Жаңалықтар

XVII ғасырдағы Қазақ хандығы

XVII ғасырдың басында қазақ билеушілері мен Аштарханилер арасындағы өзара қатынастар тұрақсыз болды, олардың арасындағы қақтығыстар уақытша одақпен алмасып отырды.
09.02.2015 03:50 27474

XVII ғасырдың басында қазақ билеушілері мен Аштарханилер  арасындағы өзара қатынастар тұрақсыз болды, олардың арасындағы қақтығыстар уақытша одақпен алмасып отырды. Мысалы, Аштарханилер әулетінің өкілі, Бұхар ханы Иманқұл Ташкентті тартып алуға тырысты, сол мақсатпен 1611 және 1613 жылдардың басында  жорық жасады. Алғашқы жорығында Иманқұл хан Самарқандқа дейін жетіп, Ташкент пен оның аймағына өзінің құқығын мойындатты. Екінші жорығы да Ташкентке бағытталып, қазақтарды ойсырата жеңіп шығады. Осы жеңістен кейін ол өзінің ұлы Ескендір сұлтанды Ташкенттің билеушісі етіп тағайындайды. Ескендір сұлтанды ташкенттіктер өлтіргеннен кейінгі Иманқұл ханның кек алу жорығы қазақтар үшін ауыр болды. Өзінің Ташкентті алуға ұмтылуында ол қазақтың екі ханының өзара жауластығын пайдаланды. Сөйтсе де кейінгі жылдары қазақтардан жеңіліп, Иманқұл қазақ хандығымен бейбіт келісім жасады.

Суретте "Орбұлақ шайқасы" бейнеленген

Есім хан 1628 жылы қайтыс болып, Түркістан қаласындағы Ахмед Иассауи кесенесінде жерленген. Есім ханның мұрагері Жәңгірдің өмірі ат үстінде Қазақ хандығы жауларымен күресте өтті. Халық оны ел үшін еңіреп туған ерлігіне бола «Салқам Жәңгір» деп атаған. Жәңгір хан (1628-1652 жж.) билік құрған жылдары да Сыр бойындағы қалалар үшін Аштарханидтермен және Жетісудағы жайылымдар үшін  қалмақтармен қақтығыстар тиылмады. 

Қазақ хандығына қалмақтар жақтан төнген қауіп зор болды. «Қалмақ» сөзі батыс монғолдардың түрікше аты. Олар өздерін ойраттар деп атаған. Қалмақтар бұл жылдары шығысында Хангай таулары, батысында Моғолстан, оңтүстігінде Гоби шөлі, солтүстігінде Ертіс пен Енисейдің жоғарғы ағыстары арасында көшіп-қонып жүрді. 1635 жылы бұл территориядағы тайпалардың басын біріктіріп, Батур қонтайшы Жоңғар мемлекетінің негізін қалады. Осыған байланысты жоңғарлар күшейіп, қазақ жерлеріне жиі-жиі шапқыншылықтар жасай бастайды. Жәңгір хан тұсында қазақтар мен жоңғарлар арасында үш ірі шайқас орын алады. Алғашқы 1635 жылғы шайқаста Жәңгір қалмақтарға тұтқынға түсіп қалып, бірақ көп ұзамай қашып шығады. Тұтқыннан босағаннан кейін, Жәңгір хан қалмақтарға қарсы күрес басшылығын өз қолына алады.  1643 жылы жоңғар қонтайшысы Батур қазақ жеріне 50 мың әскермен басып кіреді. 1644 жылы Жоңғарияға барған орыс елшісі Г.Ильин жоңғарлардың 50 мың қолына Жәңгір хан бастаған 600 жауынгердің қарсы тұрғанын айтқан. Мүмкін,  бұл 600 адам ататын қарумен жабдықталған Жәңгір хан әскерінің алдыңғы шебі болуы мүмкін. Жәңгір өз тобының бір бөлегіне жоңғарлар тар асудан асып келгенше екі таудың арасындағы тар жырада ор қазып, бекініс жасауға бұйырады. Ал өзі екінші бөлегімен таудың екінші бетіне жасырынады. Жоңғарлар ор қазып, бекініп жатқан қазақ жасақтарына қарсы шабуыл жасайды. Осы кезде Жәңгір өз тобымен жаудың ту сыртынан лап береді. Қазақтар осы жерде бірінші рет оқ ататын қару пайдаланады. Шайқас барысында Батур қонтайшы 10 мың әскерінен айырылады. Шайқастың шешуші кезеңінде  Жәңгір ханға Самарқан билеушісі Жалаңтөс батыр бастаған 20 мың әскер көмекке келеді.  Батур қонтайшы кейін шегінуге мәжбүр болады. Сөйтіп, 1643 жылы жер жағдайын және соғыс тәсілін шебер пайдаланған Жәңгір хан Самарқан билеушісі Жалаңтөс батырдың әскери көмегі арқасында зор жеңіске жетті. Бұл тарихта Орбұлақ шайқасы деген атпен белгілі. Бұл жеңістің Қазақ хандығы үшін зор маңызы болды. 
Бірақ жоңғар билеушілері қазақ жерлеріне басып кіру үшін жаңа жорықтарға дайындала бастады. Батур қонтайшы бытыраған әскерлерін қайта құрап, Сібірдегі орыс қамалдарынан қару-жарақ сатып алды. Өзіне тәуелді қырғыздардан ат-көлік жинастырды. Осындай әскери дайындықтан кейін Батур қонтайшы 1652 жылы қазақтарға қарсы аттанды. Бұл соғыста қазақ жасақтары жеңілді. Жәңгір хан осы 1652 жылғы шайқаста жоңғарлардың қолынан қаза тапты. Жәңгір  хан да Түркістан қаласындағы Қожа Ахмед Иассауи кесенесінде жерленген.
Жәңгір ханнан кейін Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық және  саяси жағдайы нашарлады. Феодал шонжарлардың арасында алауыздықтар мен бақталастықтар өршіді. Қазақ сұлтандары ұлыстарды жеке-дара билеп, дербестенуге бой ұрды. Қазақ жүздерінің арасындағы байланыс нашарлап, олар бір-бірінен оқшаулана бастады. 
XVI-XVIII ғасырдың басындағы қазақтардың әлеуметтік- экономикалық  жағдайы. Қазақтардың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болды. Мал өнімдері оларды  тамақ, киім-кешек, тұрғын үй материалдары, сонымен бірге көлік қызметімен қамтамасыз етіп отырды. Мал және мал өнімдері көрші халықтармен айырбас жасайтын қаражат көзі де болды. Қазақтардың мал шаруашылығына байланысты Ш.Уалиханов былай дейді: «Дала көшпелісін ішіп-жегізетін де, киіндіретін де мал, ол үшін өз тыныштығынан малының аман болғаны қымбат. Жұртқа мәлім, қырғыздар бір-бірімен амандасқанда:    «Мал-жаның аман ба?» деген сөздермен бастайды. Отбасының мал жайын алдын ала сұрастыруы көшпенділер өмірінде малдың қаншалықты маңызы барын айқын көрсетеді».
Қазақ жерінің табиғи-жағрапиялық ерекшеліктеріне байланысты  қазақтар көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Көшіп-қону бағыттары жыл маусымына байланысты өзгеріп отырды. Маусымдық жайылымдарды (көктеу, жайлау, күздеу, қыстау) алмастырып көшіп-қонып отырудың бұрыннан қалыптасқан жолдары мен жылдық айналымы орнықты. Әрбір ру белгілі бір аймақ шеңберінде көшіп-қону дәстүрін ұстанды. Жайылымдық қоныстардың ара қашықтығы жүздеген шақырымға созылды. Мал шаруашылығы табиғат жағдайларына мейлінше тәуелді болды. Жем-шөп дайындау болмады, қыста мал тебіндеп жайылды. Қыс қатты болған жылдары жұт болып, малдың жаппай қырылуы жиі кездесетін, мұндайда көшпелі малшылар тақырлана кедейленіп, көбі отырықшылыққа ауысатын. Дегенмен мал шаруашылығын жүргізудің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі сақталып, үнемі жетілдірілумен болды.
Қазақтар жылқы, қой, түйе, сиыр өсірген. Соның ішінде жылқыға үлкен  мән берді. Жылқының түр-түрі болған: жүк таситын, салт мінетін және жүйрік-арғымақтар. Көшпелі мал шаруашылығына жылқыны үйірмен бағу тән. Бір үйір 12-15 биеден тұрды. Бірнеше үйір жылқы табынын құрады. Салт мінетін жылқы ат деп аталды. Қазақтардың шаруашылығында қой жетекші орын алды. Қыпшақ даласы  көшпенділерінің басты байлығы қой болған. Қыпшақ қойлары төзімділігімен, етті-сүттілігімен ерекшеленген. Қойдың еті мен сүті тағам болды, терісі мен түбітінен киім-кешек, аяқ-киім, ыдыс-аяқ жасалынды.      Қазақ шаруашылығында түйенің де алатын орны зор болды. Қазақтар  негізінен қос өркешті, жүнді түйе өсірді. Жылқы, қой, түйемен қатар қазақтар сүті мен түбіті үшін ешкі де өсірген.  Бірақ ешкі мен сиыр қазақ шаруашылығында аз болды. Қазақ философиясында ешкі белгісіздікті білдірсе, сиыр жұтпен теңеседі. Сондықтан қазақтар бұл жануарлардың етін тек жұт жылдары ғана жеген.  
Мал жеке адамның және отбасының меншігінде болды. Мал көшпелілер байлығының, олардың тұрмыстық жағдайының басты өлшемі болды. Ал жайылымды қоғам мүшелері  қауымдасып пайдаланған. Әр рудың өзіндік жері болды және бұл жерге меншік ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырды.
Қазақтар егіншілікпен де айналысты. Қазақ хандығының түрлі  аумақтарында егіншіліктің дамуы әркелкі болды. Негізінен отырықшы- егіншілікпен Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан халықтары айналысты. Қазақтар көбіне тары дақылын екті. Сыр бойындағы қалаларда ирригациялық жүйе барынша дамыған. Қалалардың маңында суландыратын арнайы алқаптар болды. Қала маңдарындағы бұндай алқаптарда бау-бақша өнімдері өсірілді.
Қазақтар аң аулаумен де айналысқан. Аң аулаудың бірнеше түрлері болған:  құс салған, тазы ит қосып аулаған т.б. Соның ішінде қыран құстармен аң аулау басым болды. Аң аулау дербес кәсіп болмаған, мал шаруашылығына көмекші кәсіп қана болған.
Қазақтардың шаруашылығында әр түрлі қолөнер мен үй кәсіпшіліктері  елеулі орын алған: тері өңдеген, киіз басқан, құрақ құраған, металдан әр түрлі бұйымдар жасаған.
Қазақтар көшіп-қонуға қолайлы киіз үйлерде өмір сүрді. Көлеміне және  иесінің әлеуметтік жағдайына байланысты киіз үйлердің түрлері көп болды. Күзеу мен қыстауда ағаштан және кірпіштен салған жылы үйлерде тұрды.
XVI ғасырдың соңына қарай Ресей мемлекеті Қазақ хандығы және Орта  Азия мемлекеттерімен сауда байланыстарын жандандырды. Сырдария қалалары арқылы халықаралық сауда және көшпенділермен дәстүрлі сауда дамыды. Түркістан қалалары мен елді мекендері арқылы Индияға, Қытай мен Еуропаға керуен жолдары өтті. ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда бұл қалалар саяси орталықтарға айналып, онда қазақ хандары мен сұлтандары қоныстанды. Көшпенділермен негізінен айырбас сауда  жүргізілді. Сыр бойындағы қалаларда дүкендер, базарлар, ақша сарайлары  жұмыс істеді. Қазақстанның көшпенділері оңтүстіктегі қалалармен сауда-саттық қарым-қатынаста болды. Көшпелілердің астыққа - бидайға, тарыға, арпаға, егіншілік пен бау шаруашылығының басқа өнімдеріне деген және әсіресе, маталарға деген сұранымы барынша тұрақты болды. Далалық аудандар халқының көшпелілік шаруашылығы мен отырықшы-егіншілік аудандары және қала шаруашылығының тұрақты байланысы қазақ қоғамы экономикалық өмірінің ажырамас белгісі болды.   

Қазақ хандығы тұсында қазақ қоғамы негізгі екі әлеуметтік  топтан тұрды: ақсүйек және қарасүйек. Ақсүйектер әлеуметтік тобына Шыңғыс ханның ұрпақтары – сұлтандар, төрелер және Мұхаммед пайғамбардың үрім-бұтақтары – қожалар жатты. Бұл топ үш жүз қазақтарының генеалогиялық құрылымынан бөлек тұрды. Шыңғыс ханның ұрпақтары  туылысымен сұлтан атағын иеленіп, бұл әлеуметтік топқа тиіселі барлық ерекше құқықтармен қамтамасыз етілді. Шыңғыс ханның ұрпақтарының әрқайсы хандық билікке үміткер саналды. Сонымен бірге, бұл әлеуметтік топ руға бөлінбеді. Әрбір сұлтанның өзіндік үлесі болды. Қалған әлеуметтік топтардың бәрі қарасүйектерге жатты. Қарасүйек өз ішінде тайпаға, руға бөлінді.
Қарасүйек әлеуметтік тобынан ерекше құқықтар иеленген  тек билер  болды. Атап айтсақ, ру биінің қолында соттық, әкімшілік  билік шоғырланды. Билер сұлтандармен бірге мемлекеттік мәселелер шешілетін жылдық жиналысқа – құрылтайға қатысты. Небір беделді билер хан жанындағы «билер кеңесінің» құрамында болды. 
Танытқан ерлігі немесе соғыс қимылдарын шебер басқарғаны үшін хан  немесе сұлтандар батыр деген құрметті атаққа ие болған. «Батыр» ердің атағы ғана емес, сонымен бірге кәсіби жауынгерлер. Қарапайым жауынгер батырлық танытқанымен, қолына  Шыңғыс әулетіне тән билік берілмеген. Батырлардың ерліктерін жыршы-ақындар дәріптеп отырған.
Қазақ қоғамындағы  ешқандай құқығы жоқ мүшелері – құлдар  болды. Бұл әлеуметтік топ өкілдерін негізінен соғыс тұтқындары құрады. Олар өз қожайындарына тәуелді болды.
Қоғам  мүшелері  дәулет-мүлкінің мөлшеріне сай «бай» және «кедей» болып бөлінді. Осы кезеңдегі қазақ қоғамы әлеуметтік топтардың иерархиялық  ұйымдасқан құрылымынан тұрды. Бұл әлеуметтік топтар бір-бірімен тығыз байланыста болды. Әр әлеуметтік топтың өзіндік құқықтары болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға