіздерге берілген менторлық қолдау, нарыққа шығу стратегиясы, алғашқы MVP дайындау кезеңі қалай өтті? Яғни, акселерацияның ең тиімді немесе қиын бөліктерін атап беріңіз.

Аминe Қадыр: Astana Hub ұйымдастырған “AI’preneurs 2025” акселерациясы бізге үлкен тәжірибе сыйлады. Менторлармен бірге нарыққа шығу стратегиясын жетілдіріп, MVP жасап, алғашқы пайдаланушылардың кері байланысын алдық. Қиындық та болды: уақыт пен ресурстың шектеулігі. Бірақ сол сынақ бізді жаңа деңгейге шығарды. Біз финалист атандық, ал жуырда TechnoWomen ұйымдастырған HerVenture 2025 бағдарламасында 20-дан аса әйел-стартапшылар арасынан үздік стартап болып таңдалдық. Бұл біз үшін үлкен сенім мен жаңа жауапкершілік.

El.kz: Yer Ai білім саласында, ақырындап топ университеттеріне қабылдануға дайындалу үдерісінде, қандай ЖИ технологиялар қолданылады? Жасанды интеллект платформалары арасында студенттердің қажеттіліктеріне сай келетін шешімдерді жасау үшін қандай функционалдар ең маңызды деп санайсыз?

Аминe Қадыр: Біз chatGPT негізіндегі тілдік модельдерді, эссені автоматты бағалау жүйесін, сөйлеуді тану және виза сұхбаттарын модельдеуді қолданамыз. Маған ең маңыздысы – студенттің әлсіз тұсын нақты анықтап, оған жеке бағыт беру мүмкіндігі. Бұл әділ әрі тиімді тәсіл, ол жастарға сенім сыйлайды.

El.kz: Қазақстандағы стартап экожүйесін сырттан келген жас кәсіпкер көзімен қалай бағалайсыз? Инновациялық инфрақұрылым мен инвесторлар қауымдастығы жеткілікті ме?

Аминe Қадыр: Қазақстанда стартап экожүйесі қарқынды дамып келеді. Astana Hub, акселераторлар мен венчурлық қорлар жұмыс істеп жатыр. Бірақ халықаралық деңгейдегі тәлімгерлік пен тәуекел капиталы әлі де жеткіліксіз. Бұл – жаңа буын үшін тың мүмкіндік: алғашқылардың қатарында көшбасшы болуға жол ашық.

El.kz: Қазақстанда жасанды интеллектке негізделген стартаптарға қолдау жеткілікті деп ойлайсыз ба? Мемлекеттік бағдарламалар, акселераторлар мен венчурлық қаржы көздерінің рөлі қандай?

Аминe Қадыр: Мемлекеттік бағдарламалар бар, бірақ жылдамдығы мен икемділігі шектеулі. Дегенмен жеке инвесторлар мен венчурлық қорлар белсенділік танытып келеді. Қазақстан дәл қазір ЖИ дәуірінің басында тұр. Сондықтан алғашқы батыл қадам жасаған стартаптар үлкен артықшылыққа ие болады.

El.kz: Қазақстан жастары арасында стартапқа қызығушылық байқалады. Бірақ оны табысты бизнеске айналдыру үшін қандай басты кедергілер бар деп санайсыз?

Аминe Қадыр: Жастардың идеясы мол, бірақ капитал тапшылығы, нарыққа шығу стратегиясының әлсіздігі және менторлық жетіспеушілігі негізгі кедергі болып отыр. Бұл қиындықтар – табанды, нағыз көшбасшы болуға шыңдайтын сынақ.

El.kz: Сіз алған тәжірибеңізді келешекте Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға қалай қолданғыңыз келеді?

Аминe Қадыр: Менің миссиям – қазақ тілінде сапалы білім мен менторлықты қолжетімді ету. Қазақстан мен шетелдегі қазақ жастарына әлемдік университеттердің есігін ашып қана қоймай, болашақта Орталық Азия, Еуропа және АҚШ студенттері үшін де пайдалы өнім ұсыну – басты мақсатымыз. 

El.kz: «Әлемдік деңгейде білім алған жастар елге не әкелуі тиіс?» деген сұраққа сіздің жеке жауабыңыз қандай?

Аминe Қадыр: Әлемдік деңгейде білім алған әрбір жас ең әуелі жаңа ойлау мәдениетін, заманауи технологияны және әділеттілік қағидатын елге әкелуі тиіс. Бұл – тек жеке артықшылық емес, халық алдындағы жауапкершілік. Білім – адамның тағдырын түбегейлі өзгерте алатын күш, ал ол күшті халқың үшін қолдана білу – ең ұлы миссия.

El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет!