«Ыдыс жумаймын, орамал тақпаймын»: шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қазақ қыздарының жаңа өмірі
Қазіргі жаһандану дәуірінде мәдениеттер мен ұлттар арасындағы шекаралар барған сайын жойылып келеді. Бұл үрдіс әлеуметтік өмірдің түрлі саласына, соның ішінде отбасын құру мәселесіне де тікелей әсер етуде.
Соның бір көрінісі – қазақ қыздарының шетелдіктерге тұрмысқа шығуы. Бұл тақырып қазақ қоғамында үлкен резонанс тудырып, екіұдай пікір қалыптастырып отыр: біреулер мұны махаббат еркіндігі деп бағаласа, екінші тарап ұлттық болмыс пен салт-дәстүрге төнген қауіп деп қабылдайды. El.kz әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен жұптарға шолу жасап көрді.
Махаббат – шекара танымайтын құндылық
Бүгінгі күні қазақ қыздарының өзге ұлт азаматтарына тұрмысқа шығуы сирек жағдай емес. Мәселен, жуырда әлеуметтік желілерде Шахризада есімді бойжеткеннің мысырлық азаматқа ұзатылып жатқан сәтінен видео кең тарады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Оның күйеу жігіті – Халед есімді араб ұлтты азамат. Олар Дубайда танысып, араларындағы сезім үлкен махаббатқа ұласқан. Ұзату тойы қазақы дәстүрмен өткенімен, Шахризаданың әлеуметтік желідегі кейбір мәлімдемелері қызу талқылауға түсті. Ол:
Орамал тақпаймын, ыдыс жумаймын, үй тірлігін істемеймін. Мен қазақы таптаурындардан азатпын,- деп жазған.
Бұл сөздер халықтың қызу сынына ұшырады. Желі қолданушыларының кейбірі оны “қазақты қорлады”, “қан тазалығын бұзды” деп айыптаса, енді бірі махаббатқа шек қоймау керектігін айтты.
Тағы бір мысал – Айгерім есімді қазақ қызының үндістандық жігітпен отбасын құруы.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айгерім Теміртауда дүниеге келіп, Қарағандыда өскен. Ол Маюр есімді үндістандық азаматпен Польшада танысып, екі жарым жыл кездесіп, отбасын құрған. Ұзатуы да, үлкен тойы да қазақтың салтымен өткізілген. Айгерім хейтерлеріне:
Күйеуім мені қазақ дәстүрімен алды. Тіпті некемізді Қазақстанда тіркедік. Оның ата-анасы да барлығын дұрыс қабылдады, – деп жауап берді.
Тағы бір назар аударарлық оқиға – қазақстандық блогер әрі маркетолог Айнұр Рахметованың пәкістандық азаматқа тұрмысқа шығуы. Америкада оқып жүрген кезінде болашақ жары Адылмен танысқан Айнұр отбасылық өмірі туралы ашық айтып келеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Оны жиі “ұлтты қорладың”, “неге қазақ жігітке шықпадың?” деп кінәлайтындар бар. Айнұр олардың сөзіне былай деп жауап берген:
Мен қазақ емес жігітті іріктеп алған жоқпын. Таңдау – жүректен. Ол – маған 100% сенетін, менің арман-мақсаттарымды қолдайтын адам. Құл емеспін – таңнан кешке дейін ас үйде тұрмаймын. Күйеуімнің отбасы мені сыйлайды. Мен үй қызметшісі емеспін, отбасының толыққанды мүшесімін, - дейді ол.
Бір қызығы Айнұрдың енесі де қазақ қызы болып шықты.
Шетелден қыз алған қазақ жігіттер де бар
Тек қазақ қыздары ғана емес, қазақ жігіттері де өзге ұлт қыздарын жар етіп жүр. Жақында филиппиндік бойжеткеннің қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, Алматыға келін болып түскені туралы оқиға кең тарады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жас жұбайлар алғаш рет Мальдив аралдарында танысқан. Қазақ жігіті Нұрдәулет сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасап, ата-анасының батасын алып, сүйіктісін қазақи дәстүрмен алған. Беті ашылып, некесі қиылған филиппин қызы бүгінде бауырсақ пісіріп, ет асуды үйреніп алған. Оның айтуынша, өзге мәдениетке келін болып түскенімен, қазақы ортаға бейімделу қиын болмаған.
Ата-анамды Мальдивке қыдыртқанда, жұбайымды алғаш көріп қалдым. Қалжыңдап, “осы қызды келін етіп әкелсем, не істейсіздер?” деген едім. Қазір сол қыз – менің әйелім. Бұл – тағдырдың сыйы, – дейді Нұрдәулет.
Қоғамдық пікір мен жеке өмір: тепе-теңдік қайда?
Бұл мысалдар қазақ қоғамында өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шыққан немесе шетелдік қызға үйленгендердің көбейіп келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен қоғамда бұған деген көзқарас әлі де екіұдай. Ұлт пен дәстүрдің сақталуын маңызды санайтындар мұндай некелерден қауіптенеді. Ал жеке таңдау еркіндігін алға тартатындар кез келген адамның махаббат пен бақытқа құқығы бар екенін айтады.
Көп жағдайда мәселе – өзге ұлтқа тұрмысқа шығу емес, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды сақтай білу, тұлғалық еркіндік пен өзара сыйластықты қатар алып жүруде. Тек этностық ұқсастық емес, рухани үйлесім мен адамдық қасиеттер маңыздырақ бола бастаған қоғамда әр адамның таңдауы – оның жеке құқығы екені ескерілуі тиіс.
Қорытынды
Қазақ қыздарының өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығуы – күрделі әрі көпқырлы тақырып. Бұл мәселеде бастысы – жеке бақытқа деген ұмтылысты да, ұлт болашағына деген алаңдаушылықты да ескерген жөн. Қоғам ретінде бізге өзгелердің таңдауы мен өмір сүру салтына құрметпен қарауды, сонымен қатар өз салт-дәстүрімізді ұрпаққа жеткізудің жаңа жолдарын іздеуді үйренетін кез келді.

