Жаңалықтар

Әйелдер құқығын қорғау – қоғам назарында

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл бар
Әйелдер құқығын қорғау – қоғам назарында
06.04.2020 16:08 9723

Әйел – отбасының ұйытқысы. Ол қай кезеңде болмасын бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы саналады. Бірақ, бүгінгі заманда бір қолымен әлемді тербетсе, екінші қолымен бесікті тербеткен әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналып, қысым көретіндігі, соққыға жығылып, өз құқықтарын білмеуі қоғамдағы маңызды проблеманың біріне айналып келеді.

Біз осы мәселеге тосқауыл болу мақсатында жұмыс істеп жүрген Нұр-Сұлтан қаласы Полиция Департаментінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры, заң ғылымдарының магистрі Гүлмира Тілеуғалиқызымен, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты «Үміт» дағдарыс орталығының кеңесші заңгері Зарина Дәулетқызы және орталықтың психологы Жазира Сұлтанбековамен пікірлескен болатынбыз.

Әлімжеттік – әлсіздің ісі

Жыл сайын қаншама әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналып, бірі үрей мен қорқыныштың жетегінде өмір сүріп, енді бірі құрбан болып жатыр. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша дағдарыс орталықтарында 70-тен астам әйел, 85-ке жуық жасөспірім қызмет алады. Мұның өзі біздің елімізде  қиын жағдайда жүрген әйелдердің бар екендігінің көрсеткіші.

5ddea8146ea51038886401.jpeg

Тақырыпты кеңірек тарқату барысында дағдарыс орталығының көмегіне жүгінген әйелдермен тілдескен болатынбыз. Сұхбат барысында кейіпкерлеріміз өздері туралы мәліметтердің жарияланбауын өтінді. Сол себептен әйелдердің аты-жөндерін өзгертіп, баяндауды жөн көрдік.

***

Алма жолдасы Мұратпен сүйіп қосылған еді. Отау құрғандарына үш жыл болған жұбайлардың жағдайлары өте жақсы. Толыққанды отбасынан шыққан, ештеңеге мұқтаж емес, материалдық жағынан қамтылған ерлі-зайыптылардың жасы екіден асқан кішкентай қыздары да бар. Мұрат – иманды, дін жолындағы азамат, отбасының қорғаны. Бірақ ол уақыт өте келе өзгере бастайды. Өзі діни бағытта жүргендіктен әйеліне көп нәрсеге тиым салатынды шығарды. Жас келіншек ол тиымдарға алғашында көз жұмып қарағанымен, шыдай алмай отбасынан кетуге шешім қабылдады. Осылайша айрандай ұйыған отбасының берекесі кетті. Ақыр соңында Алма жолдасынан біржолата кетуге шешім қабылдап, дағдарыс орталығының көмегіне жүгінді...

– Дағдарыс орталығындағы бүгінгі таңдағы жағдайым жақсы. Барлық жағынан мамандар көмек көрсетеді, қолдау білдіреді. Отбасылық өмірімдегі қиын күндерімнің барлығы артта қалғандай – деп сөзін қысқа қайырды келіншек.

violent-3405549_960_720.jpg

***

Екінші кейіпкеріміз кәсіпкер әйел – Айман. Айтуына қарағанда, өзінің жеке меншігінде бірнеше шағын кәсібі болыпты. Бірақ жеке өмірінде жолы болмайды. Айман байлық пен мансаптың соңынан қуып жүріп, отбасын құрмады. Кейін өзінен он екі жас кіші Мейірбекті кезіктіреді. Бір-бірін ұнатып, бірге тұруға шешім қабылдайды. Некелері заңдастырылмады. Бірақ олар бақытты еді. Әбден сеніміне кірген Мейірбекке Айман жеке көлік те алып береді. Одан кейін пәтер сыйлады. Жылдар өте олардың қарым-қатынасы бұзыла бастады. Мейірбек Айманды бопсалауды шығарады. Араларында дау-жанжал, ұрыс-керіс көбейді. Кейін екеуі ажырасып, Айман біраз материалдық шығынға батыпты. Өмірінің соңына дейін бірге боламыз деген жанның сатқындығына қатты налып, арнайы мамандардың, психологтардың көмегіне жүгінеді. Бірақ Айманның қалыпты жағдайына келіп, өзін қолға алуына өзімен тағдырлас әйелдер орналасқан орталық көп көмегін тигізіпті.

Иә, бұл әйелдердің тағдырлары әр түрлі. Бірақ нәзік жандылардың сеніміне кіріп, солардың есебінен өмір сүретін ер азаматтар жоқ емес. Бұл оқиға біреуге сабақ болса, енді біреу үшін өмірлік тәжірибе болды.

***

Өткен жылдың қыс мезгілі болатын. Сарыарқаның сары аязында жұмыстан шаршап үйіне келген Гүлмира әдеттегіше қаннен қаперсіз демалып отырған. Өзі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы болып бірнеше жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет етеді. Кеш батып, қас қараюға жақын қалған кез. Кенеттен есік қағылды. Түн ішінде кім келді екен деп, Гүлмира есікке қарай беттеді. Ашып қараса, сыртына жұқа күртешесін іле сала, қақаған аязда үйде киетін жеңіл сүйретпе аяқ киімімен бүрсеңдеген Анар екен. Көрші келіншек үйге кіргені сол екен көз жасына ерік берді.

116364.jpg

– Жолдасым үйден қуып шықты. Жанжалдасып қалдық. Ол маған қол көтерді. Балалардың көзінше білдірмейін деп қашып келдім, – деп өксігін баса алмай боздай жөнелді.

Жанарын қою мұң басқан жасы отыздан асқан келіншек, біраз уақытқа дейін өз-өзіне келе алмай отырды. Тек біраз уақыттан соң есін жиып:

– Гүлмира жарықты сөндіріңізші. Ол мені іздеп қалып, жанып тұрған жарықты көріп, тауып алса өлтіреді, – деді бойын қорқыныш билеген әйел.

Жарықты сөндіріп, инспектор бастан аяқ болған жағдайды сұрады. Анар бірнеше сағат өткеннен кейін ғана, өзінен қателік кеткенін, кінә тек жолдасынан ғана емес екенін мойындап, сабырға келді. Аға инспектордың жолдасыңызбен сөйлесіп, сабырға шақырып көрейін немесе сенім телефонына хабарласайық деген сөздеріне:

– Жооқ! Жо-жооқ! Ешкім білмесін! Көршілер көрсе ұят болады. Туған-туысқа не айтамын?! Қанша жыл бірге отауласқан жолдасым ғой. Мүмкін осыдан кейін арамыз жақсы болып кетер. Балаларға не деп айтамын?, – деп есеңгіреген келіншек түн ішінде үйіне қайтып кетті...

Міне, елімізде осыған ұқсас қаншама оқиғалар орын алады. Бірі қорлыққа шыдай алмай арызданатын болса, екіншілері отбасын сақтап қалу үшін өмір бойы зорлыққа көндігеді.

nasilie_v_semie.jpg

Инспектордың сөзінше, көбінесе осындай жағдайларды аяқсыз қалдырмау керек. Арты үлкен дау-дамайға, тіпті қылмысқа әкеліп соғуы мүмкін. Ақылмен, сабырға келген кезде ғана нақты шешім қабылдаған жөн деп санайды.

– Ешқашан бір жақты кінәләуға болмайды. Екі жақтан қателік кеткен болуы мүмкін. Отбасы болғаннан кейін көп нәрсеге кешіріммен, сүйіспеншілікпен қарау керек. Махаббат, сыйластық, түсіністік болған жерде, отбасының алмайтын қамалы, бағындырмайтын асуы жоқ. Егер әрбір отбасы мүшесі осы кеңестерге құлақ асатын болса, бәрі жақсы болып, елімізде бақытты отбасылар көп болар еді. Менің ойымша, бақытты отбасы деген бақытты мемлекет деген сөз, – деп кеңесін берді аға инспектор Гүлмира Тілеуғалиқызы.

   Шаңырақ шайқалмас үшін...

Қоғамда күйеуінен қорлық көрген, әлімжеттік құрбаны болған әйелдер көп. Осы орайда елімізде 2009 жылдың 10 желтоқсанында «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы» туралы заң қабылданған болатын. Аталған заңды басшылыққа алып, бүгінде құқық бұзушымен алдын-алу жұмыстары жүргізіліп келеді. Онда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың төрт түрі көрсетілген. Олар: психологиялық, физикалық, экономикалық және жыныстық зорлық-зомбылық. Олардың ара-жігін бөліп, көпке түсінікті болатындай етіп, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Гүлмира Шрахметова айтып берді.

,,.jpg

(Суретте: Әлеуметтік қызметкерлер зорлық-зомбылық көрген әйелдермен жұмыс жасауда)

– Психологиялық зорлық-зомбылыққа әйел адамға қатысты кемсіту, ар намысы мен қадір қасиетіне, адамгершілігіне нұқсан келтіру жатады. Физикалыққа әйел адамға қатысты қол жұмсау, қол көтеру ұрып-соғуға әкеліп соқтыратын жағдайлар кіреді. Кез келген әйел адамы сұлулық пен әдемілікті жақсы көреді. Әрине, оның барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Сондай жағдайда ақша жұмсауға рұқсат бермеу немесе оқып жүрсе оқуын, істеп жүрген жұмысын жалғастыруға қарсы болу экономикалық зорлық-зомбылыққа жатады. Ал жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты көбіне қоғамда теріс ой бар. Ол әйел арыздана алмайды, әйел бәріне көнуі керек деген пікір. Осыған қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 120 бабында нақты жазылып көрсетілген.

Бүгінде еліміздің барлық аймақтарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау топтары қызмет етеді.

e9ca1d89-3197-495f-adcd-1d6dad8d0fcf.jpg

Бірнеше жылдан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдермен жұмыс жасап келе жатқан полиция майоры Гүлмира Шрахметова әйелдерге кеңес айтып, отбасын сақтап, қолдау көрсеткен сәттерін өз тәжірибесіндегі оқиғаларымен бөлісті.

– Біздің топтың инспекторларының ең негізгі қызметі тұрмыстық жағдайда әйелдерге зорлық-зомбылық жасаудың алдын алу, оларды болдырмау, болған жағдайда сол құқық бұзушылықтың анық-қанығына жетіп, тиісті шараларды қолдану.

Жалпы қазіргі кезде белең алып, кеңінен етек жайып жатқан құқық-бұзушылықтардың ішінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық тобына жататын құқық-бұзушылықтарды атап өтсек болады. Мысалы, үй жағдайында әйел адамға қатысты психологиялық, экономикалық болсын, жыныстық зорлық-зомбылықтың қай түріне болмасын біздің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторларының қызметіне кіреді, – деді Г.Шрахметова.

   Дағдарыс орталығының жұмысы

Нұр-Сұлтан қаласында бірнеше үкіметтік емес және мемлекеттік дағдарыс орталықтары, жеке қоғамдық қорлар жұмыс істейді. Олар Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты «Үміт» дағдарыс орталығы, Қорғау-Астана жеке қоры және Аналар үйі.

«Үміт» дағдарыс орталығының кеңесші заңгері Зарина Дәулетқызы бізге мекеменің қызметі туралы баяндап берді.

4c437a2b-8dc0-4060-9efe-785022afc3f3.jpg

(Суретте: "Үміт" дағдарыс орталығының кеңесші заңгері Зарина Дәулетқызы)

– «Үміт» дағдарыс орталығы 2013 жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ашылған болатын. Мемлекеттік мекеме елу орынға арналған. Мұнда келген жандар уақытша осы жерде тұрып қана қоймай, төрт мезгіл тамақ беріледі. Сонымен қатар, дағдарыс орталығы ойын-сауыққа арналған бөлмемен, сауықтыру кешені, бассейн, балалар ойынына арналған алаң, кір жуатын бөлме және жаттығатын залмен қамтамасыз етілген. Дағдарыс орталығы зорлық-зомбылық көрген әйелдерге көмек береді. Негізгі міндеті – арнайы әлеуметтік көмек көрсету болып табылады. Бізде әлеуметтік көмектің 8 бағыты бойынша қызмет көрсетіледі. Оның ішінде психологиялық, медициналық, экономикалық және т.с.с Сонымен қатар мекемеде 18 жас пен 58 жас аралығындағы әйелдер көмек ала алады. Және де олардың кәмелеттік жасқа толмаған балалары орналастырылады, – деді.

Заңгер кеңесшінің айтуынша, мекемеде әлеуметтік көмекті алғысы келетін әйелдің өтінішімен бір ай мен алты ай аралығында арнайы комиссияның қарауымен орналасатырылады.

Инспектордың пікірі

– Жалпы бізбен етене тығыз қызмет атқаратын қаламыздағы үш дағдарыс орталығы бар. Ең бірінші «Үміт» дағдарыс орталығына тоқталғым келіп тұр. Себебі, біз бұл орталықпен жиі, кешенді түрде етене жұмыс атқарамыз. Біздің сенім телефонымызға хабарласқан әйел адамдардың басым көпшілігін осы мемлекеттік мекемеге жібереміз, – деді әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспеторы.

904b06fd-aee4-4328-9ccb-93901ad4e332.jpg

(Суретте: Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Гүлмира Тілеуғалиқызы)

Дағдарыс орталығына әйелдер 6 айға дейін орналаса алады. Бұл мерзім әйелдердің моральдық, психологиялық және құқықтық жағынан өзін бір ретке келтіріп, шешілмей жүрген проблемаларын қалыпқа келтіруге арналады. Сонымен қатар құжаты жоқ жандар құжаттарын қалпына келтіріп, орталық мамандарынан жан-жақты көмегіне жүгінеді.

– Дәстүрлі түрде біз жыл сайын 25 қараша мен 4 желтоқсан аралығында «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты республикалық акция өткіземіз. Бұл акцияның мақсаты – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау, оның алдын алу. Қанша жерден құқықты, зайырлы мемлекет болсақ та, қоғамда бұл проблема бар. Сондықтан біз бұл мәселеге көз жұмып қарамауымыз керек. Бәріміз бірігіп, әйелдерге қатысты жасалатын зорлық-зомбылықты болдырмай, қарсы тұруымыз қажет деп ойлаймын. Бұл акция аясында бізде кешенді түрде жоспарланған іс-шаралар өткізіледі. 16 күннің барлығы толығымен қамтылады.

34f08c12-5005-413b-abcd-b42839ba7d94.jpg

Инспектор сенім телефонына келіп түсетін қоңырауларға қатысты:

– Біздің сенім телефонына күніне орта есеппен 2 әйел хабарласады. Егер телефон арқылы шешілмейтін жағдайлар болатын болса, онда жеке қабылдауға шақырамыз Кейде орташа есеппен бір күнде 6-7 қоңырау қабылдайтын кездеріміз болады. Кей күнде бір ғана қоңырау болса, кейде қоңырау болмайды. Негізінде "102" арнасы арқылы орташа есеппен әйелдерге қатысты жасалатын зорлық-зомбылықтар Нұр-Сұлтан қаласы бойынша күніне 20-30 қоңырау түседі. Сенбі, жексенбі күндері 30-40 қоңырау болса, мереке күндері 40-50-ге дейін жететін жағдайлар кезігеді. Бірақ олардың барлығын жасалынып жатқан қылмыс деп есептемеу керек. Әйелі мен күйеуі екеуі ұрсысып қалып, отбасында жанжал болатын болса, кейбір әйел азаматтары ренішпен қоңырау шалып, жолдасының балағаттағанын айтып хабарласады.

   Психологиялық көмек

Жалпы психологиялық қызмет адамдарға мамандандырылған деңгейде көрсетілетін арнайы қызмет жүйесі. Бұл қызмет зорлық пен зомбылық құрбаны болған әйелдерге міндетті түрде қажет. Психологтарда басқа мамандар секілді әйелдердің болашақта өз отбасыларына қайта оралып, оларды басынан өткен қиындықты жеңіп, психологиялық тұрғыда қалыпқа келуіне көмектеседі. Осы орайда «Үміт» дағдарыс орталығының психологы Жазира Құрбаналиқызымен де әңгімелескен едік.

– Нұр-Сұлтан қаласы «Үміт» дағдарыс орталығында психолог болып жұмыс істеп жүргеніме үш жылдан астам уақыт болды. Біздің орталыққа тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген қыз келіншектер, сонымен қатар олардың кәмелет жасына толмаған балалары келіп түседі. Олар 8-58 жас аралығындағы қиын жағдайдағы әлеуметтік көмекті қажет ететін жандар. Ол кісілерге біз тек психологиялық ғана емес, әлеуметтік, медициналық және заң жүзінде көмек бере аламыз.

4c17add3-f6a9-402c-abfd-bf87bb896e2d.jpg

(Суретте: "Үміт" дағдарыс орталығының психологы Жазира Құрбаналиқызы психологиялық кеңес беруде)

Сонымен қатар психолог арнайы жоспарлар құрылатынын айтты. Яғни, ол әйелдер мен жасөспірімдер орталыққа келіп түскен күннен бастап, олардың қоғаммен қарым-қатынасын, орталыққа бейімделуін, өзін-өзі бағалау деңгейін дамытуға арналған бірнеше күрделі процестерден өтетіндігі.

– Олардың қоғаммен қарым-қатынасына қайта келуіне бағыт бере аламыз. Біздің мекемеге қызмет алушылардың жұмыс барысы бойынша статистикалық мәліметтеріне жүгінер болсақ, қазіргі қыз –келіншектердің басым көпшілігі өз құқықтарын білмейді. Оған себеп, жоғары білімінің жоқтығы, мектепті аяқтап, орта білімімен шектеліп қалуы. Және де материалдық жағдайының төмендігі, күйеуімен арасындағы заңды некенің болмауы мен отбасы мүшелерінің сол отбасының өміріне араласуы да себеп болып жатады. Осы мәселелер туындап, біздің орталыққа жиі келетін қыз-келіншектер басым. Кейбір әйелдер тіпті осы орталықтың бар екенін біле бермейді. Отбасындағы кикілжіңнің болуы тек қана әйел адамға ғана емес, ер адамға байланысты. Сондықтан отбасының ажырауына, ер адамның жұмыссыздық мәселесі, алкогольдік ішімдік, нашақорлық және де интернет ойындарына тәуелділігі кіреді.

7827f90d-69e7-47bb-9031-62864b7bd99b.jpg

Сөз соңында айтарымыз, бұл мәселеде бұрын да болған, қазіргі кезде де бар. Бірақ, шешім жоқ емес. Қандай жағдай болмасын, ұрыс-керіс, түсініспеушілік екі жанның бір-біріне деген сенімімен шешіледі. Ал жұптасқан жандардың құпиясын сақтау, әрбір отбасы мүшесімен жұмыс жүргізу тиісті мемлекеттік және үкіметтік емес органдағы зорлық-зомбылықтың алдын алумен айналысатын қызметкерлердің жұмысы. Ол адамдар да қиындық туындаған отбасының бақытты өмір сүргенін қалайды. Қорыта айтқанда, ынтымағы ұйыған отбасында ешқашан жанжал болмайды. Әр отбасының бақыты – әркімнің өз қолында.


(Cуреттер Дағдарыс орталығының жеке мұрағатынан және pixabay.com сайтынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға