Жаңалықтар

Ядролық апатқа төтеп беретін тіршілік иелері

Жер бетіне атом бомбасы тасталған жағдайда кімдер аман қалады?
15.02.2016 05:24 6903

Тарақан

Ядролық апатқа төтеп беретін тіршілік иелері

Сенесіз бе, тарақандар ең күшті деген радиацияға төтеп бере алатындықтан, ядролық соғыс жағдайында тірі қалады. Ғалымдар 1945 жылы Хиросима қаласына бомба тасталған кезде сілкінген жерден 300 метр қашықтықта жүрген тарақандардың өлмей қалғанын анықтаған. Қазіргі ядролық қарулар Хиросимаға тасталған «Малыштан» бірнеше есе қуатты болса да, тарақандардың жер бетінен жойылып кетуі екіталай.

   Амёба

Ядролық апатқа төтеп беретін тіршілік иелері

Амебалар кез келген ғаламдық проблемаларға қарсы тұра алады. Әлемнің түкпір-түкпірінде кең таралғандықтан, оларды оңайлықпен жою мүмкін емес. Амебалар радиацияға төзімді, оларда генетикалық мутация болмайды. Бұл ағза түрі өте тез көбейеді. Сондықтан, бір сәтте 99 пайызын жойып жібергеннің өзінде қалған амебалар аз уақытта қайтадан көбейіп алады.

Сарышаян

Ядролық апатқа төтеп беретін тіршілік иелері

Сарышаяндар ультракүлгін сәулелерді де, ядролық сәулелерді де көтере алады. Олар өмірдің кез келген жағдайына оңай бейімделеді. Қазіргі уақытта сарышаяндар Антарктидадан басқа құрлықтардың бәрінде кездеседі. Сондай-ақ, олар Жер бетін мұз басқан жағдайда анабиоз күйіне еніп, қатып қалады. Сосын ауа райы жылығанда тіршіліктерін қайта бастайды.

Deinococcus Radioduran бактериясы

Ядролық апатқа төтеп беретін тіршілік иелері

Бұл бактерия радиацияға ең төзімді бактерия болып саналады. Ол дезоксирибонуклеин қышқылын (ДНҚ) қайта қалпына келтіруге қабілетті. Бүгінде ғалымдар бактерияның осы тәсілін адамдарға да қолдануға болатын-болмайтындығын білу мақсатында зерттеу жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, ол «уақыт капсуласы» да бола алады. Мысалы, әлемде ядролық соғыс бола қалған жағдайда ғалымдар Deinococcus Radioduran бактериясының дезоксирибонуклеин қышқылына «хат» қалдыра алады. Арада сан ғасыр өтсе де ол «жазу» өзгеріссіз сақталады.

Фундулюс

Ядролық апатқа төтеп беретін тіршілік иелері

Фундулюс – атауы өзгеше естілгенімен, қарапайым балық. Олар өте кірпияз. Сондықтан, судың температурасы, тұздылығы мен химиялық құрамы сәл өзгерсе, барлығы бірдей қырылып қалуы мүмкін. Бірақ, соған қарамастан фундулюстер теңіздің мұнай шығатын ең лас жерлерінде де өмір сүреді. Оны былай қойғанда, бұл балықтар ғарышқа да «ұшып көрді». 1973 жылы Скайлэб ғарыш стансасына бірнеше фундулюс жеткізілген. Сонда ғалымдар балықтар үшін салмақсыздық онша қолайсыздық тудырмайтынын анықтапты. Ең қызығы, фундулюстер ғарышта өмір сүріп қана қоймай, санын көбейткен екен. Олардың ең басты ерекшелігі – өмірдің кез келген жағдайына оңай бейімделетіндігі.

Адам

Ядролық апатқа төтеп беретін тіршілік иелері

Бұл тізімде адамның тұрғанына таңырқап тұрсыз ба? Иә, иә, адамзаттың радиацияға төтеп берер төзімділігі болмаса да, ядролық апаттан аман шығу мүмкіндігі жоғары. Біріншіден, қазір әлемдегі ядролық қару саны азайып келеді. Екіншіден, жер бетінде адам саны өте көп болғандықтан, олардың бір-ақ мезетте қырылып қалуы екіталай. Бүгінгі бомбалар Хиросима қаласына тасталған бомбадан мың есе қуатты дегеніміз ­– мың есе көп адам қаза табады деген сөз емес. Адамдар ғаламшарымыздың барлық дерлік нүктесінде тұратындығын және қазір атом бомбасы тасталған жағдайда бас сауғалайтын баспаналардың бар екенін ескерсек, адамзаттың тірі қалу мүмкіндігі зор екені байқалады.


Аударған Жансая Төлеген

Деректер publy.ru сайтынан алынды 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға