Жаңалықтар

Үйден шықпа, өзіңді де, өзгені де сақта!

Елді бірігуге шақырған челлендждер
Үйден шықпа, өзіңді де, өзгені де сақта!
13.04.2020 12:27 4971

Коронавирус пандемиясының келуіне байланысты елімізде 15 сәуірге дейін Төтенше жағдай жарияланған болатын. Ал 10 сәуірде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл режимді айдың соңына дейін ұзарту туралы мәлімдеме жасады. Қазіргі таңда көп мекемелер қашықтан жұмыс істеуге немесе уақытша жабылуға мәжбүр болса, адамдар карантин ережесіне сай мейлінше үйде отыруы керек. Дүниежүзі қауіпті вируспен қалай күресіп жатса, біздің мемлекетіміз де халықтың амандығы үшін барынша тиімді шараларды іске асыруда. Осы орайда еліміздің бірлігін арттырып, бүгінгі сынақ кезеңінде бірігіп күресуге, сабырлы болуға шақыратын челленджер бастау алды.

Біз біргеміз!

Биыл елімізде «еріктілер жылы» жариялануына орай, қаңтар айында елордалық белсенділер «Біз біргеміз» акциясын ұйымдастырған еді. Басты мақсат – қардың қалың жауғаны себепті коммуналдық қызметкерлерге қолдау көрсету. Еріктілер әр азаматты өз ауласындағы қарды тазалап, әлеуметтік желіге #Бізбіргеміз хештегімен салуға шақырды. Аталған бастама тез арада 50 мыңнан астам адамнан қолдау тауып, оған өнер қайраткерлері, спорт шеберлері, жастар ұйымдары, әскери-патриоттық орталықтар атсалысты.

Дәл қазіргі күнде бұл челлендж өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Керісінше, «біз біргеміз» деу арқылы, осындай қиын сәтте де, бірлігімізді нығайтуға, бір-бірімізге көмек қолын созуға үндеп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та біз біргеміз дей келе, елімізді сабырға шақырып, мықты денсаулық тіледі. Ал 28 наурыз күні танымал актер Джеки Чан Қазақстан халқына бейнеүндеуін жолдап, «Апаттар мен зілзалалар аяусыз болғанымен, адамның жүрегіндегі шынайы махаббат алдында дәрменсіз болып қалады. Біз әлбетте бір-бірімізге қол ұшын беріп, жәрдемдесуіміз керек. Сонда ғана осы жаңа вирусқа қарсы «соғыста» жеңіске жете аламыз. Біз біргеміз! Берік болыңыздар!», – деді.

Бұдан бөлек қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік жеткізіп, медициналық заттармен қамтамасыз етсе, танымал өнер иелері үйде отырып ән салып, әріптестеріне жолдауда. Өз кезегінде қарапайым тұрғындар да қалыс қалмай, елдің еңсесін көтеріп, терезеден бірге Әнұран шырқады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Елорда мен еліміздің басқа қалалары тұрғындарының Әнұранымызды бірге орындауы – Отанға деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Халқымыздың бұл әрекеті зор құрметке лайық», – деп баға берді.

1e779a2d-e3a6-49e3-ab7a-d3c0eb1da32b.jpg

(Сурет inform.kz сайтынан алынды)

Мен сіз үшін жұмыста қалдым, сіз мен үшін үйде болыңыз!

Аталған челленджді ең алғаш ақпан айында малайзиялық дәрігер Джи Тик Шең бастады. Кейін медицина қызметкерлері арасында үлкен қолдауға ие болып, әлеуметтік желілер бір сәтте «Біз сіз үшін жұмыста қалдық, сіз біз үшін үйде болыңыз» деген үндеуге толды. Дүниежүзіне тараған игі бастама елімізде де елеусіз қалмады. Отандық дәрігерлер коронавирустің қаупіне байланысты, тұрғындардан үйде отыруларын сұрап, бір парақ қағазға үндеу сөзін жазып, суреттерін жариялады. Ары қарай әскерилер, еріктілер, полиция, өрт сөндіру, халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлері, ірі кәсіпорын жұмыскерлері арасында жалғасын тапты.

Қамқорлығың үшін рақмет!

Еріктілер медицина қызметкерлеріне гүл сыйлап алғыс білдірді. «Қамқорлығың үшін рақмет» деп аталатын челлендж Алматы қаласында гүл дүкендерінің үйымдастырумен басталып, өзге қалаларда жалғасын тауып жатыр. Алғашқы күннің өзінде ақ халатты абзал жандарға 10 мыңнан астам раушан гүлі таратылған.

0c3bd2e2-eb0c-4eda-8044-f2076a478c7c.jpg

Үйде бірге дайындайық!

Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері де «Біз біргеміз» жобасына өз үлестерін қосуда. Осы уақытқа дейін әр өңірдің ҚХА-ға қарасты бірлестіктері мен еріктілері тұрғындарға 100 мыңнан астам медициналық бетперде таратып, дәрі-дәрмектерді тегін жеткізіп берді. Бұдан бөлек, меценаттар акция аясында 500-ден астам отбасыға қаржылай көмегін де көрсетті. Сонымен қатар, наурыздың соңында ел халқымен бірге екенін таныту мақсатымен түрлі этномәдени орталықтың өкілдері «үйде бірге дайындайық» отбасылық челленджін бастады. Мұнда молшылық әр жанұядан кетпесін деген ниетпен ұлттық тағам әзірлеп, ерекше әдістерімен бөлісіп, ақжарма тілектерін жолдауда.

Үйден шықпа, елді сақта!

Сөз еткен жолдаманың басталуына танымал ақын Асқар Дүйсенбінің осы аттас өлеңі әсер еткен. 29 наурызда ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов әлеуметтік желідегі парақшаларында, атап айтқанда Instagram мен Facebook желілерінде ақынға алғыс білдіріп, өлеңді тың идеяға арқау еткенін жазды. «Үйден шықпа, елді сақта 2+2+2» челленджі бойынша әр азамат екі апта оқшауланып, адамдармен екі метр арақашықтық сақтап жүруі, сыртта екі адамнан артық бас қоспауы керек.

1eb803fc-26b3-485f-9852-dd0a34d0f8d4.jpg

(Суретте А.Дүйсенбі)

Осы орайда жаңа үндеуге себеп болған, автор Асқар Кейкіұлының пікірін өз аузынан білген едік. Ақынның айтуынша, коронавирус індеті елімізге келмей тұрып оның қауіпті екенін түсінген.

– Бұл індет бүкіл дүниеге дүрбелең салған пәлекет. Оған ақылы дұрыс адам абайлап баға бергені жөн. Ел болған соң елу түрлі адам бар ғой. Біреу біліп айтады, біреу күліп айтады. Мен мұның адамзаттық қауіп екенін, сонау желтоқсан айында басталған сәттен, қыс ортасында қарқынды белең алғанда әртүрлі ақпараттарды жіті қадағалай отырып түсіндім. Балаларыма біреумен қол беріп амандасуға тыйым салдым. Қолды қайта-қайта сабындап жууды дағдыға айналдырттым. Оған байланысты өлең де жаздым...

Жыр иесі аталмыш өлеңнің халық арасында кең тарап, жолдамаға себеп болатынын мүлде ойламаған.

– Күнделікті жазу жұмысына отырмас бұрын, 10 минутымды ел ішіндегі, әлемдегі жаңалықтарды шолудан бастаймын. Бұл бұрыннан дағдыма айналған дүние. Наурыз айының ортасынан ауа «бұл індеттен сақтанудың жалғыз жолы – үйде отырыңыз, үйден шықпаңыз» деп мемлекет басшысы, денсаулық саласының мамандары үндеу жариялады. Осы сөзді естіп отырып, санама сап етіп, өзінен-өзі өлең жолдары орала кетті. Барлық шаруамды жиыстыра қойып, қағағазға түсірдім. Өлең түсінеді-ау деген достарыма жібердім. Бәрінен жылы пікір естідім. Солар арқылы әлеуметтік желіге тұтастай тарап кетті. Қандай жан болсын өзінің жазған шығармасының ертеңгі тағдырын болжай алмайды. Мен өлеңімді жазғанда осылай ел арасына тарап үрдіс алады деп ойлаған да емеспін. Бірақ, туған сәтте өз көңілімнен шықты. Кәдімгідей қуандым...

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мырзаның менің атыма жазған риясыз көңілін, ақжарма тілегін оқығанда «менің жазған екіауыз өлеңім шынымен де ел жүрегіне жеткен екен ғой» деп, қуанып қалдым. Ол кісінің елеп, атымды айтып, астын сызып тұрып айтқан алғысына мың да бір рақмет. Не істесең де біреуден мақтау естуді мақсат етпейсің ғой. Алайда қоғам арасында қозғаушы күшке, пайдалы іске жарап жатқанын көріп өзіңнің ел алдындағы бір азаматтық борышыңды адал өтеп жатқаныңды сезіну де қаламгерді шабыттандырады. Қаншама оқырмандар, тіпті өздеріңіз секілді қалам ұстаған қауым өкілдері алғыстарын айтып, елге таратсақ, челлендж түсірсек деп рұқсат сұрады. Осының әсерімен талай өлең-жырларым туды. Бейбіт заманның батырлары дәрігерлер мен мұғалімдерге арнап жазған өлеңдерім де ел ішінде қолдауға ие болды.

   «Ат басына күн туса – ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса – етігімен су кешер», - дегендей, бұл жағдай ешкімге де оңай тимеді. «Дос егіз болғанмен, дұшпан – сегіз» дейтіндей заман туды. Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартты. Жығылған үстіне жұдырық болды. Амал қанша?! Төзіммен күресіп, сабырмен сақтанудан басқа жол жоқ. Жайшылықта мән бере бермейтін кез келген нәрсеге байыппен қарай бастадық. Денсаулықтың үлкен байлық екенін, ол болмаса мына тіршіліктің жалған екенін бір сәт есімізге түсірдік. Бір-бірімізге көбірек көңіл бөлу керегін сезіндік. 

Жазатайым жығылғысы келер дейсің орға кім?

Сезінбесең секем алмай сыртқы жауды, сорладың.

Қабырғаң дүр болғанымен, қоғамың бір – бауырым,

Үйден шықпа, елді сақта!

Үй қазіргі – ҚОРҒАНЫҢ!

Кембағал да кешіп жатыр, байбалам сап бай да мұң,

Еуропа, Азия да таппай бірін айланың.

Өзіңе де, өзгеге де көмегің сол – бауырым,
  
Үйден шықпа, елді сақта!

Үй қазіргі – ЖАЙЛАУЫҢ!

Қабыл ал да риза бол, Жаратқанның сынағын,

Елге түскен өтер бастан сәл шыдасаң, мына күн!
  
Ошақ бөлек болғанымен, Отан ортақ – бауырлар,
  
Үйден шықпа, елді сақта!

Үй қазіргі – ЖҰМАҒЫҢ!

Қалың оқырманға алдымен осы челленджге себеп болған "Үйде бол" атты өлеңімді жолдай келе,

Досым деп айтам, қызым деп айтам, ұлым деп,

Тұратын маған күн сайын жайнап, күлімдеп.

Коронавирус – деген бір пәле әлемді,

Аралап кезіп шошытып жатыр бұл індет.

Дақпырты жайсыз жарықтан жылдам заман бұл,

Қытымыр кезең көрсетпесінші саған қыр.

Әр қандас бауыр жақыным менің, жалғызым!
  
Бәріңе саулық тілеймін – сақ бол, аман жүр!!!  – деп, тілек білдіремін. Салқынқандылық танытып, сабырлы болайық. Аталарымыз: «аурудың жаманы тұмау болсын, күннің жаманы тұман болсын», - дейді екен. Тұмау кетіп, тұман ашылсын. Күмән кетіп, көңіліміз тасынсын. Сол күнге аман-есен жетейік!

Иә, ақын айтқан бұл тілек бүгінде бар адамның жүрегі қалаған, тілінде қайталана беретін тілек. Соңғы деректерге сүйенсек, дүниежүзі бойынша вирусты жұқтырғандар саны 1 миллион 800 мыңнан асса, елімізде мыңға жуықтаған. Ақ халатты абзал жандардың арқасында аурудан айығып келе жатқандар да күннен-күнге көбеюде. Біздің мемлекет алдындағы бар жауапкершілігіміз – ел басшыларының, құзырлы органдардың, денсаулық сақтау саласы өкілдерінің нұсқаулықтарын орындап, тәртіпке бағыну. Асқар Дүйсенбінің қаламынан төгілген сөзбен айтар болсақ, «үйден шықпайық, елді сақтайық»!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға